Ықылым заманнан-ақ қазақ төрт түлігін өргізіп, өнімін қорек етіп, жан баққан халық.Соның ішінде шалғайдағы исатайлық тұрғындардың 60-70 пайызы мал ұстаумен күнелтіп отыр. Сөзімізге дәлел, аудан орталығынан шалғай орналасқан Исатай,Зинеден ауылдарында бүгінгі күні өткір де өзекті тұрған мәселе – мал өткелі. Алайда, біздің ауданға қарасты барлық ауылдық округтер республикалық маңызы бар жол үстінде орын алған. Яғни біздің айтпағымыз, «Атырау-Астрахань» тас жолы бойындағы орналасқан көршілес Исатай мен Зинеден ауылдық округтері тұсында қоршау жұмыстарын жүргізуге қатысты мәселесі болып тұр.
Міне, осы орайда аталған қос ауылда қоғамдастық жиын өтті.Оған Исатай аудан әкімінің орынбасары Нұрберген Утегенов пен «ҚазАвтоЖол» АҚ Атырау облысы бойынша филиалы басшысының орынбасары Азамат Қабдіғалиев және аудандық қоғамдық кеңес төрағасы Ерболат Насимуллин қатысты.
Алдымен, аудан әкімінің орынбасары Нұрберген Утегенов Исатай ауылына табан тіреді. Жиын ауыл әкімі Асылан Ғубаштың төрағалығымен жүргізілді.Күнтәртібіндегі мәселелерге тоқтала өтіп, алдымен жергілікті қоғамдастық төрағасы сайланды. Ал келесі кезекте аудан әкімінің орынбасарына сөз берілді.
- Қоғамдастық жиын барысында атап өткендей, "Атырау-Астрахань" тас жолы бойындағы мал өткелі, жол белгілерін қою, жол жиегіне қоршау тұрғызу деген сияқты мәселелер қаралып отыр.Төрт түлік малдар өріске шыққанда бір бағытымен жүретіні белгілі.Сондықтан, екі ауыл тұрғындары үшін қалай ыңғайлы сол бойынша келісіп, екі жақтың ауыл әкімдері хаттамаға енгізеді.Сол бойынша біздер "ҚазАвтоЖол" облыстық филиалына ұсыныс береміз.Олар да заң тәртібі бойынша зерделеп, бағдарлайды, - деді ол өз сөзінде.
Осылайша, мінберге көтерілген "ҚазАвтожол" облыстық филиалының өкіліне сөз беріліп, тұрғындар жолдаған сауалдарға жауап қатты.
-"ҚазАвтоЖол "АҚ-ның облыстық филиалы бірнеше бағыт бойынша жұмыстанып жатыр. Мәселен, үй жануарларының қатысуымен болатын жол-көлік оқиғаларына жол бермеу үшін мал өткелдерін салу, ал олардың жолға шығып кетуін болдырмау үшін торлы қоршаулар орнату жұмыстары қолға алынды, -деген ол туындаған сұрақтар негізінде заңдылық шеңберінде қарастырып, зерделейміз деп көпшілікті иландырды.
Ауылдастар атынан, Құрманбай Шүренбаев, Ержан Ғайсен,Құрманбек Кенжешов сыңды ауыл ақсақалдары қос ауылдың кіреберіс тұсына бейнебақылау, "Stop" белгісін қою, жылдамдықты төмендету туралы айтса, әрі мал өткелін көбейту деген секілді үндеулерін жеткізе білді.Олардың сөзінше, қазіргі таңда, бұрынғымен салыстырғанда жол бойында малды қағып кету фактісі әлдеқайда көбейген.
Одан бөлек, осы қоғамдастық жиын Зинеден ауылында да жалғасын тауып, тұрғындар өз ұсыныс-пікірлерін айтты.
"Даудың басы- Дайрабайдың көк сиыры" дегендей бұл жерде де әңгіменің арқауы болған - мал өткелі.
Осылайша, олар баяндамашының оң шешім шығарына сенім білдірді.Сондай-ақ, қоғамдық кеңестің төрағасы Ерболат Насимуллин сөз алып, төрт түлік малды қараусыз қалдырмау керектігін, оларға жауапты алдымен иелері екендігін баса назарға ала отырып, жеткізді.
Жиын соңында, ауыл тұрғындары осы мәселенің түйінін тезірек шешіп,жергілікті биліктің бей-жай қарамау керектігін тілге тиек етті.
Сағыныш Сайлаубайқызы