«ШЕБЕРЛІК – АНАДАН, ШАБЫТ – ЖҮРЕКТЕН» дейді әлемдік рекорд иесі атанған Тамара Тұрғанқызы

 

Отандық кәсіпкерлікті дамыту – ұлы мұрат.  Егер отандық кәсіпкердің шаруасы дөңгеленіп, өнімдері ішкі нарықты қамтамасыз етсе, тауар бағасының арзандауына септігі тимек. Отандық өнім – ел ырысы! Қаржы өз елімізде қалады. Экономиканың серпін алуына таптырмас мүмкіндік. Дамыған елдердің бәрінде отандық кәсіпкерлерді қолдау жолға қойылған.  Мемлекет басшысы да отандық кәсіпкерлікті үнемі қолдап келеді. Президент Қазақстан халқына Жолдауында елімізді дамытуға арналған тың тәсілдер ұсынғанына назар аударатынын жеткізді. «Біз экономиканың өсімін кемінде 6-7 пайызға жеткізуіміз керек. Ол үшін бизнестің жеке бастамаларына барынша қолдау көрсету қажет. Осы бағытта біраз шаруа атқарылды. Дегенмен кәсіпкерліктің даму қарқыны әлі де болса бәсең, өз әлеуетіне сай емес  деуге  болады.  Бір  сөзбен  айтқанда,  бізге  шын  мәнінде    сапалы серпіліс қажет. Ең алдымен, мемлекет пен бизнестің қарым-қатынасы мүлде жаңа үлгіге көшуге тиіс»,- деді Қасым-Жомарт Тоқаев. 

Иә, сондай жеке бастамалардың бірі– тігін өнері.  Тігін тігу – тек ине мен жіптің арасы емес,ол жүрек пен қолдың үндестігі. Сабырдың, төзімнің, тазалықтың мекені. Қазақ даналығында «Шебердің қолы алтын» деген сөз бар. Сөзге шебер, іске де ұста халқымыздың мәдениетін паш ететін құндылықтың бірі – оның қолөнері. Жалпы тігін өнеркәсібі – әлем экономикасы алдындағы үлесі мен салмағы жоғары кәсіп. Сондай-ақ тігіншілік, қолөнер бұйымдарын дайындау бүгінде табысты бизнес көзіне айналды. Ал құрақ құрау – ұрпақтар сабақтастығы мен береке-бірліктің символындай елестейді. Жуырда осы ұлттық өнерімізге әлем назар аударды. Алматы қаласындағы әйгілі «Медеу» мұз айдынында бұрын-соңды болмаған мәдени оқиға өтіп, құрақшылар бас қосып, жаһандық рекорд орнатты. Мұз айдынын тұтас көмкерген бірдей өлшемдегі, бір түсті құрақ көрпелер ерекше үйлесіммен жайылып, Гиннестің жаңа бетіне жазылды. Бұл айтулы іс-шараны «Аламан» құрақ қауымдастығы ұйымдастырып, GBR дүниежүзілік рекордтар кітабының ресми өкілдері бірегей туындыны ресми түрде тіркеді. Осындай ауқымды жобада отандық өнімді дәріптеген тұщықұдықтық кәсіпкер әрі тігінші Текебаева Тамара Тұрғанқызы да өз қолтаңбасын қалдырды. Шебер ана өз қолымен тіккен құрақ көрпесін мұз айдынының  үстіне жайып, 660 шебермен қатар әлемдік рекорд иесі атанды. Бүгін біз сол өнерге жанын арнаған жанмен сұхбат құрдық. Ол –  қарапайым ауылда тұрып, шынайы еңбекпен кәсібін қалыптастырған ісмер кәсіпкер. 

– Қайырлы күн, Тамара Тұрғанқызы! Алдымен оқырмандарымызға өзіңіз туралы таныстырып өтсеңіз. Жалпы тігіншілікке деген қызығушылық қашан оянды?

– Ілтипатыңызға рахмет! Жалпы өзім Құлсары қаласының тумасымын. 1997 жылы тұщықұдықтық  Қойшиев Нұрлан есімді азаматпен отбасын құрып, бір шаңырақ астында тату-тәтті ғұмыр кешіп келеміз. Қазіргі таңда отбасымызда  екі ұл, бір қыз тәрбиелеп отырмыз. Анам  Айсұлу – қолы шебер жан еді. Шешемнің шешесі Әуез есімді нағашы әжем дүйім жұртқа танымал  ісмер кісі болған. Құлсары музейінде әжемнің суреті ілініп тұр. Бала күнімде лагерьге барған кезде музейге барып, әжемнің суретін көріп, қатты таңғалғаным әлі есімде. Арғы ата жағынан да күміс құйған, зергерлер шыққан. Қаннан берілген қасиет қой, сірә. Анамның бұл шеберлігі ұлдарына дарыған. Соның бірі Зейін есімді ағам. Бүгінде Құлсарыда цех ашып, дөңгелентіп жүргізіп отыр. Бұл – біздің әулетке ортақ қасиет. 2002 жылы анам о дүниелік болды. Марқұм анам көзі тірісінде «бір қызым болсын, іс тігіп, үйренейін демейді» деп жылап отыратын. Кейін араға бірнеше жыл салып, анамның қасында жүріп, көзбен көргенімді, ойға түю арқылы алғашқы қадамымды жасап, іс тіктім. 2009 жылы алғашқы еңбек жолымды Аққыстаудағы «Алима» тігін цехынан бастадым. Сол кездерде бәрі жаңа, бәрі бейтаныс еді. Бірақ қолым жүрді. Іштей білмейтін бір сағыныш жетелегендей, матамен сырласатын болдым. Араға көп жыл салып, Аққыстауға қатынау қиындап, ақыры өз ауылым Тұщықұдықтан ісімді бастадым. Жүрек иланған іске жол табылады екен.

 

Жалғасы газеттің №29 (4242) санында

 

Сағыныш ҚАЙЫР

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT