Атырау облысының шалғай ауылдарына цифрлы өркениет ізі жетті. Бүгінде өңірдегі 153 елді мекеннің 146-сы интернет желісіне қосылған. Соның ішінде Амангелді, Ауқайран, Мыңтөбе, Айбас және Жасқайрат ауылдарының тұрғындары да енді сапалы байланыс игілігін көріп отыр.
Бұл – «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы аясында жүзеге асқан ілкімді істің жемісі. Елді мекендерді интернетпен қамту жұмыстары «Jusan Mobile» АҚ-мен бірлесіп, «OneWeb» спутниктік технологиясын пайдалану арқылы жүргізілді. Бұрын байланысқа зәру ауылдар бүгінде ғаламдық желімен еркін жұмыс істей алады.
– Байланыс сапасын арттыру мақсатында биыл 7100 абонентті оптикалық желіге ауыстыру, 31 шақырым талшықты-оптикалық кабель тарту, 156 базалық станцияны жаңғырту және 133 базалық станцияны 5G технологиясымен іске қосу жоспарланып отыр. Сонымен қатар «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасының 2025–2027 жылдарға арналған жос-парына сәйкес облыстың тағы 43 ауылдық елді мекеніне талшықты-оптикалық интернет желісін жеткізу көзделген,-деді облыстық Цифрландыру және архивтер басқармасының басшысы Алмас Көпжанов.
Бұл бастама шалғай ауылдардың әлеуетін арттырып, білім мен бизнесті, медицина мен мемлекеттік қызметтерді қашықтан қолжетімді етуге мүмкіндік бермек. Сонымен қатар республикалық маңызы бар автожолдарды байланыспен қамту мақсатында Атырау облысында бес антенна-діңгек құрылысын салу жоспарланып отыр. Цифрландырудың бұл қадамдары ауыл мен қала арасындағы алшақтықты азайтып, әрбір ауыл тұрғынының ғаламтор әлеміне еркін енуіне жол ашпақ. Өйткені бүгінгі күннің басты ақиқаты — интернеті бар ауылдың ертеңі жарқын.
Жайна ИСЛАТ
 
                                    
             
             
    							    						    												
    						 
    							    						    												
    						 
    							    						    												
    						 
    							    						    												
    						 
    							    						    												
    						 
    							    						    												
    						 
    							    						    												
    						 
    							    						    												
    						 
    							    						    												
    						 
    							    						    												
    						 
    							    						    												
    						 
    							    						    												
    						 
    							    						    												
    						 
    							    						    												
    						 
    							    						    												
    						 
    							    						    												
    						 
    							    						    												
    						 
    							    						    												
    						 
    							    						    												
    						 
    							    						    												
    						

