ШАМДАРЫМЫЗ НЕГЕ СЫҒЫРАЯДЫ?

фото: интернеттен

Шынымен де, Жанбайда көше жарығы әлсіз, шамдарымыз сығыраяды да тұрады. Соны көргенде «біздің жарығымыз неге әлсіз, әлде, беріліп тұрған тоқ көзі жеткіліксіз бе?» деген сауалдар еріксіз мазалайды.

Расында да кешкілік бізде көше шамдары сығырайып тұрады, ал аудандағы басқа ауылдардың шамдары қашан көрсең де жарқырап тұрғаны. Мысалы, кештетіп не түнгі уақытта Атыраудан келе жатқаныңда Хамит Ерғалиев ауылының көше шамдары алыстан менмұндалап, жарығы қаланың жарығындай көрініп, самаладай жарқырап көрінеді. Зер сала байқап қараған кісі ауылдағы түп-түзу тартылған әр соқаның басына, былайша айтқанда соқа қалдырмастан, шам қондырылғанын аңдарлық. Сол сияқты Тұщықұдықтың да, Аққыстаудың да көше шамдары жарқырап тұрғанын көреміз. Олар да соқа басы сайын шам қондырып қойған.

Өткенде Исатай ауылы жақтан келе жатсам, тағы солай, «Сазанқұрақ» қалашығы, «13-ші разьезд» шамдары жарқырап тұр, кәдімгідей көз тартады.

Ал біздің Жанбайдың көше жарығына келетін болсақ, сығырайып тұр. Тіпті, қай жағынан келіп қарасаң да солай. Мұнда, біріншіден, басқалардағыдай соқа сайын шам қондырылмаған, екіншіден, қондырылған сол шамның көпшілігі жанып кеткен, жанбағандарының жарығы тым әлсіз.

Әлгінде айтқанымдай, Хамит Ерғалиев ауылын көргенде таңғалып, қызығамын, түнгі көшелері жап-жарық, бейне күндізгідей. Әлде, бұл сол ауылдың әкімі Рафиғат Әнуарбекқызының ерінбеген еңбегінің арқасы ма екен? Ондай жұмыс жасайтын әкім болса, елдің бағы ғой деп есептеймін. Біздің жаңадан сайланған әкіміміз Ерлан Ескендірұлы сондай әкім болар, халыққа жақсы жұмыс жасар деген ойдамыз.     

 

Мұстажап АЯШҰЛЫ,                      

зейнеткер.

 Жанбай ауылы  

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT