Сібір жарасы несімен қауіпті

Қазақстан Республикасының аумағында «Сібір жарасы» бойынша қолайсыз пункттер барлық облыстарда тіркелген.

Республика бойынша соңғы жылдары адамдардың сібір жарасын жұқтыруына кенеттен ауырған жануарларды ветеринариялық куәландырусыз үй жағдайында еріксіз сою, ауру жануарды сойысуға, етін бөлшектеуге қатысуы себеп болған.

Атырау облысы аумағы сібір жарасы қоздырғышын жұқтыру қауіптілігінің шарты-қолайлы аймағына кіреді. Облыс бойынша республикалық Кадастрға сібір жарасы бойынша 25 стационарлық-қолайсыз пункттер енгізілген.Облыста 1958-1997 жылдар аралығында сібір жарасымен 28 адам ауырып, 197 бас ауылшаруашылық малдары өлген.

Сібір жарасы – адамдар мен жануарлар үшін ортақ, зооантропонозды аса қауіпті ауру, қоздырғышы негізінен байланыс механизмімен беріліп, белгілі бір жағдайларда спора түзуге қабілетті болып келеді.

Сібір жарасы  спораларының коздырғыштары жоғары температураға, кептіруге және дезинфектанттарға төзімді болғандықтан, ол топырақта ұзақ жылдар бойы сақталады.

Негізгі инфекция көздері ауру үй жануарлары – ірі және ұсақ мүйізді малдар, шошқалар, жылқылар, түйелер болып табылады. Сау малдар жайылымдарда сібір жарасы қоздырғыштары бар топырақтан ауру жануарлардың нәжістерімен ластанған шөпті қорек ету арқылы  жұқтырады.

Көптеген жағдайларда адамдарда сібір жарасы ауруы малды сою және етін жіліктеу кезінде зақымдалған тері арқылы қоздырғыштың енуі нәтижесінде, сондай-ақ ауру малдардан алынған еттері мен  шикізаттары арқылы жұқтыруынан туындайды.

Адамдарда аурудың алғашқы белгілері жұқтырғаннан кейін 2-8 күннен кейін байқалады.  Ауру әртүрлі клиникалық формаларда – терілік, асқазан-ішек, өкпелік түрде өтеді.  

Адамдарда сібір жарасының терілік түрі анағұрлым жиі кездесіп, көр шиқанды (карбункул) түрінде болады. Көр шиқан  көбінесе дененің ашық жерлерінде: бетте, мойында, қолдарда пайда болады. Науқастар ауырған кезде бас ауруына, шаршау, әлсіздік, ыстығының көтерілуіне шағымданады.

Сібір жарасы ауруының өкпелік түрі өте ауыр өтеді. Күшті қалтырау, ентігу, терінің көгеруі, қанды қақырықтың бөлінуі болады.

Сібір жарасы ауруының асқазан-ішек түрі білінбей дамиды және құсу, қан аралас іш өтудің пайда болуы кеш белгілері болып табылады.

Әрбір жануарлардың иелері сібір жарасын жұқтыру қауіптілігін ескере отырып, жеке бастың алдын алу шараларын сақтауға міндетті, сондай-ақ ауылшаруашылық малдарын сібір жарасына қарсы ектірулері, сатып алынған жануарлар туралы хабарлауы қажет. Малдәрігерінің бақылауынсыз малды союға, етін жіліктеуге, ауру жануарлардың терісін, жүнін өңдеуге болмайды.

Сібір жарасын жұқтырудан Сіз өзіңіздің және жақындарыңыздың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін, жануарлардың ауруы, еріксіз сою немесе өлген жағдайлары туралы дереу малдәрігерлік маманға хабарлау қажет.

Сібір жарасы – жануарлар және адамдар өмірі үшін қауіпті ауру екенін әркез жадыңыздан шығармаңыз!

 

 

Танауов Мәдениет Рашидұлы

Атырау облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521