Шынар Дүйсенова: «Өнерлі отбасында өстім»

Зинедендік Шынар Дүйсенова - Құрманғазы ауданы, Алға ауылының тумасы.

Көпбалалы, өнерлі отбасында дүниеге келген ол 8 қыз 1 ұлдың арасында тәрбиеленіп, ес білгелі ата-анасының тәліміне қоса өнеріне де қызыға әрі еліктеп өсті.

- Әкем түрлі аспаптарда ойнайтын, ал анам ән айтып, би билейтін. Мен әкемнің аспаптарда ойнағанын көргенімде қатты қызығатынмын, әсіресе, сырнай ойнағаны қатты ұнайды, - дейді ол тілдескенімізде.

Бала күнінен ән десе, ішкен асын жерге қоятын Шынарды әңгімеге тартып, оның кішкентайынан талай өнер байқауларында оза шауып, бәйге алғанын да білдік.

- Бала кезімде мектепішілік, аудандық жарыстарға қатынасып, көптеген жүлделі орындарға ие болдым. Соның ішінде ең алғашқы жарысым әлі есімде. Ол аудандық «Әнші балапан» ән байқауы болатын. Сөйтіп, сол додада бас жүлдені қанжығалап, 8 жасымда Құрманғазы аудандық «Серпер» газетіне шыққан едім. Содан кейін ауылымыздан Дүйсеновтер өнерлі отбасы таныла бастады, - дейді бала күнінен сыр шерткен кейіпкеріміз.

Әкенің қаны, ананың сүтімен сіңген өнер оны алға жетелеп, Шынар 5 сыныптық домбыра сыныбын бітіріп, Атырау қаласындағы Дина Нүрпейісова атындағы халықтық музыка өнер академиясына хор бөліміне оқуға түсіп, оны тәмамдаған соң еңбек жолын Зинеден ауылындағы Ю.Гагарин атындағы орта мектепте бастады. 2005 жылы сол ауылға келін болып түсіпті.

- Бүгінде бірнеше шәкіртім мектепішілік, аудандық, облыстық, қала берді республикалық сайыстарға қатысып, жоғары нәтижелерге қол жеткізіп келеді. Қазіргі таңда азаматымыз екеуміз 5 қыз, 1 ұл тәрбиелеп отырған көпбалалы отбасы қатарындамыз. Ата-анамыздан алған үлгі-өнегемізді, ұрпағымыздың бойына дарытып, оларды да өнер жолына тәрбиелеп келеміз. Отағасы бейнелеу өнеріне бейім, соған қарап әкесіне еліктеп сурет салатын балаларымыз да бар. Ал, өзіме тартып, баян, домбырадан дәріс алып жатқан балалар қазіргі таңда ауылымызда музыка-саз мектебі жабылып қалғандықтан сәл тежеліп қалды. Алайда қанда бар қасиет қайда кетсін. Олардың нағашыларына қыдырып барған сайын өздерінің өнерлі отбасының ұрпағы екендіктерін мақтан тұтатынын да байқаймын, - дейді зинедендік өнерпаз.

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521