Коронавирус инфекциясының таралуына тосқауыл болу мақсатында көпшілік орындардың қызметіне шектеулер қойылды.
Соның бірі – мешіттеріміз. Әлбетте, бұның бәрі адам өмірін сақтау жолында жасалған қадамдар. Асыл дінімізде бір адамның өмірін қорғау – бүкіл адамзатты сақтаумен бірдей. Сол себепті де бүкіл жамағат осы сын сәттерде сабыр қылып, қасиетті Рамазан айын, қос бірдей айт мерекесін бекітілген талап пен тәртіпке сай өз үйлерінде өткізді. Күндердің сұлтаны жұма күнгі құлшылықты да үйлерінде жасауда.
Кеше өткен мемлекеттік комиссия отырысында карантин шараларын кезең-кезеңімен алып тастау жоспары қаралғанын білесіздер. Онда еліміздегі санитарлық-эпидемиологиялық жағдайға байланысты шектеу шараларын жеңілдету жөнінде ұсыныстар айтылды. Алайда әлі де тыйым салынған орталықтардың қатарында діни нысандар бар екен. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы осы мәселеге байланысты құзіретті мекемелерге карантин талаптарын сақтай отырып, мешіттерді қайта ашу туралы ұсыныс берді. Өткізілген келіссөздерде ҚМДБ ұсынысы құпталуда. Мешіт толымдылығын 30 пайыздан асырмау, 1 келушіге 4 шаршы метр талабын сақтай отырып, мешіттерді кезең-кезеңімен ашу талқылануда. Алла қаласа, жуырда мешіттеріміз қайта ашылады деген үлкен үміт бар.
Бүгін Мүфтиятымыз мешіттерді қайта ашу мәселесіне байланысты мәлімдеме жасады. «Құлшылық үйлері көп адам шоғырланатын орын болғандықтан, ҚМДБ мешіт қызметіне уақытша шектеу қоюға мәжбүр болды. Бұл біздің елімізде ғана емес, басқа мұсылман мемлекеттерінде де осындай шешім қабылданды. Алла қаласа, бұл да уақытша шектеу. Қазір жағдай тұрақталып келеді. Аз ғана төзімділік танытсақ, жамағатпен намаз оқитын күнге де жетеміз. Бұл сынақтың соңғы нәтижесі – Алланың құзырында. Сондықтан болашақтан күдер үзбей, сабырлы қалпымыздан танбай, дұға етейік» делінген мәлімдемеде.
Алла қаласа, мешіттеріміз ашылатын күн де алыс емес. Ол үшін әркез дұғада болып, тәртіпке бағынғанымыз абзал.
Шалқар ДӘУЛЕТХАНҰЛЫ,
Исатай ауданының бас имамы