Шаруаның тынысын ашқан жоба

 

Зинеден ауылы үшін су – жай ғана табиғи ресурс емес, тіршіліктің өзегі, шаруаның шырағы. Егін мен шабындықтың жай-күйі, ауылдың ертеңі тікелей су жүйесінің жағдайына байланысты. Осы тұрғыдан алғанда, «Кобяково–Забурын» суару каналына қолға алынған күрделі жөндеу жұмыстары – ауыл өміріндегі маңызды әрі көптен күткен қадам.

Жалпы ұзындығы 74 шақырымды құрайтын бұл канал – Зинеден өңіріндегі егістік пен шабындық алқаптарды сумен қамтамасыз ететін негізгі арна. Бүгінде оның 10 шақырымында қазу, түбін тереңдету және топырақты тегістеу секілді негізгі жұмыстар толық аяқталған. Бұл – жобаның алғашқы кезеңі. Алда атқарылар іс аз емес.

Каналдың жаңғыруы су тапшылығының алдын алып қана қоймай, ауыл шаруашылығы жерлерін тиімді пайдалануға, өнім көлемін арттыруға нақты мүмкіндік береді. Әсіресе соңғы жылдары жиі айтылып жүрген су жетіспеушілігі мәселесі шаруалар үшін өзекті. Осы ретте атқарылып жатқан жұмыс – тек бүгіннің емес, ертеңнің қамы.

Аталған жоба Атырау облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының тапсырысымен жүзеге асуда. Ал бас мердігер ретінде «Гидро Құрылыс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі белгіленген. Жөндеу жұмыстары кезең-кезеңімен жүргізіледі және жыл бойы жалғасады.

– Жалпы жоба бойынша 74 шақырым каналға күрделі жөндеу жүргізу жоспарланған. Қазіргі таңда бірінші кезеңі аяқталды. Алдағы уақытта жұмыстар жүйелі түрде жалғасады. Бұл ауыл үшін өте маңызды жоба,-дейді Зинеден ауылдық округінің әкімі Айгүл Адилова.

Су арнасының қалпына келуі – тек инженерлік нысанның жаңаруы емес, бұл – ауыл экономикасының тынысы, еңбек адамының үміті. Канал бойымен қайтадан еркін аққан су егістікке нәр, ауылға береке әкелмек. «Кобяково–Забурын» каналының жаңаруы –ауылдың ертеңіне жасалған нақты инвестиция, тіршіліктің тамырына құйылған өмір нәрі.

 

Жайна МАНСЫРОВА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT