Исатай ауданы аумағында карантиндік шектеу шараларының сақталуын тексеру жұмыстары жалғасуда.
Арнайы құрылған мониторингтік топ азық-түлік сауда орындарының санитарлық нормаларға сәйкестігін күндіз тексерсе, кешкісін сағат 21.00-ден кейін дүкендердің уақытылы жабылуы және 23.00-ден кейін көшеде автокөліктер мен тұрғындардың бейсауат жүрмеуі қатаң қадағалануда.
«Біз халықтың карантиннен шаршағанын түсінеміз. Алайда, күнбе-күнгі қатаң қадағалаудың арқасында ғана аталған ауру бәсеңдеп, таралу деңгейі төмендеп келеді. Ауданымыз өндірісті өңір әрі күрежол бойында болғандықтан, келіп-кетушілер де көп. Сондықтан, мұндай рейдтердің маңызы жоғары. Бұл - ең алдымен, тұрғындардың денсаулығы үшін қажет. Сондықтан да аудан халқын карантиндік шараларды қатаң сақтауға шақырамыз, - дейді мониторингтік топ мүшесі Нұрберген Өтегенов.
Ал, аудан әкімінің баспасөз қызметінің мәліметінше, карантиндік нормаларды бұзған 2 кәсіпкерге 638 мың теңге айыппұл салынса, құдалық өткізгені үшін Аққыстау ауылының бір тұрғыны да жауапкершілікке тартылған.
Сондай-ақ түнгі 23.00-ден кейін көшеде жүргені және маскалық режимді сақтамағаны үшін 40-тың үстінде тұрғыннан аудандық полиция бөлімі қызметкерлерімен түсініктеме алынған. Одан әрі жаза кесу мәселесін өкілетті орган қарастырады.
Аслан МҰРАТОВ