Ауылдық кітапхана оқырмандарының ішінде үй кітапханасын үнемі толықтырып отыратын адамдар аз емес. Олардың ішінде кітапханасын толықтырып қана қоймай, өз білгенін өзгелермен бөлісіп, әсіресе, жастардың ойы жетік, сөзі ұтымды болуын қалап, оған мүмкіндігінше атсалысып отыратын жандар да кездеседі. Кезінде Х.Ерғалиев ауылында тұрған белгілі ұстаз, ауылдық ардагерлер кеңесі төрағасы болған марқұм Сергей Нығметжанов та солардың бірі болатын.
Сергей Нығметжанов (азан шақырып қойған аты Серікқали) 1941 жылы 2 желтоқсанда Новобогат селосында туған. Мектептен соң Новобогаттағы №66 ауыл шаруашылығын механизациялау училищесіндегі қысқа мерзімді курста оқып, 1959 жылы ақпан айында тракторшы-комбайнер мамандығы бойынша «Новобогат» қаракөл қой совхозына жұмысқа орналасады. 1960 жылы Гурьев мемлекеттік педагогикалық институтына филология факультетінің ұлт мектептері үшін орыс тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі мамандығы бойынша оқуға түсіп, 1964 жылы бітіріп шыққан. Жолдамамен Ақтөбе облысының Темір, Ембі аудандарында жұмыс істеп жүрген кезінде Совет армиясы қатарына шақырылған. Кейін армиядан оралған жас ұстаз 1966 жылы қыркүйек айынан бастап Новобогат селосындағы №37 СПТУ-ға мұғалім-тәрбиеші, комсомол ұйымының хатшысы қызметін атқарады. 1969 жылы қыркүйек айынан Амангелді атындағы орта мектепке өз мамандығы бойынша жұмысқа орналасып, өзіне жүктелген қосымша жұмыстарды да жоғары дәрежеде жауапкершілікпен атқарып отырған. Кейін араға жылдар салып, 2002 жылдан 2012 жылдың қыркүйек айына дейін Атырау қаласы №4 кәсіптік мектебінің (қазіргі Атырау көлік және коммуникация колледжі) Аққыстау филиалында меңгеруші, 2013 жылдың шілде айынан өмірінің соңына дейін Қамысқала ауылдық округі ардагерлер кеңесінің төрағасы болды.
Осындай ғибратты ғұмыр кешкен ағаның үй кітапханасындағы өзі оқыған, қызмет бабында пайдаланған кітаптары да ауылдастарға, әсіресе, жастарымызға бағалы рухани азық боларлық дүниелер еді. Осыны ескерген Сергей ағаның келіні Алмагүл Хамидоллақызы сол кітаптардың 44-ін Х. Ерғалиев ауылдық кітапханасына табыстады.
Кітапхана оқырмандарының рухани азығы болар ағадан қалған баға жетпес үлкен сыйды ризашылықпен қабыл алып, жары Равила апамыз бен ұрпақтарына ауылдастар атынан алғысымызды білдірдік.
Айгүл АХАТОВА,
кітапхана меңгерушісі