Үштаған назарда: ОТБАСЫ, ДЕНСАУЛЫҚ, ТӘРБИЕ

 

Қоғамның ең басты тірегі – отбасы десек, бүгінгі таңда осы институтқа қатысты өзекті мәселелер аз емес. Бір жағынан, отбасылық құндылықтардың көмескіленуі, ажырасу көрсеткішінің көбеюі мен әлеуметтік қолдаудың әлсіздігі ойландырса, екінші жағынан, жастар мен жасөспірімдердің денсаулығы  мен тәрбиесіне байланысты сұрақтар күн тәртібінен түспей отыр. Қазіргі таңда жасөспірімдердің репродуктивті денсаулығына  қатысты түрлі қауіптер жөнінде мамандар жиі айтып жүр. Ақпарат тасқыны күшейгенімен, нақты білім мен дұрыс бағдар беру жұмыстары кейде кешеуілдеп жатады. Әсіресе жасөспірімдер арасындағы ерте қарым-қатынас пен оның салдары – алаңдататын жайт. Бұл мәселенің тек медициналық емес, психологиялық, тәрбиелік және әлеуметтік қырлары да бар екенін ескерсек, оны бір ғана мекеменің шеңберінде шешу әсте  мүмкін емес. Осы орайда ауданда жаңадан ашылған Отбасын қолдау орталығының жұмысы және жастар мен жасөспірімдердің репродуктивті денсаулығын нығайту, ерте жүктіліктің алдын алу бағытында атқарылып жатқан шаралар  – аудандық деңгейде жүйелі қолдау табуы тиіс маңызды бағыттардың бірі. Бұл мәселелер жуырда Исатай ауданы әкімінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия отырысында кеңінен талқыланды. Комиссия төрағасы, аудан әкімінің орынбасары Нұрберген Утегенов төрағалық еткен жиында аталған салалар бойынша атқарылып жатқан жұмыстар сараланып, алдағы міндеттер нақтыланды.

Сонымен қатар комиссия отырысына Атырау облысы әкімінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия мүшелері мен облыстық басқарма өкілдері арнайы іссапармен қатысты. Ауданға келген жұмыс тобы құрамында – Атырау облыстық мәслихатының депутаты, облыс әкімінің гендерлік мәселелер жөніндегі штаттан тыс кеңесшісі, «Атырау облысының іскер әйелдері қауымдастығы» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Фатима Төлеева, облыс әкімі аппаратының әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі инспекторы, комиссия хатшысы Зәмзәгүл Жалмурзина, Атырау облыстық мәслихатының депутаты, онкология орталығының бас дәрігері Эльмира Сапарова, облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Тілекқабыл Байдошев, білім беру басқармасы басшысының орынбасары Лаура Меңдіғалиева, сондай-ақ денсаулық сақтау басқармасының Медициналық көмекті ұйымдастыру және қоғамдық денсаулықты дамыту бөлімінің басшысы Айымгүл Жамбылова бар. Жұмыс тобы ауданға арнайы ат басын бұрып, өзекті мәселелердің нақты ахуалын саралауға, жергілікті атқарушы органдармен пікір алмасуға келді. Комиссия отырысында көтерілген тақырыптар өңірлік қана емес, ұлттық деңгейдегі маңызды бағыттар екенін көрсетіп отыр.

 

БІР ОТБАСЫНЫҢ  ТАҒДЫРЫ – БІР ОРТАЛЫҚТЫҢ ЖҰМЫСЫ

Күн сайын күрделеніп бара жатқан әлеуметтік мәселелер, тұрмыстық қиындықтар мен құндылықтар жүйесінің өзгеруі – отбасын жан-жақты қолдауды қажет ететіні сөзсіз. Әсіресе әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу, әлеуметтік-психологиялық қолдау көрсету бұл салада жүйелі, кәсіби көмекті қажет ететін маңызды бағыттар. Осыған орай елімізде отбасылық саясатты жаңғырту бағытында нақты қадамдар жасалуда. 2023 жылдың мамыр айынан бастап орталықты құру бағытындағы құжаттамалық жұмыс басталып, сол жылдың 15 мамырында Атырау облысы Әділет департаментінде заңды тұлға ретінде тіркелді. Ал шілде айында орталық аудан әкімдігінің дербес бөлімдер ғимаратының №62 бөлмесінде алғашқы кеңес пункті ретінде жұмысын бастап кетті. Мұнда арнайы психолог пен заңгер мамандар зорлық-зомбылыққа ұшыраған немесе өмірлік қиын жағдайға тап болған азаматтарға шұғыл кеңес беріп, жеке қабылдаулар жүргізіп келді.

Мемлекет басшысының отбасыларды, әсіресе ана мен баланы кешенді әлеуметтік қорғау туралы тапсырмалары нәтижесінде елімізде әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған заңнамалар қабылданды. Атап айтқанда, 2024 жылғы 14 маусымда қабылданған №256 қаулы мен №192 бұйрыққа сәйкес, отбасыларға көмек көрсету, зорлық-зомбылықтың алдын алу, психологиялық және құқықтық қолдау жүйесі нақты тетіктермен бекітілді. Осы негізде 2024 жылғы 10 қыркүйекте аудан әкімінің №166 қаулысымен «Исатай ауданының отбасын қолдау орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі құрылып, 30 қыркүйекте ресми түрде ашылды. Бұл – ауданымызда отбасылық-демографиялық саясаттың нақты жүзеге асып жатқанын көрсететін маңызды қадам. Комиссия отырысында бұл туралы алғаш болып аудандық Отбасын қолдау орталығының басшысы Гүлнара Хайрденова баяндама жасады. Ол орталықтың құрылу тарихы, қызмет бағыттары және қазіргі таңда қандай отбасыларға нақты көмек көрсетіліп жатқанын тарқатып айтып берді.Оның айтуынша, орталықта қазіргі уақытта психолог, заңгер және екі әлеуметтік маман тұрақты түрде қызмет атқаруда. Мамандар тек дағдарысқа ұшыраған отбасылармен ғана емес, сондай жағдайлардың алдын алу мақсатында да түсіндіру, кеңес беру жұмыстарын жүргізуде.

 

 

 

Жалғасы газеттің №31 (4244) санында

 

Жайна ИСЛАТ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT