Шөп тасуды, кәсіп қылған - Серік

Қазіргі уақытта еліміздегі мал басының көбейе түсуіне байланысты оның негізгі азығы болып есептелетін шөп әзірлеп сату тиімді бизнес түріне айнала бастады. Бұл іспен – мал иелерімен қатар, соларға қызмет көрсететін қолында қажетті техникалары бар азаматтар көбірек шұғылданатын болып жүр. Бизнестің тиімді болатын себебі, біздің Қазақстан жағдайында шөп көбінесе табиғи дала жағдайында өз бетімен өседі. Оны тек мезгілінде шауып, жинап алу қажет.

Осы орайда, өзге аудан шаруалығынан шөп тасымалдап, бүгінгі күні шағын бизнесіне айналдырып жүрген тұщықұдықтық азамат Серік Доскановпен байланысқа шыққан едік. Ол жекеменшік камаз автокөлігімен 2015 жылдың мамыр айынан бастап, мал-жайы бар ауыл тұрғындарына тиімді бағада мал азығы – пішен-шөп сатып жүр.
-Шөп қатқыл азық түріне жатады. Ол – сиыр мен жылқы, қой мен ешкінің негізгі қорегі. Қыста мал қолға қараған кезде де ол азықтық рационның негізгі бөлігін құрайды. Осы үшін жаз уақытында мал ұстаған жұрттың бәрі шөп дайындау ісімен шұғылданады. Оны пішен салу, пішен шабу деп атайды. Мұндайда шөпті негізінен шабындық пен даланың түрлі шалғынынан әзірлеген дұрыс. Өзім  жері құнарлы, шөбі шүйгін бізден 350-400 км шақырымда орналасқан Қызылқоға ауданынан пішен пресс шөптерін сатып алып, осылайша шағын бизнесімді ұршыққа иіру үстіндемін. Аудан бойынша басым көпшілігі Аққыстау, Тұщықұдық, Қамысқала ауылдық округ тұрғындарына тасымалдаймын. Арасында, мүмкіндігі шектеулі, тұрмысы төмен ауыл тұрғындарына  кейде жеңілдік жасалыпта, сатылып жүр. Соңғы уақытта пішен тарату жұмыстары қарқынды жүруде, тұрақты клиенттер де алдын ала бірнеше данаға тапсырыс беріп қояды. «Уәде аты- құдай атымен тең» -дегендей бірінші кезекті уәде берілген тұтынушыларды қамтамасыз етемін. Сонымен бірге, қазіргі таңда мал азығының бағасы бұрынғыдан әлдеқайда көтерілген. Себеп, өздеріңізге белгілі, нарықта бағасы көтерілмеген нәрсе жоқ. Соның ішінде Камаз техникасына қажеттіліктің бәрі қымбаттап кетуі, қалтаны әлдеқайда қағып түседі. Бұрындары шөпті шауып, оны жинап, отау үйіп, артынан қыстақтарға жеткізуші едік. Қазір жұмыс әлдеқайда жеңілдеді. Шөпті жиналып жатқан жерінен оны пішен тайлағышпен рулондап орап, сол қалпында қалдырамыз. Рулонда жатқан шөпті жауын-шашын да, жел де алмайды. Сол күйі прецепке тиеп, камазбен ауылға әкеліп, бір түсіреміз, – деп сөз арасына Серік Досканов тілге тиек еткен еді.  
Мал азығын халыққа  үлестіріп, тасымалдап жүрген шаруашылық қызметкеріне ауыл тұрғындары да дән риза.

 

Сағыныш ҚАЙЫР

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521