Сот саласында қолға алынған реформалардың негізгі мақсаты – азаматтардың құқығы мен бостандығын мінсіз қорғауға, әділ сот төрелігін қамтамасыз етуге және қызмет сапасын жаңа деңгейге көтеруге бағытталған. Бұл реформалар сот жүйесіне деген қоғамдық сенімді арттырып, сот төрелігінің қолжетімді әрі түсінікті болуын көздейді. Сонымен бірге сот қызметіндегі ашықтық пен жеделдікті қамтамасыз етіп, сот процесін мейлінше оңтайландырудың маңызы зор. Осы талаптарға сай эксаумақтық соттылық та – сот жүйесіне енгізілген соңғы әрі өзекті жаңашылдықтардың бірі.
Соған орай «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне азаматтық процестік заңнаманы жетілдіру және дауларды соттан тыс және сотқа дейінгі реттеу институттарын дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңы қабылданып, «эксаумақтық соттылық» ұғымы Азаматтық процестік кодекске енгізілді. Бұл заңнамалық жаңашылдық сот өндірісінің тиімділігін арттыруға, дауларды қараудың икемді тетіктерін қалыптастыруға және азаматтардың сотқа жүгіну мүмкіндігін кеңейтуге бағытталған.
Осы ретте соттылықтың не екенін, оның қандай тәртіппен реттелетінін түсіндіре кеткен жөн. Соттылық – бірінші сатыдағы соттарда қаралуға жататын істерді құзыреттілігі бойынша соттар арасында бөлу, яғни азаматтық істі қарауға тиісті нақты сотты белгілеу ұғымын білдіреді. Бұл – сот процесінің тәртіппен, жүйелі түрде жүзеге асуына негіз болатын маңызды құқықтық тетік.
Соған орай Азаматтық процестік кодекстің 32-бабына сәйкес тараптар өзара келісім бойынша эксаумақтық соттылықты таңдай алады. Яғни кодексте көрсетілгендей, тараптар істі сот талқылауына дайындау сатысында, оның ішінде соттың іс жүргізуінде жатқан істер бойынша аумақтық соттылықты өзгертуге, эксаумақтық соттылықты таңдауға құқылы. Бұл норма азаматтардың өз құқықтарын қорғауда таңдау еркіндігін кеңейтеді.
Әсіресе, жаңа технология жетістіктері эксаумақтық соттылыққа байланысты мәселелерді тиімді әрі жедел реттеуге жол ашып отыр. Өйткені азаматтар республиканың кез келген аймағындағы сотты таңдауға мүмкіндік алады. Бүгінгідей онлайн сот процестері қалыпты үрдіске айналып, бейнеконференц байланысы арқылы іске қашықтан қатысу еш қиындық тудырмайтын заманда эксаумақтық соттылықты қолдану барынша қолайлы. Бұл бір жағынан сотқа жүгінуді жеңілдетсе, екінші жағынан сот жүйесінің заманауи талаптарға сай екенін көрсетеді.
Сонымен қатар эксаумақтық соттылық тараптардың сот жұмысына, судьялар қызметіне деген сенімін нығайтуға ықпал етеді. Себебі азаматтар істің бейтарап, жүктемесі тең бөлінген сотта қаралуына мүмкіндік алады. Бұл әділдік қағидатын нақты іске асырудың бір көрінісі деуге болады.
Эксаумақтық соттылықтың көмегімен республика судьяларының жүктемесін бір жүйеге келтіруге болады. Тараптар эксаумақтық соттылықты таңдаған жағдайда «Төрелік» ақпараттық жүйесі өтінішті автоматты түрде қабылдап, істі жүктемесі аз әрі осы санаттағы істерді қарау құзыретіне кіретін соттарға бағыттайды. Бұл соттар арасындағы теңгерімді сақтауға мүмкіндік береді.
Осыдан кейін судья өндірістегі істің эксаумақтық соттылық бойынша қай сотқа бөлінгені туралы тиісті анықтама дайындайды. Әрі электрондық іс дәл тіркелген күні ақпараттық жүйе арқылы таңдалған сотқа жолданады. Бұл процестің жеделдігін арттырып, артық қағазбастылықты болдырмайды.
Әрине, эксаумақтық соттылықтың артықшылықтары мен маңызын толық біле бермейтін азаматтар да бар. Сондықтан әрбір судья істі сот талқылауына дайындау барысында тараптарға эксаумақтық соттылықтың мәнін, оны қолданудың тәртібін жан-жақты түсіндіруі шарт. Ал егер тараптар істің эксаумақтық соттылық тәртібінде қаралғанын қаласа, бұл туралы істі қарау басталғанға дейін тиісті өтініш білдіруі қажет.
Эксаумақтық соттылықтың артықшылығы аз емес. Біріншіден, бұл тетік тараптар үшін уақыт пен қаржы шығынын үнемдеуге мүмкіндік береді. Екіншіден, тараптар арасындағы келеңсіз жағдайларды азайтып, дау-дамайды бейтарап жағдайда шешуге жол ашады. Үшіншіден, соттардың жұмыс жүктемесін жеңілдетіп, сот төрелігінің сапасын арттыруға ықпал етеді. Осы тұрғыдан алғанда эксаумақтық соттылықты тараптардың мүддесі үшін енгізілген тиімді әрі оң бастама деп бағалауға толық негіз бар.
Эксаумақтық соттылық – сот жүйесіндегі ашықтықты арттыруға бағытталған маңызды қадамдардың бірі. Бұл тетік сот төрелігінің қолжетімділігін кеңейтіп қана қоймай, процестің барынша әділ әрі бейтарап өтуіне жағдай жасайды. Азаматтардың сотты еркін таңдау құқығы олардың құқықтық мәдениетін көтеріп, заңға деген құрметін арттыруға ықпал етеді. Нәтижесінде қоғамда «сот – соңғы инстанция емес, әділдіктің тірегі» деген түсінік қалыптаса бастайды.
Сонымен қатар эксаумақтық соттылық сот жүйесін цифрландыру үдерісімен тығыз үндесіп отыр. Ақпараттық жүйелердің тиімді қолданылуы, электрондық құжат айналымы мен онлайн процестер сот қызметінің ашықтығын қамтамасыз етіп, адами фактордың ықпалын барынша азайтады. Бұл өз кезегінде құқық үстемдігін нығайтып, сот билігінің беделін арттыруға қызмет етеді. Демек, эксаумақтық соттылық – заман талабына сай қалыптасқан, әділетті қоғам құруға бағытталған маңызды реформалардың нақты нәтижесі.
Мерлан ҚҰСАЙНОВ,
аудандық соттың төрағасы


