Шарықтады Шәмші әндері

 

Биыл әйгілі сазгер «вальс королі» атанған, Қазақстанның халық әртісі, Қазақстанның Еңбек Ері, Шымкент, Тараз, Жетісай қалаларының Құрметті азаматы Шәмші Қалдаяқовтың туғанына 95 жыл. Осыған орай Қазақстанның әр өңірінде сазгерге арналған мерекелік шаралар өтуде. Әсіресе, Оңтүстік өңірі ерекше құрметпен атап өтуде. 16 тамыз күні Шымкентте Шәмші әндерінің фестивалі болып өтті. 

Шәмші (Жәмшид) Қалдаяқов 1930 жылдың 15 тамызында Оңтүстік Қазақстан (қазіргі Түркістан) облысы, Қызылқұм (қазіргі Отырар) ауданында дүниеге келген. Әкесі Қалдаяқ Домбаев шебер темір ұстасы болған. Жасынан әнге құмар болып өскен Шәмші қазақтың халық әндерімен сусындады. Жиырма жастан асқан шағында алғашқы әндерін жазып, өнерге қадам басты. 1950 жылдардың екінші жартысында-ақ қазақ әдебиетінің классигі Мұхтар Әуезов: «Шәмші әндері – Ақан, Біржан сал дәстүрін жалғастырған үздік сазгерлік үлгі» деп жоғары бағалаған. Сазгердің шығармалары 1960–1980 жылдары қазақ жастарының сүйікті әніне айналды. Халық оны «Күллі қазаққа ән салдырған Шәмші» деп атап кеткен. 1992 жылдың 29 ақпанында Алматы қаласында өмірден озған Шәмші Қалдаяқовтың мұрасында 300-ге жуық ән бар деп айтылады. Қалай десек те, оның әнінсіз ешбір концерт, той-думан, мерекелік шара өтпейтіні шындық.     

Сондай бір шара жуырда Х.Ерғалиев ауылындағы Қамысқала мәдениет үйінде  өтті. Сазгердің туғанына 95 жыл толуына орай «Шарықтасын Шәмшінің асыл әні» атты кеш еді. Кешті ұйымдастырған Қамысқала мәдениет үйінің өнерпаздары. Ұлы сазгерге арналған концерт ауылдастардың құрметіне бөленіп, ризашылықтарына ие болды. 

«Ән – көңілдің ажары» деп тегін айтылмаған ғой. Сағат жарымға созылған Шәмші әндерінің кешінде сүйікті сазгердің 20 әні шырқалды. Кейбір әндер орындалғанда, соған сәйкес көрсетілімдермен әрленіп, өнерпаздар әртістік қабілетін де таныта білді. Бұл  сценарийді жасақтап отырған мәдениет үйінің директоры Талғат Сатыбаевтың еңбегі деп бағаладық. Өнер болған соң оның оза шабатын дарындылары, шеберлері болатыны анық. Біз көрген концертте ауылға танымал әнші Әділбек Жұмашевтың орындауындағы «Құшақ жайған қандай  адам» атты лирикалық ән. Ерекшелігі – бұл әнді 50-жылдардың ортасында әнін де, өлеңін де Шәмшінің өзі жазған алғашқыларының қатарында екендігі.  Тұманбай Молдағалиевтың өлеңіне жазылған «Бақыт құшағында» әнін жас өнерпаз Асылхан Шаяхмет шебер орындаған. Өзін сахнада ұстауы да, еркін шырқауы да кәдімгі әншілерден кем емес. Тұмағаңның сөзіне жазылған тағы бір ән – «Әнім сен едіңді» мәдениет үйінің қыздары – Ақтолқын Нығметова, Зинагүл Мұхтарова, Назерке Жаншина аспаптық ансамбльмен сүйемелдеп, нақышқа келтіре отырып орындап шықты. 

 

 

Талғат Сатыбаев оңтүстіктік ақын Сабырхан Асановтың сөзіне жазылған «Дүнген қызын» шырқап, көрермендерді бір серпілтті. Жігіттер тобының орындауындағы Қадыр Мырза-Әлінің сөзіне жазылған «Сыған серенадасы» да шебер орындалған әндердің қатарында.

Ертеректе әнге сөз жазатын Нұрсұлтан Әлімқұлов дейтін ақын болды. Танымал «Қайдасың» әнін Асылжан Шаяхмет пен Айзере Сағидолла да шебер орындады деп есептедік. Жалпы ән кешінде сахнаның безендірілуі де, декорация да көңілден шықты. Ол кездерде (өткен ғасырдың 60-80 жылдары) сазгер де көп емес және көркемдік кеңестік сузистінен өткен әндер эфирге шығып, әнсүйер қауымның құрметіне бөленетін еді.

 

 

Енді өзімнің дағдым бойынша, ескертпе мен ұсыныстарымды айтайын. Концерттің финалында Шәмшінің жерлесі, танымал сазгер Қалдыбек Құрманәлінің «Ән аға» әні шырқалатын болар деп ойлап едім. Қалдыбек осыдан ширек ғасырдай бұрын Шәмші әндерінің кештерін алғаш ұйымдастырушы. Біздің ауылда да осындай Шәмші әндерінің кеші туған күнінде дәстүрлі ұйымдастырылып тұрса және біздің өңірге арнап жазған Төлеген Айбергеновтің өлеңіне «Ақ ерке – Ақ Жайық» әні финалда орындалса деген ой еді.

Қалай айтсақ та жарасады. Шәмшідей сазгер енді өмірге келе ме? Айта алмаймын. Қазақ барда Шәмші әндері шырқала береді. Шәмші әндері – мәңгілік. Шарықтай бер, қалықтай бер, Шәмші әндері!
    

 

Ибатолла СӘТЕНҰЛЫ, 
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі
Х.Ерғалиев ауылы 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT