Жуырда «Нұршуақ» бөбекжай балабақшасының ортаңғы топ тәрбиешілерінің ұйымдастыруымен «Әрбір бала – бір-бір үйдің жұлдызы» атты ата-аналарға арналған жиын өтті.
Балабақша өміріне етене араласып, отбасы мен балабақша ынтымақтастығын бірінші кезекке қойған ата-аналар үшін бұл шара мәндірек болғаны рас. Онда бала жанының бағбандары бала тәрбиесі туралы өз ойларын ортаға салып, ата-аналар үшін қызықты тапсырмалар мен ойындар ұйымдастырса, шараға қатысушы ата-аналар өз отбасыларындағы тәрбие қағидалары туралы ой-пікірлерімен бөлісті. Шара соңында тәрбиеші Қарақат Төлегенқызы «Атасы мен немересі» атты әңгімеден мысал келтіріп, ата-аналар «Сүйіспеншілікке толы жүрек» атты тілек бұрышына ыстық ықыластары мен тілектерін жазып қалдырды.
Лаура НАУАНОВА, Нұргүл ҚАРЖАУОВА,
тәрбиеленушілердің ата-аналары.
Аққыстау ауылы