Шындыққа көлеңке түсірген құбылыс

сурет ғаламтордан

 

Күн сайын сансыз хабар мен жаңалық нөсер болып жауады. Қолымыздағы телефонға, алдымыздағы экранға ағылып келіп жатқан ақпараттың арасынан шын мен жалғанды ажырату барған сайын қиындап барады. Бір сәтке тоқтап, мән беріп үлгермей жатып-ақ, әлгі дерек әлеуметтік желі арқылы ел арасына тарап кетеді. Қазір бір ғана жазбаның дүние жүзін шарлап шығуына бірнеше секунд жеткілікті. Иә, бұл – технологияның жеңісі, замана жетістігі. Бірақ оның көлеңкелі жағы да бар. Ақпараттың ашықтығы артып, таралу жылдамдаған сайын жалған деректердің де тамыр жаюы оңайлады. Ендеше, осындай өтірікке құрылған хабарлар қоғамға қалай әсер етеді?

Жалған ақпарат – бұл жай ғана біреудің қателігі емес, тұтас қоғамның сеніміне сызат түсіретін қауіпті құбылыс. Бір қарағанда, «бір посттың не зияны бар» деп қарау оңай. Бірақ дәл осындай «шағын» хабарламалар талай адамның ойына күмән ұялатып, бір қауым елдің көзқарасын өзгертіп жіберуі мүмкін. Мәселен, жалған ақпараттар көбіне адамдардың эмоциясына әсер ету арқылы таралады. Көзге бірден түсетін тақырып, қорқыныш тудыратын сөйлемдер, сенсацияға толы мазмұн — осының бәрі адамның санасына тез сіңеді. Сөйтіп, адам фактіге емес, сезімге еріп шешім қабылдайды.

ҚОҒАМҒА ТИГІЗЕР ӘСЕРІ

Жалған ақпараттың ең үлкен қаупі — сенімнің жоғалуы. Адамдар біртіндеп ресми дереккөздерге күмәнмен қарай бастайды. Ақпараттың шын не жалған екенін ажырата алмау қоғамдық пікірдің бытырауына, түсініспеушілік пен алауыздықтың көбеюіне әкеледі. Бұған нақты мысал жеткілікті. Соңғы жылдары түрлі әлеуметтік желілерде таратылған «дәрі ішпеңіз», «вакцина қауіпті» деген секілді жалған хабарламалардың салдарынан қаншама адам өз денсаулығына зиян келтірді. Ал кей жағдайларда жалған ақпарат ел ішіне дүрбелең туғызып, қоғам тыныштығына селкеу түсірген кездер де аз емес.

НЕЛІКТЕН БІЗ АЛДАНАМЫЗ?

Себебі адамның табиғаты — сенуге бейім. Әсіресе, сенсация мен ерекше жаңалықтарға. Көпшілігіміз ақпараттың мазмұнын тексермей, эмоция жетегінде бөлісіп жібереміз. Оның үстіне, әлеуметтік желі алгоритмдері адамға ұнайтын, соған ұқсас контентті көбірек ұсынғандықтан, жалған ақпарат бір сәтте «ақиқатқа» айналып кетуі мүмкін. Жалған деректің таралуына тағы бір себеп — ақпараттық мәдениеттің төмендігі. Әрбір азамат өз парақшасында жариялаған немесе бөліскен мәліметіне жауапты екенін ескере бермейді.

НЕ ІСТЕУ КЕРЕК?

Біріншіден, әр деректі таратпас бұрын тексеру қажет. Екіншіден, сенімді дереккөздерге жүгіну маңызды. Ресми органдардың, беделді БАҚ-тардың мәліметін салыстырған жөн. Үшіншіден, ақпараттың қай күні, қай контексте шыққанын қарау керек. Ескі бейне, ескі мәлімет жаңалық ретінде берілсе, ол да жалған әсер тудырады. Төртіншіден, балалар мен жастар арасында медиасауаттылықты арттыру қажет. Бұл – болашақта қоғамды жалған ақпараттан қорғаудың ең тиімді жолы.

ЖАЛҒАН АҚПАРАТҚА ЖОЛ ЖОҚ

Бүгінгі ақпараттық ғасырда шындық пен жалғанның арасы қыл көпірдей болып кеткені рас. Әлеуметтік желілер мен мессенджерлер арқылы тарайтын тексерілмеген хабарламалар қоғамда дүрбелең туғызып, азаматтардың сеніміне селкеу түсіретіні белгілі. Сондықтан да ақпаратты тұтыну мәдениеті мен медиасауаттылық бүгінде әр адамның маңызды өмірлік дағдысына айналуы тиіс. Осындай жағдайда аудан тұрғындарының жауапкершілік танытып, әр деректі сүзгіден өткізуі — көңіл қуантатын жайт. Аудандық полиция бөлімінің аға жедел уәкілі, полиция капитаны Руслан Бағытовтың айтуынша, жыл басынан бері жалған ақпарат тарату фактілеріне байланысты аудандық полиция бөлімінің арнайы хабарламаларды есепке алу кітабына бірде-бір хабарлама тіркелмеген.

– Бұл, бір жағынан, аудан тұрғындарының жауапкершілігінің артқанын көрсетеді. Азаматтар әлеуметтік желіде жарияланатын кез келген деректі сүзгіден өткізіп, ресми ақпарат көздеріне сүйенуге дағдыланып келеді. Сонымен қатар, учаскелік инспекторлар мен жергілікті полиция қызметкерлері тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарын тұрақты жүргізеді. Бұл да жалған ақпараттың алдын алуға сеп болып отыр,-дейді ол.

Бұл мәлімет аудан тұрғындарының медиасауаттылық деңгейінің біртіндеп өсіп келе жатқанын дәлелдейді. Демек, жалған ақпараттың таралмауы  кездейсоқ емес, саналы ұстанымның нәтижесі.
Иә, әрине жалған ақпаратпен күрес – тек заңмен емес, сана арқылы жүргізілетін жұмыс. Әрбір адамның «тексер, содан кейін тарат» деген қарапайым дағдыны қалыптастыруы – ақпараттық қауіпсіздіктің басты кепілі.

Технология дамыған сайын шындық пен өтіріктің арасындағы шекара жіңішкере түсуде. Сол себепті, бүгінгі ең өзекті сауал – «ақпарат бар ма?» емес, «ол рас па?» деген сұрақ болуға тиіс.

 

Жайна МАНСЫРОВА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT