Каспий жағалауы мен Жайық-Каспий бассейні – табиғи байлыққа толы, бірақ бір мезетте күрделі бақылауды талап ететін ерекше аймақ. Бұл өңірде тәртіп пен тұрақтылықтың сақталуы – тек құқық қорғау органдарының ғана емес, барша қоғамның ортақ мүддесі. Осы орайда жуырда Жанбай ауылдық округінде өткен шекаралық мәселелер жөніндегі үйлестіру кеңесінің отырысы аудан үшін өзекті төрт бағытты талқылауға арналды. Аудан әкімі Нұрым Мусин төрағалық еткен жиынға құқық қорғау және шекара қызметі өкілдері, ауылдық округ әкімдері мен тиісті мекеме басшылары қатысты. Кеңестің күн тәртібінде табиғатты қорғау, шекара қауіпсіздігі, кооперативтердің жұмысы және үйлестіру кеңесінің тиімділігі секілді өзекті тақырыптар көтерілді.
Заңсыз балық аулауға тосқауыл – «Бекіре-2025»
Алғашқы мәселе ретінде аудандық полиция бөлімінің табиғатты қорғауға бағытталған «Бекіре-2025» көктемгі жедел алдын алу шарасына дайындығы мен оны іске асыру барысы қаралды. Бұл шара Каспий теңізі мен Жайық-Каспий бассейні акваториясындағы балық ресурстарын заңсыз аулауға қарсы бағытталып, табиғатты сақтау және құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатын көздейді. Аудандық полиция бөлімі бастығының міндетін атқарушы, полиция подполковнигі Жанихан Қойшибаев өз баяндамасында атқарылған жұмыстарға тоқталып өтті. Оның айтуынша, іс-шараға 11 учаскелік полиция инспекторы, 6 патрульдік полиция қызметкері және 6 қызметтік автокөлік жұмылдырылған.
– Іс-шара барысында ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 383-бабы бойынша (балық аулау және су жануарларын қорғау ережелерін бұзу) 7 азаматқа әкімшілік хаттама толтырылып, жалпы көлемі 117 960 теңге айыппұл салынды. Сонымен қатар бір қылмыстық іс тіркеліп, 120 келіден астам бекіре тұқымдас балық тәркіленіп, Атырау қаласындағы Атырау бекіре өсіру зауытына тапсырылды,-деді полиция подполковнигі.
Сондай-ақ аталған шара барысында облыстық мамандандырылған табиғат қорғау прокуратурасы, Атырау облыстық Полиция департаментінің балық қорғау бөлімі, облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі инспекциясы, Жанбай шекара әскери бөлімдерімен бірлескен мобильді топ та белсенді жұмыс атқарған.
Балық кооперативтері: нәтиже де, міндет те бар
Кеңесте екінші болып қаралған мәселе – аудан аумағындағы балық кооперативтерінің қызметі мен көктемгі маусымда атқарған жұмыстары. Бұл туралы аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Дидар Есмұханов мәлімдеді.
– Биылғы көктемгі маусымда Каспий теңізінен 1581,3 тонна көлемінде балық аулауға лимит белгіленіп, оның 948,4 тоннасы ауланды. Бұл – жоспардың 59,9 пайызы. Аталған жұмысқа «Абылайхан», «Амангелді», «Тілекші», «Жамбыл», «Ракуша» және «Шағала Атырау» балық шаруашылықтары тартылды. Ауданға тіркелмегенімен, бұл серіктестіктер жергілікті жерден 362 тұрғынды уақытша жұмыспен қамтыды. Жанбайдан – 206, Зинеденнен – 145, Исатай ауылынан 11 адам еңбекке тартылды,-деді бөлім басшысы.
Сонымен қатар кооперативтердің табиғатты сақтау нормаларын сақтау, экологиялық мәдениетті көтеру бағытындағы шаралары да назардан тыс қалмады.
Шекаралық режимдер: бақылау күшейтіледі
Кеңесте қозғалған үшінші мәселе – мемлекеттік шекараны күзету және қорғау бағытында құқық қорғау органдары арасындағы өзара іс-қимылды жетілдіру. Бұл бағытта Жанбай шекара заставасының бастығы Береке Есенбай баяндама жасады.
Ол шекара аумағында заң бұзушылық фактілерінің бар екенін жасырмады.
– Жанбай аумағында тіркелген қылмыстық құқық бұзушылық болған жоқ. Бірақ жалпы Атырау облысының Каспий акваториясында, соның ішінде ішкі және аумақтық суларда, континенттік қайраңда заңсыз балық аулау деректері артып отыр. Соның салдарынан шекаралық аймақта белгіленген режимдердің бұзылуы жиілеп барады. Жарты жыл ішінде аудан жауапкершілігіне кіретін аумақта шекараны қорғауға тартылған азаматтардың көмегімен екі құқық бұзушылық анықталып, тиісті әкімшілік шаралар қабылданды,-деді ол.
Кеңес жұмысы – бақылауда, тапсырма – нақтылы
Кеңестің соңғы төртінші мәселесі – үйлестіру кеңесінің қызметі мен алдағы жоспарлары болды. Бұл жайында аудан әкімі аппаратының жалпы жұмылдыру дайындығы және төтенше жағдайлардың алдын алу бөлімінің басшысы Мейрамгүл Құрасова ақпарат берді.
Оның айтуынша, үйлестіру кеңесінің басты мақсаты – шекаралық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, құқық қорғау органдарының өзара байланысын тиімді ұйымдастыру және шекара маңындағы жағдайды тұрақты бақылауда ұстау. Кеңес құрамына аудан әкімдігі, шекара қызметі, құқық қорғау органдары, ауыл әкімдері және басқа да тиісті сала мамандары енеді. Отырыс барысында кеңестің жұмысын жандандыру, шешімдердің орындалуын бақылау және ақпарат алмасуды жақсарту бағытындағы ұсыныстар айтылды.
Тұрақтылық пен тәртіп – ортақ жауапкершілік
Жанбайда өткен бұл кеңес отырысы шекаралық тәртіп пен табиғат ресурстарын қорғауда үйлесімді іс-қимылдың маңызын айқындап берді. Аудан әкімінің нақты тапсырмалары, құқық қорғау мен табиғатты қорғау саласындағы нақты деректер және алдағы жұмыстарға арналған бағыт-бағдар – барлығы да Исатай өңірінің шекаралық қауіпсіздік пен экологиялық тұрақтылыққа жауапкершілікпен қарап отырғанын көрсетті.
Мұндай үйлестіру кеңестері тек бақылау емес, шешім қабылдау мен нақты нәтижеге жету алаңы болуы тиіс.
Алдағы уақытта қабылданған шаралар нәтижелі жүзеге асып, аудан шекарасында тәртіп бұзушылықтар азайып, балық шаруашылығы мен табиғатты қорғау жұмыстары жаңа деңгейге көтерілері анық.
Сағыныш ҚАЙЫР,
суреттерді түсірген: Камилла КАКИМҚЫЗЫ