ШЕБЕРЛІК ПЕН ЖІГЕР САЙЫСЫ

сурет автордікі

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халықтың осал топтарын қолдау мемлекеттің басты міндеті екенін атап өткен болатын. Осыған байланысты ауданымыздағы қоғамдық ұйымдар мен бірлестіктер халықтың осал топтарын қоғамға араластырып, достық қарым-қатынастарын нығайтуға қолдау көрсетуде. Жақында аудандық мәдениет, дене шынықтыру және спорт бөлімінің ұйымдастыруымен мүгедектігі бар жандар арасында дойбыдан аудандық турнир өтті.

Жарыстың негізгі мақсаты – мүгедектігі бар жандарға кез келген шараға қатысу арқылы ішкі кедергілері мен қорқыныштарын жеңуге көмектесу. Турнирге Жанбай, Аққыстау, Х. Ерғалиев ауылдарынан келген ойыншылар қатысты. Олар спортқа деген ынта-жігерлерін танытып, тартысты ойын өрнегін көрсетті. Сонымен қатар, ауданымыздағы мүгедектігі бар жандар арасындағы «Шырағың жансын» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Тәрен Нұрғалиев қатысушыларға белсенді атсалысқандары үшін алғысын білдірді. Әр қатысушының өзіндік тактикасы қалыптасқанын байқадық. Со-ның ішінде қамысқалалық Ералы Калимовтің ойынына назар аударып, онымен сұхбаттасқан едік.

–         Өзім дойбы, шахмат секілді ойындарға бала кезден машықтанғанмын. Бұл ойындар тек ойлау қабілетін дамытып қоймай, сабырлылық пен шыдамдылыққа да үйретеді.  Мектеп кезінде де талай жарыстарға қатысып, жүлделі орындар иеленіп жүретінмін. Бүгінгі күні осы аудандық турнирге қатысу арқылы бағымды сынау сәті түсті, -деді ол бізбен әңгімесінде.

Жарыс қорытындысы бойынша Гүлбану Капушанова жүлделі үшінші орын, Ералы Калимов екінші орын иеленіп, үздік ойын нәтижесін көрсеткен Айболат Елешов жеңімпаз атанды. Жеңімпаздарға аудандық мәдениет, дене шынықтыру және спорт бөлімінің арнайы медалі мен дипломы табысталды. Сондай-ақ, турнир жеңімпазы облыстық додада аудан намысын қорғайтын болады.

 

Сағыныш ҚАЙЫР,

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT