Әскерден неге қашамыз?

 

«Отанға қызмет – абыройлы міндет» деп ұрандатқанымызбен, осы сөздің шынайы салмағын жүрегімен сезініп, әскери борышын асқан ықыласпен өтеуге аттанатын жастардың қатары жылдан жылға сиреп бара жатқанын көз көріп отыр. Бұл жағдай – қоғамды бейжай қалдырмайтын, баршамызға ортақ алаң. Өйткені әскер – тек жеке азаматтың таңдауы емес, мемлекеттің қауіпсіздігі мен тұтастығына тікелей әсер ететін стратегиялық маңызы зор сала. Әрбір ата-ана ұлының аман-есен борышын өтеп, елге оралғанын қалайды. Осы тұрғыда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауында әскердегі тәртіп пен заңдылықтың қатаң сақталуы – аса маңызды міндет екенін айрықша атап өтті.

Мемлекет басшысы «Жастар әскерге Отан алдындағы борышын өтеуге барады. Жас сарбаздарымыз өз міндетін алаңсыз орындауы үшін әскер қатарында, ең алдымен, темірдей тәртіп болуы тиіс. Әр ата-ана әскерге кеткен баласын мемлекетке сеніп тапсырады. Сондықтан сарбаздардың денсаулығы мен қауіпсіздігіне, ең алдымен, армия басшылығы және құқық қорғау мекемелерінің басшылары жауапты»,-деп қадап айтты. Бұл – мемлекет тарапынан әскери қызметке, жастардың қауіпсіздігіне беріліп отырған үлкен кепіл мен жауапкершілік.

Қазақстан Республикасы Конституциясының 36-бабында: «Қазақстан Республикасын қорғау – оның әр азаматының қасиетті борышы» деп тайға таңба басқандай жазылған. Бұл тек қана құқықтық норма емес, елдіктің айғағы, азаматтық ардың өлшемі. Осы орайда батыр Бауыржан Момышұлының: «Әскери қызмет дегеніміз – дені сау әрбір азаматтың асыл парызы, ардақты борышы. Кімде-кім әскери қызметтен жалтарса, ол патриот емес» деген сөзі бүгінгі күнде де мән-маңызын жойған жоқ.

 

 

Ел қауіпсіздігі – ғылым мен мәдениеттен, экономикалық дамудан бір саты төмен тұрған сала емес. Керісінше, олардың бәрімен қатар аталып, мемлекеттің тірегін бекемдейтін аса маңызды бағыт екені айқын.Міне, осындай жауапкершілікті жүктейтін күзгі әскерге шақыру науқаны елімізде басталды. Бұл жұмыс Исатай ауданында да жүйелі жүргізілуде. Аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлім басшысы Елнұр Мұхамадидің айтуынша, биылғы шақырылымда ауданымыздан алты сарбаз әскер қатарына жөнелтілу жоспарланған. Бүгінде солардың үшеуі Отан алдындағы борышын өтеуге аттанып үлгерді. Айта кетерлігі, биылғы жылы әскерге аттанған жігіттер еліміздің шекара қызметінде қызмет атқаратын болады.

 

Жалғасы газеттің №36 (4249) санында

 

Еркебұлан ЗИНЕДЕНОВ 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT