Ұстаз есімі – ұрпақ жадында

 

Жас өскіннің бойына отансүйгіштік қасиет пен темірдей тәртіпті сіңіруде спорт пен алғашқы әскери дайындықтың маңызы зор. Бұл – тек физикалық шынығу ғана емес, елге қызмет етуге даяр, жауапкершілігі жоғары азамат тәрбиелеудің берік негізі. Осындай игі мақсатты көздеген тағылымды шаралар жас ұрпаққа үлгі болып, олардың бойында патриоттық рухты қалыптастырады.

Аудандық білім бөлімі сондай-ақ «Атырау облысы білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағының Исатай аудандық комитеті» филиалының қолдауымен және  аудандық «Барыс» балалар-жасөспірімдер спорт клубының ұйымдастыруымен Тәуелсіздік күні қарсаңында аудандағы өмірден өткен алғашқы әскери дайындық пәні ұстаздарын еске алуға арналған мектеп оқушылары арасында әскери-патриоттық жарыс өтті.

 

 

Маңызды додаға Новобогат орта мектебі, Ж.Мырзағалиев атындағы орта мектеп, Х.Нәубетов атындағы орта мектеп, Аққыстау орта мектебі, Абай орта мектебі және аудандық білім бөлімі жанындағы мектеп-гимназия командалары қатысып, өзара бақ сынасты. Сайыс ең алдымен саналы ғұмырын жас ұрпаққа әскери тәрбие беруге арнаған ардақты ұстаздар – Рахметолла Кунчекеев, Пангерей Ерғалиев, Жанболат Қасымұлы, Сергей Нығметжанов, Жандолла Қадырқұлов, Нұрлан Хамидуллин, Асқар Мұхамбетқалиев, Бауыржан Қадиров және Жеңіс Нәбиевті бір минут үнсіздікпен еске алудан басталды.

 

 

Тағылымды шараға мекеме басшылары мен өмірден өткен ұстаздардың туған-туыстары арнайы қатысты. Алғашқы сөз кезегі аудандық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Ерболат Насимуллин мен ардагер ұстаз Әлия Қарабалинаға беріліп, олар елге елеулі еңбек сіңірген ұстаздардың есімін ұлықтаудың маңыздылығына тоқталды. Сондай-ақ ұйымдастырушыларға алғыстарын білдіріп, жас буынды отансүйгіштікке тәрбиелеу жолындағы мұндай жарыстардың маңызы зор екенін атап өтті. Ұстаздардың туған-туыстарына аудан әкімінің Алғыс хаттары табысталды.

 

 

Жарыс барысында мектеп оқушылары пневматикалық қарудан ату, саптық жүріс, арқан тарту, толық емес қаруды бөлшектеу және қайта жинау кезеңдері бойынша өз шеберліктерін көрсетті. Сайыс нәтижесінде жекелей жеңімпаздар анықталып, командалық есепте ІІІ орынды Новобогат орта мектебі иеленсе, Абай орта мектебінің жас сарбаздары жүлделі ІІ орынды қанжығасына байлады. Ал қарсыластарынан оқ бойы озық шыққан аудандық білім бөлімі жанындағы мектеп-гимназия командасы І орынды жеңіп алып, жеңіс тұғырынан көрінді. Жеңімпаз командалар арнайы дипломдар және кубоктармен марапатталды. Сонымен қатар өмірден өткен ұстаздардың туған-туыстары жеңімпаз атанған оқушыларға өз тараптарынан ынталандыру сый-сияпаттарын табыс етті.

 

 

Тағылым мен тәрбиені қатар ұштастырған бұл жарыс жас ұрпақтың бойында Отанға деген сүйіспеншілікті арттырып, ел қорғауға әрдайым дайын болудың маңызын тағы бір мәрте айқындады. Ардақты ұстаздардың есімі мен еңбегі осындай игі істер арқылы ұрпақ жадында мәңгі сақтала бермек.

 

 

 

Еркебұлан УАЛИТХАН

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT