Міне, таңғы салқын самал бетке соғып, казарманың алдында сап түзеген ерлердің жүзінен жауапкершілік пен рухтың белгісі байқалады. Қолыңда қару болмаса да, иығыңа артылған сенімнің салмағы сезіледі. Бұл – Отан алдындағы борышты еске салар, ерлік пен тәртіптің мектебі – әскери жиын. Журналист ретінде емес, азамат ретінде сол онкүндікке қатысып, мен де әскердің ауасымен тыныстап, саптағы өмірдің ырғағын сезіндім. Таңғы 6-да ояну, әскери жарғыны қайталау, атыс пен тактикалық дайындық, ортақ асхананың иісі мен сарбаздардың әзілге толы көңіл күйі – бәрі де бір ғана ойды ұғындырды: ел тыныштығын сақтау – сөз емес, іс арқылы дәлелденетін парыз.
ҚР-ның 2012 жылғы 16 ақпандағы №561-IV «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» заңының 33-бабының 2-тармақшасына және Атырау облысы әкімінің «Әскери міндеттілерді әскери жиынға шақыру туралы» қаулысына сәйкес, 23 қыркүйек пен 2 қазан аралығында Атырау қаласында аумақтық қорғаныс бригадасының әскери міндеттілерімен оқу-жаттығу жиыны өткізілді. Он күнге созылған бұл іс-шараға облыстың түкпір-түкпірінен келген 91 запастағы офицер мен әскери қызметші қатысып, жауынгерлік дайындық сабақтарынан өтті. Бұл жиын әсте жай ғана жаттығу емес, елдік рухтың, бірліктің және тәртіптің мектебі іспетті. Мұнда әр азамат өз сертін қайта жаңғыртып, Отан алдындағы борышының мәңгілік екенін жүрегімен сезінді…
Атырау қаласындағы 99245 әскери бөлімнің офицерлері мен әскери қызметшілер әскерге тән тәртіпті, саптық дайындықты, атыс даярлығын, сондай-ақ төтенше жағдайлар кезіндегі іс-қимылдарды меңгеруге септігін тигізіп, 20-45 жас аралығындағы 91 әскери қызметшіге ұстаздық етті. «Қарабатан» әскери полигонында тактикалық тұрғыдан дайындық сабақтарынан өтіп, бригаданың жауынгерлік әзірлігін арттыру, бөлімшелердің үйлесімді әрекетін ұйымдастыру, стратегиялық нысандарды қорғау және күзету бағытында тәжірибелерін шыңдады. Әскери дайындық сабақтарынан бөлек, барлық әскери қызметшілер аты аңызға айналған АК-47 автоматымен 100 метр қашықтықтан нысанаға дәл көздеп, мергендік шеберліктерін паш етті.
Өз кезегінде облыс әкімдігі тарапынан әскери қызметшілерге заманауи жаңа әскери форма, күніне үш мезгіл ыстық тамақпен қамтамасыз ету, сондай-ақ оқу-жаттығу алаңына апарып-әкелу үшін арнайы көлікпен қамту сынды қолайлы жағдайлар жасалды. Қызметтен тыс уақытта сарбаздар Атырау облыстық өлкетану мұражайына барып, туған өлкесінің бай шежіресімен тереңірек танысып, тарихи санасын арттыруға мүмкіндік алды. Сонымен қатар Нұрмұхан Жантөрин атындағы Атырау облыстық филармониясының өнерпаздары әскери қызметшілерге арнап патриоттық рухтағы әсем ән-күйлерін тарту етіп, сарбаздарға рухани серпіліс сыйлады. Салауатты өмір салтын ұстанатын жас сарбаздар арасында түрлі спорттық сайыстар ұйымдастырылып, ерік-жігері мен физикалық дайындығы мықты жауынгерлер өзара сынға түсіп, шын мықтыны анықтады. Бұл шаралар әскери тәртіп пен патриоттық рухты нығайтуға, сарбаздардың жан-жақты дамуына ықпал еткен маңызды бастамаға айналды.
Жалғасы газеттің №40 (4253) санында
Еркебұлан ЗИНЕДЕН