Президент Жолдауында қазіргі жаһандық үдерістердің әсерінен әлемдік нарықтағы басымдықтар түбегейлі өзгеріп жатқаны ерекше атап өтілді. Әсіресе, сирек кездесетін металдар мен ерекше қажет материалдардың маңызы артып, олардың стратегиялық рөлі бұрынғыдан да өзекті бола түсті. Бұл ресурстар – жоғары технологиялар мен цифрлық шешімдердің негізгі құрамдас бөлігі болып табылады. Яғни, жасанды интеллект, ғарыштық технологиялар, электроника, «жасыл» энергетика сияқты салаларда сұраныс күннен-күнге өсіп келеді.
Қазақстан сирек кездесетін пайдалы қазбаларға бай мемлекеттердің қатарында. Бұл – біздің үлкен артықшылығымыз әрі даму мүмкіндігіміз. Президент айтқандай, еліміз осы бағытта батыл әрі жүйелі қадам жасап, жаһандық өндірістік және логистикалық тізбектерге белсенді түрде қосылуы тиіс. Бұл тек шикізатты экспорттау емес, оны өңдеп, қосылған құны жоғары өнім өндіруді көздейді.
Мұндай қадам елімізге жаңа инвестициялар тартуға жол ашады, заманауи зауыттар мен өндіріс орындарын құруға, отандық кадрларды оқытып, біліктілігін арттыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, бұл экономиканы әртараптандырудың нақты тетігіне айналып, шикізатқа тәуелділікті азайтады. Жаңа жұмыс орындары ашылып, еліміздің аймақтары да теңгерімді дамуға көшеді.
Осының бәрі Қазақстанның халықаралық аренадағы беделін күшейтеді. Тек шикізат көзі емес, жоғары технологиялы өндіріс орталығы ретінде қалыптасу – еліміздің ұзақ мерзімді даму стратегиясының өзегі болуы тиіс.
Президенттің осы салаға басымдық беруі – Қазақстанның болашағы үшін жасалған маңызды әрі көреген шешім. Ендігі міндет – осы мүмкіндікті тиімді пайдаланып, нақты нәтижелерге қол жеткізу.
Ерболат МАХАШОВ,
Аққыстау ауылдық округінің әкімі