Үш саланың тұғыры биіктелген күн

Суреттер автордікі

 

Исатай ауданында су, ветеринария және балық шаруашылығы салаларының мамандарына арналған салтанатты қабылдау өтті. Кәсіби мерекелерге орайластырылған бұл шара – ел тіршілігі үшін аса маңызды үш саланың өкілдерін ұлықтаған тағылымды кездесу болды.

9 шілде – Су шаруашылығы қызметкерлері күні, 10 шілде – Ветеринария қызметкерлері күні, ал шілде айының екінші жексенбісі – Балық шаруашылығы мамандарының кәсіби мерекесі. Осы орайда аудан әкімдігінде ұйымдастырылған жиынға осы салаларда тынымсыз еңбек етіп жүрген майталмандар жиналды.

 

 

Салтанатты басқосуды ашқан аудан әкімі Нұрым Мусин мамандарды кәсіби мерекелерімен құттықтап, олардың ел экономикасындағы маңызын атап өтті.

– Құрметті сала қызметкерлері! Сіздердің еңбектеріңіз – көзге көрінбей, елдің тыныс-тіршілігіне тікелей әсер етіп отырған ерекше қызмет. Ветеринария саласы – ауыл шаруашылығының тірегі. Мал саулығы – халықтың азық-түлік қауіпсіздігінің негізі. Су шаруашылығы – стратегиялық сала. Су ресурсын ұтымды пайдалану – ұрпақ алдындағы жауапкершілік. Ал балық шаруашылығы – табиғатты қорғаумен қатар, сапалы өнім өндіретін сала. Ел игілігі үшін сіңіріп жүрген еңбектеріңіз елеусіз қалмайды. Мерекелеріңіз құтты болсын! – деді аудан басшысы.

 

 

Шара барысында сала үздіктері түрлі марапаттарға ие болды. Ветеринария саласына ұзақ жылдар бойы адал қызмет етіп келе жатқан Сағидолла Ерғазиевке «Ветеринарияның құрметті қызметкері» төсбелгісі табысталды.

 

 

Балық шаруашылығын дамытуға қосқан үлесі үшін Болат Асанов Атырау облысы әкімінің Алғыс хатына, Құрмантай Шеруенов облыстық мәслихат төрағасының Алғыс хатына ие болды.

 

 

Сондай-ақ Атырау облысы Ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының Алғыс хатына Зинелғабиден Губашев, Жанар Сапарова, Мөлдір Зулхарнаева лайық деп танылды.

 

 

Аудан әкімінің Алғыс хаты Динара Жұмажанқызы, Нұрболат Тілекқабыл, Шарбану Сағынқызы, Нұржан Сапиұлына табыс етілді.

 

 

Салтанатты қабылдауда аудандық мәслихат төрағасы Аманжол Рахметов те сөз алып, сала мамандарына шынайы ризашылығын білдірді.

– Бұл салалар – бір қарағанда көзге түсе бермейтін, бірақ мемлекеттің тұрақты дамуы үшін аса маңызды. Ел болашағы үшін атқарып отырған еңбектеріңіз – мақтауға да, марапатқа да лайық,-дей келе, мәслихат төрағасы Асылбек Сердекешов, Саябек Хамит, Гүлім Сембаеваны өз Алғыс хатымен марапаттады.

 

 

Іс-шара соңында марапат иелері мен сала өкілдері көрсетілген құрметке ризашылықтарын білдіріп, ел үшін еңбек ету жолындағы ынта-жігерлерінің еселене түсетінін жеткізді.

Бұл қабылдау – құрғақ құттықтаудан гөрі, нақты марапат пен шынайы ризашылыққа толы, елдік мұрат жолында тер төгіп жүрген жандарға деген әділ құрметтің жарқын үлгісі болды.

 

Еркебұлан ЗИНЕДЕНОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT