Шәмші әндері шарықтады

суреттер автордікі

 

Биыл қазақ вальсінің королі, Қазақстан Республикасының халық әртісі, мемлекеттік гимннің авторы Шәмші Қалдаяқовтың туғанына биыл 95 жыл толып отыр. Осыған орай Исатай ауылдық клубының ұйымдастыруымен «Шәмшінің шарықтаған әндері» атты аудандық ән-фестивалі өтті.

 

 

Тірі дауыстағы ән кешін сағынып күткен исатайлық көрермен мәдениет ошағын лық толтырды. Фестивальдің шымылдығы ашылған сәттен-ақ залдан ыстық ықылас пен көрермен қошеметі қатысушыларға ерекше шабыт берді. Кештің алғашқы сөзін алған Исатай ауылдық округінің әкімі Асылан Ғұбаш фестивальдің маңыздылығына тоқталып, қатысушыларға сәттілік тіледі.

 

 

Ән мерекесінің тұсауын жергілікті «Ақжелең» әжелер ансамблі «Ақ ерке, ақ Жайық» әнімен кесті. Фестиваль екі кезеңнен тұрды: алғашқы кезеңде қатысушылар Шәмші Қалдаяқовтың авторлық әндерін жанды дауыста орындаса, екінші кезеңде композитордың өмір жолына арналған сұрақ-жауап сайысы өтті.

 

 

Исатай ауылының киелі сахнасы Шәмшінің сыршыл сазымен тербеліп, әр ауылдан келген өнерпаздар өз ауылдарының намысын қорғады. Тұщықұдық ауылынан келген Ақбота Ғибратова,  бірінші кезеңді «Әнім сен едің» әнімен бастаса, исатайлық Темірхан Серікұлы «Бақыт құшағында» әнін әсерлі жеткізді.

 

 

Қамысқалалық Гүлайнаш Қапаева баян аспабының сүйемелімен «Ғашық күндер» әнін орындап ерекше ыстық ықыласқа бөленсе, аққыстаулық Айымгүл Машаева  домбыра мен эстрадалық үнді ұштастыра отырып «Кешікпей келем деп ең» әнін тамылжыта шырқады.

 

 

Жанбай ауылының намысын қорғап келген Айдар Бекет «Ақмаңдайлым» әнін шарықтата орындап, Нарын ауылынан Нұрбол Халидолла «Сыған серенасымен» сахнаны тербетті.

 

 

Ал исатайлық Эльмира Мұратоллақызы «Туған күн кешінде» әнін нәзік үнімен жеткізсе, фестивальдің алғашқы кезеңін зинедендік Шынар Тілекейқызы «Қайдасың» әнімен түйіндеді. Екінші кезеңде қатысушылар Шәмші Қалдаяқовтың өмірі мен шығармашылығына қатысты сұрақтарға жауап беріп, ұлы композитордың өнегелі өмірін қаншалықты терең зерттегенін көрсетті. Әр қатысушының жауабы мен ықыласы көрермен тарапынан зор қошеметке ие болды.

 

 

Фестиваль соңында аудандық мәдениет, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысының міндетін атқарушы Марат Жұмабеков қатысушыларға арнайы алғыс хаттар мен сый-сияпаттар табыс етіп, өнер иелеріне шынайы ризашылығын білдірді.

 

 

Еркебұлан ЗИНЕДЕНОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

AQPARATPRINT