Исатай аудандық сотына былтыр барлығы 40 адамға қатысты 37 қылмыстық іс түскен.
Бұл қылмыс санының 2019 жылмен салыстырғанда 16 іске, яғни 47,1 пайызға көбейгендігін көрсетеді. Бұл туралы аудандық сот төрағасының міндетін атқарушы Жазира Мұхаметова жыл бойы атқарылған жұмыс қорытындысы жөнінде өткен брифингте мәлімдеді.
- Ауданда мал ұрлығымен 2 қылмыстық іс тіркелді. Сот үкімі бойынша осы аққыстаулық 2 азаматқа 6 жыл мерзіміне бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды, - дейді кейбір істерге жекелей тоқталған аудандық сөт төрағасының міндетін атқарушы. Оның айтуынша айыпталушы азаматтар біреудің қорасынан 2 сиыр малын ұрлап, оны сойып, етін сатқан. Жәбірленуші кешірім берген соның өзінде айыпталушылар, 6 жылға бас бостандығынан айырылыпты. Оның себебін Жазира Мұхаметова заңдағы өзгерістермен түсіндірді. «Бұрын мал ұрлығы ауырлығы орташа қылмыс түріне жататын. 2019 жылғы кодекске енгізілген өзгерістерге байланысты мал ұрлығы ауыр қылмыс түріне ауыстырылды» дейді ол. Оған 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген екен.
Тағы бір мал ұрлығына тоқталсақ, біреудің қозысын ұрлап, араққа сатып жіберген азаматқа мүгедектігі ескеріліп, 2,5 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалған.
Аудандық сот төрағасының міндентін атқарушы өткен жылмен салыстырғанда әкімшілік істер санының азайғанын айтады.
Серікбол ПАНАБЕРДИЕВ
Сурет: ашық дереккөзден