Атырау облысының әкімі Серік Шәпкеновтің аудан халқымен жүздесуі кезінде берген нақты тапсырмаларының бірі – ауыл-аймақтағы шаруалардың жағдайын тереңірек зерделеу болатын. Осыған орай жуырда облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Саламат Амангелді арнайы іссапармен ауданға ат басын бұрды.
Сапардың басты мақсаты – ауылдағы ахуалды көзбен көру, жергілікті шаруагерлердің мәселесін өз аузынан есту еді. Әкімшілік ғимаратында өткізілген ресми жиыннан гөрі құмды өңірдегі ақиқатты ашық айтуға мүмкіндік мол. Сондықтан басқарма басшысы алдымен Қамысқала ауылдық округіне қарасты Жасқайрат елді мекеніне барып, ауыл тұрғындарымен емен-жарқын жүздесіп, олардың әрқайсысын мұқият тыңдап, атқарылатын жұмыстарға байланысты нақты түсініктемелер берді.
Бұл кездесуде шаруашылықтың тыныс-тіршілігіне қатысты көптеген жайт қозғалды. Канал басындағы жүздесуде көптен бері еңсесін езіп жүрген түйткілді мәселелерін айтқан шаруалар ішінде Ғайнолла Ахметов есімді шаруа сөз бастап, ауылдағы негізгі түйткіл – малдың жай-күйіне байланысты алаңдаушылығын білдірді. Оның айтуынша, осыдан біраз уақыт бұрын қарақұрттың уынан түйе малы жиі ауырып, оның аяқ алысы әреңдеп басыла келсе, бүгінде дәл сондай ауыртпалық жылқы малына түсіп отыр. Жылқы бірінен соң бірі әлсіреп, аяқ алысы нашарлап бара жатқанын айтқан шаруалар мұның себебін тап басып айта алмай дал.
«Бұл жердің қуаңшылығынан ба, әлде судың сапасынан ба, оны түсіне алмай отырмыз. Сондықтан шөптен де, судан да сынама алынып, арнайы зерттеу жүргізілсе деген тілегіміз бар»,-деді шаруагер Ғайнолла Ахметов.
Жалғасы газеттің №33 (4246) санында
Еркебұлан ЗИНЕДЕНОВ