Аудан әкімі Нұрым Мусин шаруагерлермен кездесті. Бұл басқосу ауыл өміріндегі өзекті мәселелерді тағы бір мәрте айқындап берді. Жиынға облыстық басқармалар мен департаменттердің өкілдерінен бастап, полиция, прокуратура, темір жол, экология және орман шаруашылығы инспекциясының мамандарына дейін қатысты. Қатысушылардың көп болуы – мәселенің салмағын көрсеткенімен, шешімдердің жылдамдығы мен орындалу сапасына күмән әлі сейілген жоқ.
Кездесу барысында аудан тұрғындары мен шаруагерлер ауданның ауыл шаруашылығының даму барысы, жолда мал қағылу, жер мәселесі, экологиялық ахуал және әлеуметтік қолдау шаралары жөнінде ұсыныстарын ортаға салды.

Шаруагерлер мал өткелдерінің биіктігі талапқа сай еместігін, жол бойындағы белгілердің жоқтығын, қоршау мен бейнебақылаудың жеткіліксіздігін ашық айтты. Бұл мәселелер бір жыл емес, бірнеше жылдан бері көтеріліп келеді, соған қарамастан, нәтиженің мардымсыз екендігі жасырын емес.
Аудандық полиция бөлімінің бастығы, полиция подполковнигі Манарбек Үмбеталиевтің дерегінше, жыл басынан бері жолда мал қағу фактісі бойынша 65 оқиға тіркелген. Бұл – техникалық тұрғыдан «жол-көлік оқиғасы» болғанымен, ауыл тұрғындары үшін тікелей экономикалық шығын, кейбірі үшін жалғыз күнкөріс көзінің жоғалуы.

Жиында сөз алған тұщықұдықтық шаруагер Күнай Сиғуатова қасқырлардың шамадан тыс көбейгенін, малға шабуы көбейгенін айтып, бұл мәселеге арнайы шара қажет екенін қайталады. Бұл ұсынысты шаруагер бұған дейін облыс әкімі ауданға келген сапарында да көтерген. Оның айтуынша, қасқырды атуға қазір әр адамға бар болғаны үш мүмкіндік берілген. Шаруагер бұл лимит ауыл жағдайына мүлде сәйкес келмейтінін, шабындықтағы жағдайды ескеріп, рұқсат санын көбейтуді сұрады.

Әрине аталған мәселе шаруалар үшін өте өзекті талап. Себебі мал шығыны артқан сайын, оларған берілетін субсидиядан бастап, күнделікті тұрмысқа дейін тікелей әсер етеді.
Жиын барысында әкім барлық мәселелер бойынша тапсырмалар берді, ұсыныстар назарға алынатынын және кезең-кезеңімен іс-шаралар жоспары әзірленетінін айтты.

Ауданның дамуы үшін үлкен жиындар мен жоспарлар қажет. Бірақ ең бастысы — нақты мерзім, ашық есеп және орындалған жұмыстардың айқын көрсеткіші. Әйтпесе көтерілген мәселе жыл сайын бір мазмұнда қайталанып, нәтижесі сол күйі өзгеріссіз қалуы мүмкін. Бұл жиын ауыл өмірінің шынайы кескінін айқын көрсетті:мәселе көп, жауапты органдар көп, бірақ нақты шешімдер баяу.
Тұрғындар мен шаруагерлердің үнін жауапты мамандар естіді. Енді ең бастысы – айтылған ұсыныс пен тапсырмалардың мерзімімен, ашық есеппен, нақты нәтижемен орындалуы.
Ілияс МАНСУРОВ

