ШЕКАРАШЫ – ЕЛ ҚОРҒАНЫ

 

Ел басына күн туғанда етігімен су кешіп, елі үшін жанын пида еткен қайсар халықтың бүгінгі ұрпағы Отан алдындағы жауапкершілікті толықтай сезінуі тиіс. Бұл – ер-азаматтың бойында мәңгілік міндет болып қалатын құндылық. Бүгінде осы жауапкершілікті абыроймен атқарып жүрген қазақ сарбаздары аз емес. Олар ел қорғаны болып, қасиетті жерімізді қорғауға белсене атсалысуда. Мұның дәлелі ретінде, біздің ауданымызда орналасқан ҚР ҰҚК Шекара қызметі Атырау облысы бойынша «Жанбай» шекара бөлімшесінің жұмысын атап өтуге болады. Бұл бөлімше – ел қауіпсіздігі үшін тәулік бойы қызмет атқарып жатқан мекеме. Қазіргі таңда аталған әскери бөлімшеде 15 мерзімді әскери қызметші қызмет етеді. Олардың арасындағы бір сарбаз Алматыдан болса, қалғандары – атыраулық азаматтар.

 

 

Бұл бөлімшеде күн мен түннің арасында, тәулік бойы жұмыс істейтін жауынгерлерге үлкен жауапкершілік жүктелген. Шекара қызметінің жауапкершілік аумағы Каспий теңізінің бойымен 135 шақырымды қамтиды. Алайда, оның стратегиялық маңызы тек мемлекеттік шекараны қорғаумен ғана шектелмейді. Шекара қызметінің міндеті әлдеқайда кең әрі күрделі. Бұл қызметтің басты бағыттарының бірі – мемлекеттік қауіпсіздік. Шекара арқылы өтетін тауарлар мен адамдарды тексеру арқылы контрабанда, терроризм, есірткі саудасы және басқа да заңсыз әрекеттердің алдын алу болып табылады. Сонымен қатар, шекара қызметі Ұлттық дербестікті қорғауға бағытталған. Егер шекара дұрыс бақыланбаса, бұл басқа мемлекеттердің территориялық талаптарына немесе елдің ішкі тұрақтылығына қауіп төндіруі мүмкін. Экономикалық қауіпсіздік те маңызды аспект. Заңсыз сауда, есірткі немесе қару-жарақ тасымалын тоқтату арқылы ұлттық экономиканың дамуына үлес қосылады. Ал әскери қауіпсіздік, әскери әрекеттер мен қауіптерге дайын болуды талап етеді. Бұл шекара қызметі стратегиялық позицияларды бақылап, кез келген жағдайға дайын болу үшін қажет. Сондықтан шекара күзетінің жоғары деңгейде болуы – елдің қауіпсіздігі мен мемлекеттік тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін маңызды. Олардың жұмысы тек елдің қорғаушылары ретінде ғана емес, сонымен бірге ұлттық қорғаныс жүйесінің маңызды бөлігі ретінде де бағаланады. Осы сала қызметкерлеріне ерекше назар мен жоғары дайындық талап етіледі, себебі олардың міндеті елдің болашағы үшін өте маңызды.

 

 

Жалпы шекара бөлімшесіне кез келген сарбаз әскери қызметшінің қатарына қосыла бермейтіні де айғақ. Ол туралы бізге қиын да қызықты шекара жұмысын атқарып отырған «Жанбай» шекара бөлімшесінің бастығы, капитан Ерсайын Жұмағұл толығырақ түсіндіріп, айтып өткен еді.

– Жас сарбаздардың шекара қызметіне келгенде өтуі тиіс сынақтар мен дайындықтар өте маңызды әрі қиын кезең. Бұл дайындықтар сарбаздың барлық қабілеттерін тексеруге бағытталған: физикалық, психологиялық, зияткерлік және кәсіби дайындық. Әрбір жас сарбаз бірнеше кезеңнен тұратын сынақтардан өтеді, әрқайсысы оның шекара қызметіне лайықты екенін дәлелдеуге көмектеседі. Бірінші кезең – медициналық тексеруден өту. Мұнда сарбаздың денсаулығының барлық аспектілері тексеріледі: көру, есту, жүрек-қантамыр жүйесі, жүйке жүйесі, тыныс алу мүшелері және басқа да органдар. Бұл кезеңде әскери қызметке жарамдылық анықталып, жас сарбаздың денсаулығы қандай жағдайда екенін білу маңызды. Екінші кезең – физикалық дайындық сынақтары. Бұл сынақтар жас сарбаздың шыдамдылығын, күшін, жылдамдығын және ептілігін тексереді. Әскери қызметке лайық болу үшін сарбаздың физикалық тұрғыдан мықты болуы шарт. Осы сынақтардан өткен соң, ол психологиялық сынақтар мен әскери тәртіпті сақтау, заңды білу, қару-жарақпен жұмыс істеу, тактикалық дайындыққа арналған тестілеулерге де қатысады. Сонымен қатар, шекаралық арнайы дайындықтан өтіп, қызметке қажетті дағдыларды игереді. Шекара қызметінің әрбір бөлшегі қатаң тәртіп пен ширақ қимылды талап етеді. Кейіпкеріміздің айтуынша, шекаралық дайындықтан сүрінбей өту үшін бірнеше ережені қатаң ұстану қажет. Біріншіден, шекара сызығын күзету ережелерін жақсы білу керек. Ол үшін картамен жұмыс істеу, бағыт табу, түнгі күзет қызметін атқару, шекараны заңсыз кесіп өтуді анықтау әдістерін меңгеру қажет. Сонымен қатар, радиобайланысты дұрыс пайдалана алатын сарбаздар ғана нақты шекара бекеттеріне жіберіледі. Жас сарбаздардың арасында кейбірі иттермен жұмыс істейтін кинолог бола алады, ал басқалары бақылау-өткізу бекеттерінде қызмет атқарады. Бірақ ең бастысы, шекарашы болу үшін сарбазда тәртіп пен жауапкершілік қасиеттері болуы тиіс. Әскерде тәртіп, сабыр, төзімділік сияқты қасиеттерді меңгеру өте маңызды. Кейіпкеріміздің айтуынша, шекара қызметі оңай емес, өйткені ауа райы нашар, ұзақ уақыт бойы қозғалыссыз бақылау жүргізу, жалғыздық сезімі – бұл бәрін де тек сабырлы әрі төзімді сарбаздар ғана жеңе алады. Шекара сызығында кез келген жағдай болуы мүмкін, мысалы, заң бұзушылармен қақтығыс немесе төтенше жағдайлар. Сондықтан, жас сарбаз физикалық тұрғыдан ғана емес, психологиялық жағынан да дайын болуы қажет. Шекарашы болу үшін шынайы дағдылар мен мінез-құлықтың үйлесімі, сонымен қатар, тәртіп пен жауапкершілік талап етіледі,-деді бөлім басшысы.

 

 

Шекара қызметінде әскери өмірдің қиындықтары мен тәртібіне бейімделу – жас сарбаздың толыққанды шекарашыға айналуы үшін өте маңызды кезең. Бұл бейімделу арнайы ұйымдастырылған жүйе арқылы жүргізіледі екен. Ол туралы Ерсайын Жұмағұл сол жүйенің негізгі бағыттарын атап өтті.

 –Жас сарбаздардың алғашқы дайындық кезеңі. Бұл кезең бірнеше аптадан 2 айға дейін жалғасады. Сарбаздар әскери өмірдің негіздерімен танысып, темірдей тәртіпке шыңдалады. Онда төсек жинау, киім кию тәртібі, тәуліктік режимге үйрену (таңғы тұру, сапқа тұру, жаттығу, тамақтану, кешкі тынығу) осылар арқылы қатардағы тәртіп пен бұйрыққа бағынады. Бұл кезеңде олар өздерін «азамат» емес «әскери қызметкер» ретінде сезіне бастайды. Одан бөлек психологиялық бейімдеу жүргізіліп, арнайы психологтар жас сарбаздармен жеке және топтық әңгімелер жүргізеді. Басты бағыты – стреске төзімділік, жалғыздықтан қорықпау. Кейбір бөлімшелерде «тәлімгерлік жүйе» бар. Онда тәжірибелі сарбаз жаңадан келген жауынгерге көмектесіп отырады.Әскери өмірге бейімделу – оңай емес, бірақ дұрыс ұйымдастырылған жүйе, тәртіп пен тәрбие арқылы бұл процесс нәтижелі өтеді. Шекара қызметі сарбаздан тек жауынгер емес, нағыз жауапты азамат қалыптастырады. Ендігі міндет –мемлекеттік шекара бойындағы қызметтің мінсіз атқарылуы. Сонда ғана ел тыныштығының бір өлшемі жүзеге аспақшы,-деген ол  шекарашы болған сарбаз тәртіпті, мықты, сабырлы азаматқа айналатынын жасырмады.

 

 

Шекараны күзету – тек әскери міндет емес, бұл – Отан алдындағы қасиетті аманат. «Шекара – Отанның жүрегі, ал оны қорғау – сарбаздың ар-намысы» деуімізге толық негіз бар. Сайып келгенде, елімізде Отанды тек қызмет атқару барысында ғана сүйіп қорғаумен шектелмейтін, еліміздің абыройлы, бетке ұстар патриотты ұландарының қатары толыға бергей.

 

Сағыныш ҚАЙЫР

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT