Қамысқала ауылдық мәдениет үйінде 29 сәуір – Халықаралық би күніне орай «Өнерге қанат қаққандар» атты концерт өтті. Бұл кеш – өнердің құдіретін би арқылы сезіндіретін, сұлулықты би тілімен сөйлеткен әсерлі де мазмұнды шара болды. Мақсаты – балалардың би өнеріне деген сүйіспеншілігін арттырып, әрбір баланың бойындағы қабілетті шыңдау, дене сымбатын қалыптастыру мен әсемдікке іңкәрлік дарыту.
Кеш шымылдығын Қамысқала ауылдық мәдениет үйінің жанынан құрылған «Көркем-ай» және «Еркем-ай» би топтары ашты. Мың бұралған би қимылдары, сахнадағы еркін қимыл, сенімділік – бәрі де балалардың бұл өнерге ерекше ықыласпен келгенін аңғартты.
Екі үйірменің де жетекшісі – Зинагүл Мұхтарова. Ол ұзақ жылдар бойы шәкірт тәрбиелеуде табандылық танытып келеді. Оның тәлімін көрген көптеген бала бүгінде түрлі салада еңбек етіп, өмірден өз орындарын тапқан. Арасында хореографияны кәсіби жол ретінде таңдағандар да бар.
Кеш барысында көрермендер алдымен «Көркем-ай» би тобының орындауындағы «Ғасыр рухы» биін тамашалады. Артынша сол топтың ортаңғы жас тобындағы бишілер «Ұйғыр биін» билеп, көрерменді Шығыс әуеніне тербетіп әкетті.
Кештің ерекше сәттерінің бірі – «Аққу» биі болды. Ақиық ақын Мұқағали Мақатаев жырларында бейнесін көркем жеткізген аққудың нәзіктігі мен сұлулығын Мәдина Дәуренқызы мен Алина Асхатқызы қосыла сахнада шебер өрнектеп берді.
Сондай-ақ, «Аспан қарлығаштары» биінде кішкентай стюардессалардың сахнадағы образы көрерменнің жылы қошеметіне бөленді.
Балдырған бишілер ұшқыштар әлемін ерекше сүйіспеншілікпен көрсете білді.
Алдағы санаулы күндерден кейін келетін Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай «Көркем-ай» би тобының орындауында «Верните память» әніне қойылған композициялық би көрерменнің жүрегіне жол тапты. Бұл – өткенге тағзым, бейбіт күннің қадірін ұғынуға арналған әсерлі көрініс болды.
Іс-шараға ауыл тұрғындарымен қатар ардагерлер, аудан әкімінің орынбасары Нұрғайша Абежан, Қамысқала ауылдық округінің әкімі Рафиғат Тажиденова арнайы қатысты. Кештің көркем мазмұнына ризашылығын білдірген Нұрғайша Абежан сахнада жүрекжарды лебізін білдірді:
– Бүгінгі кеш – тек өнер мерекесі ғана емес, ауылымыздың рухани өмірінің бір жарқын айғағы. Балалардың сахнадағы сенімді қимылы, би арқылы жеткізген сезімі – бәрі де олардың бойындағы үлкен әлеуетті көрсетіп тұр. Осы жолда қажырлы еңбек етіп жүрген ұстаз Зинагүл Мұхтарованы ерекше атап өткім келеді. Ол тек би үйретіп қана қоймай, жас ұрпақты тәрбиелеудің, өнерге баулудың нағыз үлгісін көрсетіп келеді. Аудан әкімі Нұрым Мусиннің атынан баршаңызды құттықтай отырып, ұстазға арнаулы құттықтау хатын табыстаймын, – деді ол.
Өз кезегінде Қамысқала ауылдық округінің әкімі Рафиғат Тажиденова да сахна төріне көтеріліп, кештің жоғары деңгейде ұйымдастырылғанына ризашылығын білдіріп, Зинагүл Мұхтароваға өз атынан алғыс хат ұсынды.
Кеш соңында ауыл тұрғындары мен ата-аналар ұйымдастырушылар мен балаларға шексіз алғыстарын білдірді.
Кішкентайлардың өнері мен шынайы ықыласы жұртты тәнті етіп, рухани сусындатып қайтты.
«Өнерге қанат қаққандар» концерті – ауыл мәдениетінің дамып келе жатқанын, жас буынның өнерге жақындығын тағы бір мәрте дәлелдеді.
Ж.ИСЛАТ