Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Әлеуметтік осал топтарды қолдау – әділетті қоғам құрудың басты міндеті» деп атап өткен еді. Осы ұстаным аясында ауданда ерекше қажеттіліктері бар жандардың мұң-мұқтажын тыңдауға бағытталған маңызды кездесу өтті. Атырау облысы әкімінің әлеуметтік осал топтардың құқықтарын қорғау жөніндегі өңірлік уәкілі Марат Үмбеталиев арнайы іссапармен келіп, мүгедектігі бар азаматтармен және жергілікті билік өкілдерімен жүздесті. Кездесудің негізгі мақсаты – қоғамдағы көлеңкеде қалып қоймауы тиіс жандардың мәселесін ашық айтып, оны бірлесе шешудің жолын қарастыру.
Жиынның алғашқы сөзін аудан әкімі Нұрым Мусин алып, кездесудің маңыздылығына тоқталды. Ол бұл басқосудың әлеуметтік әділеттілік пен өзара түсіністікті арттыруға бағытталғанын атап өтті. Кездесу басталмас бұрын Марат Қуанышұлы аз қамтылған және көп балалы отбасылардан шыққан бес бүлдіршінге 50 000 теңгелік сертификат табыстап, оларға бақытты балалық шақ пен білім жолында биік белестер тіледі. Марат Үмбеталиев өз сөзінде заңнамаға енгізілген өзгерістерге сәйкес, енді «Инво такси» қызметін үшінші топ мүгедектігі бар азаматтар да пайдалана алатынын қуанышпен жеткізді.
Басқосу барысында қатысушылар тарапынан өзекті сұрақтар қойылып, мүгедектігі бар жандардың құқықтары мен қоғамдағы мүмкіндіктері кеңінен талқыланды. «Сенім шыңы» қоғамдық бірлестігінің Исатай аудандық филиалының төрағасы Амангелді Нәбиев әлеуметтік әділеттілікке қатысты маңызды мәселелерді көтеріп, нақты ұсыныстарын жеткізді.
-Қазіргі таңда 3 айлық маусымдық жұмыс «Жасыл ел» еңбек жасағы – оқушылар мен студент жастарды еңбекке баулудың тиімді құралы. Алайда көңіл көншітпейтін нәрсе осы маусымдық жұмысқа жағдайы төмен отбасылардың балалары тартылмауда. Атын атап, түсін түстемей-ақ, күнкөрісі жақсы отбасылардың балалары еңбекке араласып жүргені баршамызға мәлім. Біз бұл жұмысты қызғанбаймыз, алайда ең бірінші күнкөрісі төмен отбасылардың балаларын еңбекке араластырса деген ұсынысымыз бар-деді өз сөзінде.
Алайда қазіргі таңда «Жасыл ел» еңбек жасағының өзіндік заңдылығына сәйкес тіркеу онлайн түрде өтіп, еңбек сарбаздарының тізімі облыс-тан жасалатынын жеткізген аудан басшысы Марат Қуанышұлына осы мәселені облыстық деңгейде көтеруге ұсыныс білдірді. Сонымен қатар жиын барысында мүмкіндігі шектеулі жандарға тұрғын үйді кезексіз беру, денсаулық сақтау саласындағы көмек түрлері мен ауданнан диализ орталығын ашу секілді мәселелер де көтерілді. Аудан басшылығы бұл сұрақтардың кезең-кезеңімен шешілетінін жеткізді. Кездесу соңында атқарушы билік өкілдері тұрғындарды жеке қабылдап, олардың өтініштерін тыңдады.
Еркебұлан ЗИНЕДЕНОВ