«Шүрегейдегі» шаруа қосында

Исатай аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің бас маманы Қадыржан Ермұхановпен бірге Қамысқала ауылдық округінің «Шүрегей» учаскесіндегі шабындықта болдық.

Қожалықтардың өз аумақтарын бөліп-бөліп тастаған қоршауларын жағалай жүріп кірер қақпадан біз де алқапқа ендік, шөп шауып жүрген көк трактор да қос басына ентіге келіп тоқтады. «Іздегенге - сұраған», техника тұтқасындағы азамат «Қалимұханов Ж.» шаруа қожалығының жетекшісі Жұмабай ағамыздың өзі болып шықты. Амандық-саулықтан соң-ақ аңқылдай әңгіме өрбіткен шаруагерден біраз жайтқа қанықтық.

t

- Шабындық 25 гектарды құрайды. Бұрын бітік шығатын шөп биыл сұйықтау. Біз суды алқапқа арнайы насоспен айдап шығарамыз ғой, оған үш күн беріледі. Сол үш күнде мен суымды алып болуым керек. Алайда, кідіріс болмай тұрмайды, жанар-жағармай түгесіліп, техниканың ақауы білініп дегендей, сосын қалқыта суарып үлгере алмай қаламыз. Күн ыссы болғасын айдаған суымыз екі-үш күнде кеуіп кетеді де, шөптің шығымдылығы нашар болады, - дейді Жұмекең.

t

Алайда, барға қанағатшыл ауылдас алғашқылардың бірі болып шабындыққа шалғы салыпты. «Жүз елу, екі жүз орамадай дайындайтын болармыз биыл» деген шаруагер оның жарымын әзірлеп үлгерген сыңайлы. Сондай-ақ, тракторға тіркелген шалғыны салу мүмкін емес жағалаулардан қол орақпен-ақ шаба беретін еңбекқорлығына риза болдық оның. Айтқандай, сол канал жағасының шөбі қалыңырақ көрінді бізге. Шабылған аймақтың бір бөлігіне жаңадан жасақтаған жылқы үйірін жайылысқа кіргізіп қойған қожалық иесі 1996 жылы құрылған шаруашылығында төрт түлікті де ұстайтынын, мал азығымен өзін-өзі қамтып, артылып жатса, саттыққа шығаратынын да айтып қалды. Үш адам еңбек ететін шаруашылықта трактор тұтқасында шабылған шөпті жинаумен айналысып жүрген ұлы Ерболат та шаруагерге сенімді көмекші.

Жоламан ДӘУЛЕТИЯР

Суреттерді түсірген Әбілмажан ШАРАПИДЕНОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT