Шалғайдағы шырайлы мекен

 

Туған жердің тұнықтығын сақтау – ұлт болашағына деген ең үлкен аманаттың бірі. Ел Президентінің бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» тұжырымдамасы – қоршаған ортаны қорғауға, табиғи ресурстарды ұқыпты пайдалануға, экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған жалпыхалықтық қозғалыс. Бұл бастамаға жай ғана тазалық акциясы деп емес, елдің экологиялық санасын жаңғыртуға арналған рухани серпіліс деп қараған жөн. Әр ауыл мен әр қала өз аумағының тазалығын сақтап, көркейтуге үлес қосқанда ғана біз табиғат пен адам арасындағы үйлесімділікті қалпына келтіре аламыз. 

Міне, осындай ізгі істен шет қалмаған өңірлердің бірі – Исатай ауданының батыс бөлігінде, көршілес Құрманғазы ауданымен шектесіп жатқан Исатай ауылы. Бұл ауыл – құмды дала төсінде орналасқан, табиғатымен үндесіп, еңбегімен ел танытқан киелі мекен. Аудан орталығынан 101 шақырым қашықтықта жатқан ауыл арқылы темір жол өтеді. Бұл елді мекеннің өңірмен және өзге аймақтармен байланысын нығайтып отыр. Исатай ауылы – табиғат пен адам еңбегінің жарасым тапқан үлгісі. Ауыл тұрғындарымен бірлескен атқарушы билік өкілдері «Таза Қазақстан» бастамасын үлкен ықыласпен қабылдап, өз ортасын көркейтуге, көше мен аула тазалығын сақтауға, жасыл желек отырғызуға ерекше мән беруде.

Тазалық – мәдениеттің, ал ұқыптылық – ұлттың айнасы екенін ұғынған исатайлықтар туған жердің әр түйір топырағын, әр тамшы суын аялап, келер ұрпаққа таза табиғат қалдыру жолында еңбек етуде. Апта сайын дәстүрлі түрде өткізіліп келе жатқан сенбіліктермен ғана шектелмей, исатайлықтар қоғамға пайдалы ауқымды игі істерге де ерекше мән беріп отыр. Бұл – тек жергілікті деңгейдегі емес, жалпыұлттық санаға оң әсерін тигізетін, көпке үлгі боларлық бастамалар екені сөзсіз.

Биылғы жылдың өзінде Исатай ауылы тұрғындарының ынтымағы мен белсенді азаматтардың қолдауымен бірқатар игі жұмыстар жүзеге асырылды. Соның ішінде ЖК «Мақсотовтың» бастамасымен ауыл аумағына 400 түп жасыл ағаш отырғызылып, табиғатты аялауға бағытталған нақты қадамдар жасалды. Алдағы уақытта тағы да 350 түп тал егу жоспары бар екені – бұл істің бір жолғы емес, жүйелі түрде жалғасын табатынын аңғартады. Батыр баба есімімен аталатын қасиетті өлкенің көркейіп, көгалдануына қосылған елеулі үлес.

«Таза Қазақстан» ұлттық тұжырымдамасы аясында атқарылып жатқан жұмыстар тек қоқыс жинау мен ағаш егу сынды жұмыстармен шектелмейді. Бұл бастаманың мәні – елді мекендердің тазалығы мен көркіне қатысты барлық құрылыс, жөндеу және жаңғырту істерін кешенді түрде жүзеге асыруда жатыр. Осы бағытта да Исатай ауылында ауқымды шаралар қолға алынып, ауылдың әлеуметтік және экологиялық жағдайын жақсартуға бағытталған нақты қадамдар жасалуда.
    

Еркебұлан ЗИНЕДЕНОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Республика күні

AQPARATPRINT