- Әрбір адамның жүрегінде мектеп табалдырығын алғаш аттағанда қолынан жетектеп, әріп танытып, білімнің алғашқы әліппесін ашқан ұстаздың бейнесі мәңгі сақталатыны сөзсіз. Ұстаздың шәкіртке деген ықыласы мен мейірімі, ыстық ықыласпен айтқан әрбір сөзі бала жүрегіне мәңгілік із қалдырады.
Менің жадымда қалған ұстазым – тек әр пәнді оқып-білуге үйретуші емес, өмірдің өзіндік қыр-сырын түсіндірген, бойымызға адамдық асыл қасиеттерді сіңірген, үлгі-өнегесімен тәрбие берген ерекше жан. Оның әрбір сабағы тек қана тақырыпты меңгертумен шектелмей, өмірлік құндылықтарды ұғындыруға бағытталатын. Жанарынан нұр шашып, шәкіртін әрдайым қолдап, сенім білдіретін ұстаздар бейнесі әлі күнге көз алдымда.
Жалпы, ұстаздың қоғамдағы орны ерекше әрі қастерлі. Өйткені, дәрігер де, заңгер де, ғалым да, мемлекет қайраткері де ең алдымен ұстаздың алдынан өтеді. Ұстаз – ұрпақтың тағдырын қалыптастырушы, болашақтың шамшырағы. Оның алдынан шыққан әрбір шәкірт – елдің ертеңі. Сондықтан да ұстазға құрмет көрсету – білімге, парасатқа, тіпті, болашаққа құрмет көрсету деп білемін.
Мен үшін ұстаз – ақылдың айнасы, ізгіліктің жол көрсетушісі, жүректерге нұр сыйлап, өмірімізге мән дарытатын аяулы тұлға. Шәкіртін өмір айдынында адастырмай, тура жолға бастап, жақсылыққа жетелейтін ұстаз бейнесі әрдайым асқақ та ардақты болып қала береді.
Еммат АЗЕРБАЕВ,
аудандық мәслихаттың депутаты