Ұлттық ұлан – ішкі істер органдарының ажырамас бөлігі. Жуырда 10 қаңтар күні Қазақстанның Ұлттық ұланы өздерінің кәсіби мерекесін атап өтті. 2015 жылы «Ұлттық ұлан туралы» Заңға қол қойылып, оның құқықтық мәртебесі бекітілген болатын. Биыл аталған құрылымның құрылғанына 33 жыл толып отыр.
Ұлттық ұланның әскери қызметшілері азаматтар мен қоғамның қауіпсіздігін, заңдылықтың сақталуын қамтамасыз етіп, ерлік, батылдық және антқа адалдық танытып, ел игілігі үшін қызмет етіп келеді.Ұлттық ұлан сапында қызмет ету – ерекше абырой. Бұл қатарға бойшаң, бұйрықты бұлжытпай орындайтын, тәртіпті жігіттер ғана қабылданады. Сайдың тасындай іріктелген жігіттердің өзі қатал сынақтан өте бермейді. Бұл бөлімшенің ерекшелігі неде? Олардың қатарына қосылу үшін қандай талаптар қойылады? Осы сауалдарға жауап алу үшін Алматы қаласындағы «5571» әскери бөлімінде Отан алдындағы борышын өтеп қайтқан аққыстаулық Досжан Рақымжанұлымен сұхбаттасқан едік.
– Досжан Рақымжанұлы, алдымен өзіңіз туралы таныстырып өтсеңіз? «Ұлттық ұланға» қызметке қалай келдіңіз? Бұл шешіміңізге не түрткі болды?
– Өзін нағыз ер азаматпын деп санайтын, кеудесінде ар-намысы, бойында жігері, жүрегінде алаулаған оты бар әрбір жан үшін Отан алдындағы борышын өтеу – ең басты парыз, ең биік адами міндет деп білемін. Менің туып-өскен жерім – Аққыстау ауылы. Жас кезімнен санама сіңген ұлы сөздердің бірі – Бауыржан Момышұлы атамыздың: «Отан үшін отқа түс – күймейсің!» деген ұлағаты. Бұл сөз әр сарбаздың жүрегінде жазылуы тиіс өмірлік қағида деп есептеймін. Еліміздің бейбітшілігі мен тұрақтылығы, көгімізде көк туымыздың асқақ желбіреуі – осы жас сарбаздардың мойнында. Мен Орал қаласында студент болып жүргенімде әскерге шақырту келді. Ол кезде жаңа орта, жаңа достар тауып, өмірдің қызықты сәттерін бастан кешіп жүрген шағым еді. Дегенмен Ұлттық ұланда борышын өтеп келген достарыммен әңгімелескен сайын әскери өмірге деген қызығушылығым арта түсті. Олардан естіген тәртіп пен рух, батылдық пен бауырмалдық мені жігерлендірді. Ақыры ұзақ ойлана келе маңызды шешім қабылдадым. Оқуымды уақытша тоқтатып, Отан алдындағы қасиетті борышымды өтеу үшін Алматы қаласындағы Ұлттық ұланның «5571» әскери бөліміне аттандым. Бұл – мен үшін тағдыршешті әрі жауапты қадам еді. 2023-2024 жылдар аралығында әскери міндетімді абыроймен атқарып, туған жеріме, отбасыма аман-есен оралдым.
– Бәрекелді! Ал қызмет барысында қандай негізгі міндеттерді орындайсыз?
– Күнделікті қызметте ғана емес, еліміздің барлық өңірлерінде жағдай күрделенген кезде де құқық қорғау және лаңкестікке қарсы күрес міндеттерін жоғары деңгейде атқара алады. Мен Алматы қаласындағы «5571» әскери бөлімінің 1-батальоны, 1-ротасында әскери борышымды өтедім. Әскер қатарында болған кезде сарбаздармен бірге Алматы қаласындағы маңызды стратегиялық нысандардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету міндеті жүктелді. Бұл нысандардың қатарына мемлекеттік маңызы бар орталық ғимараттар, қоғамдық орындар кірді. Ұлттық ұлан сарбаздарына қойылатын талап өте жоғары. Олардың басты міндеті – стратегиялық маңызды нысандарды қорғап, қоғамдық тәртіпті сақтау ғана емес, кез келген төтенше жағдай кезінде жедел әрекет етіп, қиындыққа тап болған азаматтарға қолдау көрсету. Біз үшін «Жаны қысылғанға – қорған, жәбір көргенге – медет болу» қағидасы басты ұстаным еді. Әскер қатарына алынбас бұрын біз медициналық тексерістен өттік. Бұл сынақтан өту оңай болған жоқ, себебі Ұлттық ұланға қабылданатын сарбаздарға қатаң талап қойылады. Мен Атырау облысынан жалғыз іріктеліп, «5571» әскери бөлімінде қызмет атқару бақыты бұйырды. Бұл бөлімшенің ерекшелігі – сарбаздар аптасына 120 сағаттан артық үздіксіз дайындықтан өтеді. Оған физикалық дайындық, саптық жаттығулар, қарумен жұмыс істеу, стратегиялық жоспарларды меңгеру кіреді. Әскерге қойылатын талаптардың бірі – бойы 175 см-ден төмен болмауы және денсаулығының мінсіз болуы. Алғашқы кезеңде бір ай бойы қаруды дұрыс ұстау, нысананы дәл көздеу, саптық жүру жаттығулары үйретілді. Егер бір адам қателік жіберсе, бүкіл бөлімше қайта дайындықты бастауға мәжбүр болады. Осылайша, «Бәріміз біріміз үшін, біріміз бәріміз үшін» деген ұжымдық жауапкершілік қағидаты қалыптасты. Таңғы тәртіп те өте қатал. Біз таңғы сағат 6-да оянып, бірден дене қыздыру жаттығуларына кірісетінбіз. Стадионды бір айналып, кейін бұлшық етті шынықтыруға арналған кешенді жаттығулар жасаймыз. Ұлттық ұлан сарбаздары үшін саптық дайындық – тәртіпке үйрететін негізгі жаттығулардың бірі. Сапта дұрыс жүру, бұйрықты нақты әрі жылдам орындау сарбаздардың кәсіби деңгейін көрсетеді. Осы қызметім маған үлкен өмірлік сабақ болды. Егер маған тағы да әскерге шақырту келсе, еш ойланбастан қайта барар едім.
– Бұл пікіріңіз көп жасқа үлгі болары анық. Сіздің ойыңызша Ұлттық ұлан әскери бөлімшесінің ел қауіпсіздігі үшін маңызы қандай?
– Ұлттық ұлан – елдің қауіпсіздігі мен тұрақтылығының басты тіректерінің бірі. Біз қоғам тыныштығын қамтамасыз етіп қана қоймай, қиын-қыстау кезеңдерде, төтенше жағдайларда және қоғамдық тәртіп бұзылған сәттерде жедел әрекет етеміз. Бұл қызмет – халықтың мемлекетке деген сенімін нығайтып, елдің бірлігі мен қауіпсіздігін сақтауда маңызды рөл атқарады деп есептеймін.Осындай сын сәттердің бірі өткен жылы орын алды. Көктемгі қар еріп, Жер-Ана бусанып, табиғат ояна бастаған уақытта еліміздің бірнеше өңірінде табиғи апат – су тасқыны орын алды. Бұл тілсіз жау көптеген отбасылардың өміріне қауіп төндіріп, халықтың жүрегіне үрей ұялатты. Су деңгейінің көтерілуі нәтижесінде бірнеше елді мекен су астында қалып, тұрғындар қиын жағдайда қалды.Дәл осы қысылтаяң кезеңде Ұлттық ұлан сарбаздары бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, ел қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бірауыздан атсалысты. Біздің бөлімше сарбаздары су тасқынына қарсы күрес жұмыстарына белсене араласып, тұрғындарды қауіпсіз жерге көшіру, апат салдарын жою, мүліктерді құтқару секілді маңызды міндеттерді атқарды. Тек бір өңірмен шектелмей, еліміздің өзге аймақтарынан да сарбаздар жедел көмекке келді. Топтарға бөлініп, әр ауылда, әр елді мекенде жұмыла жұмыс атқардық. Халықтың амандығы үшін күн-түн демей қызмет етіп, елге қорған болдық.
– Әскерге баруға жалтарып жүрген замандастарыңызға не айтасыз, қандай кеңес берер едіңіз?
– Қазақта «Ер ел үшін туады, ел үшін өледі» деген аталы сөз бар. Бұл – нағыз ер азаматтың өмірлік ұстанымы. Тек бір әулеттің емес, тұтас халықтың ұлы болу – кез келген азаматтың арманы. Ал осы арманға жетудің бір жолы – Отан алдындағы борышты өтеу, әскер қатарына қосылу. Бұл шешім қайсарлықтың, елжандылықтың, нағыз азаматтықтың жарқын көрінісі. Мұны жүрегі «Қазақ» деп соққан әрбір жас түсінері сөзсіз.Бүгінгі таңда көктемгі және күзгі әскерге шақыру науқаны жалғасуда. Бұл – ел үшін еңбек етуге, ерлік пен батылдық танытуға берілген үлкен мүмкіндік. Әсіресе, «Мен борышымды өтеймін» деп мақсат қойған жас сарбаздарға Ұлттық ұлан бөлімшелерінде барлық жағдай жасалған. Сіздің өміріңізге мықты тәртіп, темірдей төзімділік, рухани шыңдалу сынды қасиеттерді қалыптастырады. Әскерде сіз тек физикалық тұрғыдан шыңдалып қана қоймай, рухани жағынан да есейіп, нағыз өмір мектебінен өтесіз. Сол себепті, өз қатарластарым мен замандастарыма: «Әскерге барудан қорықпаңыздар!» дегім келеді. Бұл уақыт – сіздің өміріңізді жаңа арнаға бұрып, өзіңізді жаңа қырынан танытатын маңызды кезең болмақ.
– 10-қаңтар –Ұлттық ұлан күні сіз үшін қандай мағынаға ие?
– 10 қаңтар – Ұлттық ұлан күні мен үшін үлкен құрмет пен мақтаныштың символы. Бұл атаулы күнде біз, Ұлттық ұлан сарбаздары, еліміздің қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолындағы еңбегімізді тағы бір мәрте еске алып, Отан алдындағы борышымызды адал атқарып жүргенімізді бағалаймыз. Ұлттық ұланның қызметі – еліміздің тыныштығын қорғау, қоғамдық қауіпсіздікті сақтау және азаматтардың бейбіт өмірін қамтамасыз ету жолындағы үлкен жауапкершілік. Бұл қатарда болу жай ғана жұмыс емес, ол елге деген адалдықтың, патриотизм мен жоғары жауапкершіліктің жарқын үлгісі.Отанға қалтқысыз қызмет ету – әр сарбаз үшін үлкен мәртебе.