Ауыл шаруашылығы мен агроөнеркәсіптік кешенді дамыту бұл бүгінгі күннің ең басты міндеттерінің біріне жатады. Бұл және Мемлекет басшысының байыпты бастамаларындағы маңызды бағыттарының бірі. Өйткені осы сала еліміздің экономикалық тұрақтылығы мен азық-түлік қауіпсіздігінің негізі бола отырып, ауыл халқының тұрмыс сапасын арттыруда шешуші рөл атқарып келе жатқаны бұрыннан да мәлім. Яғни, ауыл шаруашылығын дамыту тек бүгін ғана қолға алынып, қолдау танытылып отырған іс емес, қашаннан солай десек болады.
Осы ретте Мемлекет басшысының ауыл шаруашылығын жан-жақты қолдаудың нақты жолдарын ұсынып және оны кезең-кезеңімен жүзеге асыруға тиісті тапсырма беріп отырғаны белгілі. Жалпы халықтың, соның ішінде қазақтың да ауылсыз күні жоқ десек, ондағы ауыл шаруашылығын да озық салаға айналдыру, сөз басында айтылғандай, уақыт талабы.
Мемлекет басшысының өзі де нақты атап көрсеткеніндей, негізгі мақсат – ауыл шаруашылығының дамуына серпін беру. Бүгінде Жаһандық азық-түлік қауіпсіздігі индексіндегі еліміздің көрсеткіштері жақсарып келе жатқаны, Қазақстан ТМД елдері ішінде көш бастап тұрғаны да айтылды. Бірақ жайбарақат отыруға болмайды. Ауыл шаруашылығы бәсекеге қабілетті озық сала болуы керек. Алайда қазіргі уақыт қол жеткенді қанағат тұтып отыратын кез емес, дами беретін уақыт, сол арқылы агроөнеркәсіп кешені экономикадағы бас-ты қозғаушы күштің біріне айналуға тиіс. Президент: «Бизнес те, мемлекет те осыған мүдделі. Бұл, ең алдымен, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету тұрғысынан маңызды. Ауылдағы ағайынның тұрмысы да осы салаға тікелей байланыс-ты» деген болатын.
Агроөнеркәсіптік кешендегі басты мақсаттардың бірі, ең алдымен, өндірілетін өнімнің ауқымын көбейту делінді. Президент алдағы 2028 жылға дейін бұл көрсеткішті 70 пайызға дейін жеткізуді міндеттеген. Бұл ауыл шаруашылығы өнімдеріне қосымша құн қосып, еліміздің экспорттық әлеуетін арттырады. Отандық өнімнің ішкі нарықтағы сапасын жақсартып, сыртқы нарықта бәсекеге қабілетті болуын қамтамасыз етеді. Ол үшін өңдеу кәсіпорындарына қолдау көрсетіліп, заманауи технологиялар енгізілуде, сондай-ақ логистика мен салық жүйелері де қайта қарастырылуда.
Әрине, өндірілетін өнімнің ауқымын көбейтуде атқарылар шаруа да аз емесі анық. Мәселен, біздің аудан жағдайында мал басын асылдандыру сол мақсатты көздеген бір іс десек болады. Нәтижесінде асылдандырылған малдан алынған өнім де молаймақшы, сапасы да артпақ. Бұл – жергілікті өнімнің нарықта бәсекеге қабілетті болуына да жол ашар жайт. Бұл ретте ауданда соңғы жылдары қолға алынған сиыр малын асылдандыру нәтижесінде күні бүгін Тұщықұдық ауылдық округі бойынша «Мажанов», «Асылбек Әли» шаруа қожалықтары, Қамысқала ауылдық округінде «Серижан жеке кәсіпкерлігі «Қазақтың ақ бас» тұқымын өсірумен айналысып, алдыңғы шаруашылықта 360 бас, екіншісінде 466 бас, ал жеке кәсіпкерлікте 346 бас бағылуда болса, Қамысқала ауылдық округіндегі «Абдолов Каким», «Арыстанов С» шаруа қожалықтарының алдыңғысы 61 бас, соңғысы 68 бас «Әулиекөл» тұқымын өсіріп, бағуда. Әрине, істің түйіні оның нәтижесінде ғой, бұл ретте шаруагерлер де өз ісіне сенімді екендігін айтады аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің бастығы Дидар Есмұханов.
Өнім көлемін арттыруда ауданда мал басы санының өсуі де өзіндік орын алары белгілі. Бұл төңіректе төрт түліктен де тіркелген мал басының арта түсуі құптарлық. Аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің 2024 жылғы атқарылған жұмыстары және 2025 жылға арналған жоспары туралы мәліметте нақты көрсетілгендей, 2025 жылдың 1 қаңтарына ауданда 30958 бас мүйізді ірі қара болған, бұл 2024 жылдың 1 қаңтарындағы 16555 бас делінген көрсеткіштен әлдеқайда артық (187,0%) . Ал үстіміздегі жылдың 1 қаңтарына 39602 бас болған қой-ешкі де өткен жылғы 1 қаңтардағы 31832 басты құраған көрсеткішінен көп (124,4%). Осы жылдың басына 28720 бас болған жылқы түлігі де өткен жылдың басындағы 23783 бастан біраз өскенін (120,8%) көреміз. Ойсылқара тұқымы да осы жылдың 1 қаңтарындағы есепте 10906 бас болып, өткен жылдың сол кезеңіндегі 8090 басқа қарағанда көбейе түскен.
Мемлекет басшысының Ұлттық құрылтай отырысында белгіленген міндетке сәйкес, алдағы бес жыл ішінде ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы өндірісін екі есе арттыру перспективалары да ұдайы назарда ұсталынуы ауыл шаруашылығына, яғни ауыл еңбеккерлеріне белсенді қолдау көрсетіліп жатқанының бір айғағы деуге келеді. Бұл жөнінде Президент тапсырмаларының орындалу барысы бойынша Премьер-министр Олжас Бектеновтің отандық ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерімен өткізген кездесуі кезінде айтылып, агроөнеркәсіп кешенін дамытудың өзекті мәселелері, көктемгі дала жұмыстарының жай-күйі, шаруаларды қолдау шаралары, сондай-ақ өзара іс-қимылдың қосымша пысықтауды қажет ететін бағыттары талқыланғаны бұқаралық ақпарат құралдарында жария болғаны белгілі. Президент қолдауының арқасында ауыл шаруашылығына ерекше көңіл бөлінуде екеніне тоқталған Үкімет басшысы еліміздің азық-түлік қауіпсіздігі өзінің құндылығын ешқашан жоймайтынына, Қазақстанда бәсекеге қабілетті ауыл шаруашылығын құра аламыз деген сенім барына тоқталды. Десек те бәрі төрт аяғынан тең басып кетуі әп дегенде бола қалатын шаруа еместігін мамандар да мойындайды. Алайда, ауыл шаруашылығына жасалынып жатқан қолдаудың кейбір нышандары жергілікті жерлерде де көрініс беріп қала бастағанын айта кетсек артық емес. Мәселен, ауылдық жерлерде де жергілікті шаруа адамдары тек мал бағып қана қоймай жермен жұмыс жасауға да үйрене бастады. Біздің егінмен айналысушылар да жоғары өнімділікке жеткізетін заманауи техникаларды, климатқа бейімделген тұқымдар отырғызуды үйреніп келеді. Олар сондай-ақ жергілікті әкімдер тарапынан жерлерін тегістеп беруге, жыртқызып алуға техникалармен көмек беріліп жүргеніне де бек риза. Осының бәрі шығынды аз жұмсауға, өнімді көбейтуге деген талпынысты тірлік екеніне дау жоқ. Ал оның осындай қамқорлықтар мен қолдаулар арқасында күткен нәтижеге жеткізбегіне де сенуге болады.
Мемлекет тарапынан ауыл шаруашылығына деген қаржылық қолдау да кеңейтіліп келеді. Фермерлер мен ауыл кәсіпкерлеріне жеңілдетілген несиелер беріліп келеді. Бұл ауыл шаруашылығында тұрақты жұмыс істеуге және өндіріс көлемін арттыруға қолайлы жағдай жасайды. Сонымен қатар субсидиялау жүйесі де жетілдіріліп, қаржының мақсатты және әділ бөлінуі көзделіп отыр. Қаржылай қолдаудың қарымдылығын жергілікті жерлерде жүзеге асып жатқан жұмыстардан да көруге болар еді. Мәселен, біздің аудан жағдайында да бұлар нақты көрініс береді. Аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінен алынған деректерге қарағанда, өткен жылы барлығы 72 шаруа қожалығына 72,3 млн. теңге субсидия төленген екен. Ал оның алдыңғы жылы 187 шаруа қожалығына 287,0 млн. теңге төленген болатын. Олардан ет және ет-сүт бағытындағы отандық асыл тұқымды 60 бас бұқа сатып алынғаны үшін 29 шаруа қожалығына 9,9 млн. теңге субсидия, ірі қара малдың отандық асыл тұқымды аналық басын сатып алғаны үшін 3 шаруа қожалығына 111 басқа 16,6 млн. теңге, түрлендіру жұмыстарына, ірі қара малдың тауарлық аналық басына 36 шаруа қожалығына 3275 басқа 32,7 млн. теңге субсидия, ірі қара малдың асыл тұқымдық аналық басына 4 шаруа қожалығына 869 басқа 13,0 млн. теңге субсидия төленген.
Мал азығын дайындау дегеннен шығады, халқымызда «сулы жер – нулы жер» деп тегін айтылмаған ғой. Бұл ретте су ресурстарын тиімді пайдалану – ауыл шаруашылығының ең өзекті мәселелерінің бірі. Осы бағытта Президенттің тапсырмасымен елімізде бірнеше жаңа су қоймасын салу жос-парлануы да тектен-тек емес. Бұл жобалар су тапшылығының алдын алып, егістік жерлерді сумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді делінген. Сонымен қатар, су үнемдеу технологиялары да кеңінен енгізілуде. Соның бірі ретінде тамшылатып суару әдісін жергілікті жерлерде қолдана бастағандарды өзіміз де көріп жүрміз. Ал су қоймаларының салынуы суландыру жүйелері арқылы суғарылатын біздің шөлейтті аймақтар үшін де керегірек екені бесенеден белгілі. Мысалы, ауданда 2024-2025 жылдың қысқы кезеңіне деп 81,3 мың тонна мал азығы дайындалды. Бұл көрсеткіш 2023-2024 жылдың қыстағына дайындық кезінде 80720 тоннаны құраған болатын. Бұдан көріп отырғанымыздай, керекті мал азығы көлемі жыл санап аз да болса өсіп отыр. Сол судың тапшылығынан өзіміздегі шабындық көлемі аз болулы себепті қысқы мал азығына қажетті шөптің шамамен 65-70 пайызы басқа өңірлерден - Батыс Қазақстан, Ақтөбе облыстары, Құрманғазы мен Қызылқоға аудандарынан тасымалданады. Қалған бөлігі жергілікті жерден - Каспий теңізінің жағалауынан, Нарын құмы өңірінен, суару-суландыру жүйелеріндегі шаруашылықтардан дайындалып жүр. Әрине, қазіргі жеткізіліп отырған суға жергілікті бюджеттен қаржы бөліну де мемлекет тарапынан ауыл шаруашылығына жасалынып отырған қолдаудың бір көрінісі. Мәселен, деректерде айтылғандай, 2024 жылға аудан аумағындағы Бақсай, Нарын, Сборный және Кобяково-Забурын суару-суландыру жүйелерін сумен толықтыру үшін жергілікті бюджеттен 213,2 млн. теңге бөлінсе, биыл осы мақсатқа 243,0 млн. теңге сұратылып, 216,1 млн теңге бөлінген, қалғаны алдағы бюджет нақтылауына берілген екен.
Қазіргі уақытта ауылдық жерлердің инфрақұрылымын дамыту да – агросаланы қолдаудың маңызды бір бөлігі. «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында ауылдарға қосымша қаржылар бөлініп, жолдар, мектептер, ауруханалар, байланыс желілері мен басқа да әлеуметтік нысандардың жаңғыртылып жатқаны да мемлекеттік қолдаудың көрінісі. Бұл ауыл тұрғындарының өмір сапасын арттырып, жастардың ауылда қалуына және жұмыс істеуіне жағдай жасайтын жағдайлар ретінде қарастырылған. Болашақта ауылға басқа да қолдаулар жасалынатыны да айтылуда, бұл өте қуанышты жайт. 2019 жылы-ақ дамудың әлеуеті жоғары елді мекендердің тізімі анықталып, 2023 жылы әкімдіктердің ұсынысымен ол өзектендірілуі, жобаларды жүзеге асыру барысында су, жылу, газ, электрмен жабдықтау жүйелері жаңғыртылып, әлеуметтік жағдайды жақсартуға бағытталған шаралар қолға алынатын болғаны да ауылды қолдаудың айғағы. Айтылған жұмыстар қазір қолға алынып, ауылдарда атқарылып жатқанына өзіміз де куәміз десек болады.
Осылайша, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамалары ауыл шаруашылығын кешенді түрде дамытуға бағытталып отыр. Бұл тек агросаланың өсімі емес, ол – ауыл өмірінің жаңғыруы, азық-түлік қауіпсіздігі, экономикалық тұрақтылық және елдің болашағына салынған инвестиция. Ауыл дамыса – ел дамитыны сөзсіз. Сол тұрғыдан қарастырғанда агроөнеркәсіптік кешенге жасалып жатқан қолдау – халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған маңызды стратегиялық қадам, елдің ертеңі, соның ішінде қазақтың бесігі болған ауылдың болашағы десек артығы жоқ.
Жоламан ДӘУЛЕТИЯР