Спорт ұстаханасына – 40 жыл

Биыл ауданымыздағы тамыры тереңге бойлаған, әлемді бағындырған чемпиондарды дайындап, бүгінде спорт ұстанаханасына айналып отырған Исатай балалар жасөспірімдер спорт мектебінің (Исатай БЖСМ) құрылғанына 40 жыл толды. Бұл мектеп сонау 1982 жылы Аққыстау орта мектебінің базасынан өз жұмысын бастаған болатын. Алғашқы жылдары Бақтыгерей Бисенғалиев басшылық етті. Кейіннен араға жылдар салып, осы қызметте Роллан Қадыржанов, Амангелді Шалабаев, Махамбет Гилимов, Қуаныш Ибрагимов, Әділжан Қадым секілді ел ағалары өз міндеттерін абыройлы атқарды. Бүгінгі  күні Исатай БЖСМ-не Бұрхан Оралбеков басшылық етуде.

Осыншама уақыт ішінде мектеп шәкірттері спортты әлемдік тұғырға көтеріп келеді. Қазіргі таңда аталған мектепте спорттың 11 түрінен 1100 оқушы тәрбиеленуде. Ауыз толтырып айтарлықтай жетістіктер жетерлік. Сөзіміздің дәлелі ретінде, алысқа бармай-ақ, спортшылардың биылғы додалардағы нәтижелерін атағанның өзі жеткілікті. Мәселен, Кикбоксингтен жасөспірімдер арасында Қостанай қаласында өткен Қазақстан чемпионатында Нұррахман Фархадұлы күміс жүлдегер, Грузин күресінен жастар арасында Тбилиси қаласында өткен әлем чемпионатында Олжас Сапарғали қола жүлдегер атанса, Астана қаласында таэквондодан жасөспірімдер арасында өткен Қазақстан чемпионатында Аягөз Серік небәрі 8 жасында ел чемпионы атанды. Бұдан да басқа қоржынды толтырған жүлдегерлеріміздің жетістігі жетерлік, бәрін бірдей тізіп шығу мүмкін емес. Мұндай жетістік оңайлықпен келмейді, бұл тынымсыз тер төгіп, үздіксіз жаттығудың арқасында болатыны сіз бен бізге мәлім. Мыңдаған шәкірт тәрбиелеп, жүздеген Қазақ елінің чемпиондарын, оңдаған әлем, азия жеңімпаздары мен жүлдегерлері атануына жағдай жасаған спорт ұстаханасы Исатай БЖСМ-нің 40 жылдығы ауданда кең көлемде аталып өтті. Бұнда валейбол, футзал, тоғызқұмалақ, бесасық спорт түрлері бойынша ашық турнир өткізілді. Оған 16 құрама команда қатысты. Атап айтсақ, Атырау қаласы мен Жылыой ауданынан 4 командадан, Атырау облыстық олимпиадалық емес спорт түрлері бойынша жоғары шеберлік спорт мектебінің және барлық аудандардың БЖСМ-тері, Доссор БЖСМ командалары қатысты.

Облыстық деңгейде өткен шараның алғашқы құттықтау сөзі аудан әкімі Полымбет Хасановқа жолданды. 

-Қайырлы күн құрметті спортшылар, спорт жанашырлары! Исатай БЖСМ-нің 40 жылдығына орай спорттық шаралар өтуде. Бұл шараға облыстық денешынықтыру және спорт басқармасына қарасты қала, аудандарда орналасқан барлық спорт мектептерінің қызметкерлері қатысуда. Елімізде бұқаралық спортты дамытуға жағдай жасалып, көптеген жұмыстар атқарылуда. Соның ішінде Исатай ауданында спорт саласын дамыту бағытында бірқатар жұмыстар жүргізіліп келеді. Әр салынған нысан, жөнделген ғимаратты салтанатты түрде ашып, әлеуметтік желіге жариялап, тұрғындарды хабардар қылып отырамыз. Алдағы уақытта мұндай жұмыстар жалғасын таба беретін болады. Құрметті жаттықтырушылар сіздер еліміздің болашағы – жастарды спортқа баулып, оларды үйрету жолында үлкен қызмет атқарып келесіздер. Сондықтан сіздердің жұмыстарыңызға толағай табыс тілеймін,-деді және жарысқа қатысушыларға сәттілік тілеп, мерейлі спорт мектебінің директоры Бұрхан Оралбековке құттықтау хатын және Исатай ауданының Құрмет грамотасын табыстады.

_dsc0056

Шараның құрметті қонағы, салалық мәдениет, спорт және ақпарат қызметкерлері кәсіподағының Атырау облыстық филиалының директоры Гүлнар Шайхашева да ізгі тілегін жолдады.

-Бүгінде 40 жылдық ңбектің арқасында Исатай БЖСМ аудандағы спорттың қарашаңырағына айналып отыр. Әр ауданнан спортшылар келіп, шараның кең көлемде өтуіне атсалысуда. Қатысушылардың бәріне де сәттілік тілеймін! Өңіріміздің, еліміздің мерейін асқақтатар жастар көп болсын. Жас ұрпақтың уақытын тиімді пайдаланып, салауатты өмір салтын ұстануға үлес қосып жатсыздар. Осы еңбек жолында талмас күш-қайрат тілеймін,-деді және Қазақстан салалық мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлері кәсіподағының төрайымы С.Иманқұлованың атынан «Еңбек Даңқы» төлбелгісімен Бұрхан Оралбековті және оқу-ісінің орынбасары Болатбек Сәбиевті наградтады. Спорт мектебінің бірқатар жаттықтырушыларын да аталған кәсіподақтың Құрмет громатасымен марапаттады.

_dsc0091

Сондай-ақ аудандық білім беру бөлімінің басшысы Гүлайна Құрманғалиева да тілегін білдіріп, естелік сыйлығын табыстаса, аудандық мәслихаттың депутаты, аталған спорт мектебінің түлегі, «Барыс» спорт клубының директоры Асхат Жұмабеков құттықтау лебізін білдіріп, ұстазы Бұрхан Оралбековке ат мінгізді.

Жарыстың алғашқы күні Аққыстау және Жанбай спорт кешендерінде 4 топқа бөлінген волейболшылар өзара кездесулер өткізіп, финалдық кезеңдерге суырылып шыққан командалар тартысты ойын өрнегін көрсетті. Нәтижесінде, Исатай БЖСМ ІІІ орын, қызылқоғалықтар ІІ орынды иеленіп, Махамбет аудандық БЖСМ командасы І орынды қанжығаларына байлап, ақшалай сыйлықтарға ие болды. Сондай-ақ махамбеттік Дәурен Әменов «үздік ойыншы», қызылқоғалық Думан Жекенов «Үздік шабуылшы», жерлесіміз Саламат Париденов «Үздік байланыстырушы» атанды.

Ал, бес асық ойынынан жерлестеріміздің асығы алшы түсіп, І орынды иеленсе, Атырау қаласындағы №1 МБЖСМ ІІ орынға, махамбеттіктер ІІІ орынға тұрақтады.

Жарыстың екінші күні командалар тоғызқұмалақ пен футзалдан бақ сынасты. Футзалдан 2 спорт кешеніне 4 топқа бөлінген 15 команда өте әдемі ойын көрсете білді. Қызыққа әрі тартысқа толы жарыста құрманғазылықтар ІІІ орын иеленсе, Атырау №1 МБЖСМ командасы ІІ орын, мақаттықтар жарыс жеңімпазы атанды. Ойын қорытындысы бойынша «Үздік қорғаушы» номинациясы Асылан Табынбайға (Атырау №1 МБЖСМ), «Үздік ойыншы» Амангелді Қобдабаевқа (Мақат БЖСМ), «Үздік қақпашы» Айбек Жанғазиевке (Құрманғазы БЖСМ) бұйырды. Адамның ойлау қабілетін сынайтын тоғызқұмалақ ойынынан

Атыраулық №1 МБЖСМ спортшыларына тең келер ешкім болмады. Ерлер арасынан Құрманбай Әтешов топ жарса, әйелдер арасынан Айнагүл Сүлейменова жеңімпаз атанды

_dsc0035.

                                                                                                                                                             

 Сағыныш ҚАЙЫР

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521