«ҰСТАЗДАР, БАР ЖАҚСЫЛЫҚ СІЗДЕР ҮШІН!»

 

«Ұстаздық – ұлы жол». Бұл жолда жүрген жанның әр күні ізгілікке, игілікке толы. Шәкірт жүрегіне жарық ұялатқан, өмірдің ең биік шыңына жетелеген ұстаз еңбегі – мәңгі өлмес өнеге.
Адам баласының бәрі бір кездері мұғалім алдынан өткен. Ғалымның да, ақынның да, ел тізгінін ұстаған басшының да, еңбегімен елін көркейткен қарапайым еңбек иесінің де алғашқы ұстазы бар. Сондықтан да ұстазға деген құрмет – барша жұрттың ортақ парызы. Осындай ізгі ниет пен ілтипаттың көрінісі ретінде бүгін аудан ұстаздары мен ардагер педагогтер бас қосып, «Ұстаздар, бар жақсылық Сіздер үшін!» атты аудандық форумда қауышты. Мерейлі мерекеге аудан әкімі Нұрым Мусин, аудандық мәслихат төрағасы Аманжол Рахметов, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ерболат Насимуллин, білім саласының ардагерлер кеңесінің төрайымы Әлия Фазылова және жас ұстаздар қатысып, ұлағат иелеріне құрмет көрсетті.

Аудандық «Жалын» мәдениет үйінде өткен іс-шара Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменованың бейнеқұттықтауымен басталды. Сондай-ақ министрліктің білім қызметкерлері республикалық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Қадырбек Бөрібековтің лебізі де сол сәтте оқылды. Форумның алғы сөзін аудандық білім бөлімінің ардагерлер кеңесінің төрайымы Әлия Фазылова алып, ұлағат иелерін кәсіби мерекемен құттықтап, жас мамандарға әлі де тәжірибе жетіспейтіндігін баса айтты.

– Сонау тоқсаныншы жылдары Кеңес үкіметі құлап, Тәуелсіз Қазақстанның көк туы желбіреп, талай балабақша жабылып, білім ордалары жекешелене бастаған алмағайып кезеңде ұстаздар қауымы өз мамандығына деген адалдығын айқын көрсетті. Сол бір ауыр уақытта мардымсыз жалақы алса да, мектепті тастамай, жас ұрпаққа білім мен тәрбие беруді тоқтатпаған ұстаздарымыз – бүгінгі ардагерлеріміз ортамызда отыр. Бүгін – сол жандарға тағзым етіп, шексіз алғыс айту күні. Күн сәулесі дүниеге қалай жарық сыйласа, ұстаздың есімі де шәкіртке сондай нұр мен бағыт береді. Сіздердің айтар сөздеріңіз, өмірлік тәжірибелеріңіз – ұрпақтар сабақтастығының жарқын көрінісі. Өмір жолындағы жемісті еңбектеріңіздің қыр-сырын, тәлімі мен тағылымын бүгінгі жас ұстаздарға жеткізу – аға буынның абыройлы міндеті. Өйткені қазіргі жас педагогтерге дәл осындай өмірлік тәжірибе мен бағыт-бағдар жетіспей жатады. Сондықтан аға буын мен жас мамандар арасындағы байланыс үзілмей, өзара сабақтастық жалғасуы қажет деп санаймын,-деді ол.

 

 

Ал екінші сөз кезегін аудандық білім бөлімінің басшысы Гүлайна Махмудақызы алып, ауданның білім саласындағы жетістіктері мен алдағы жоспарлар туралы баяндады. Оның айтуынша, білім сапасын жақсартуға бағытталған жұмыстар төрт негізгі бағытта жүргізілуде. Ол білім алуға қауіпсіз әрі қолайлы жағдай тудыру, сапалы білім беру ортасын құру; білім беретін педагог кадрлардың сапасын арттыру; оқу-әдістемелік құралдармен және оқулықтармен қамту; оқушылардың білім сапасын арттыруда жүйелі жұмыстар жүргізу қажеттігін тілге тиек етті. Атап айтқанда, бірінші бағыт бойынша білім беру ұйымдарында қауіпсіздік шаралары күшейтіліп, мектептерде оқу процесіне қолайлы жағдай жасауға басымдық беріліп отырғанын түсіндіріп өтті.

 

 

Аудан әкімі Нұрым Мусин өз сөзінде ұстаздықтың мәртебесін айрықша атап, жас ұрпақ тәрбиесіне сіңірген еңбектері үшін ардагер ұстаздарға алғысын білдірді.Мереке аясында бірқатар ұстаздар түрлі марапаттарға ие болды. Алдымен «ҚР Конституциясының 30 жылдығына арналған» төсбелгісімен Исатай орта мектебінің ардагер ұстаздары Жансекер Бәбиқызы мен Оразбек Жұмаев марапатталды. Ал «Ардақты ана» төсбелгісі Аққыстау орта мектебінің ардагер ұстазы Күлән Әженоваға табысталды. Одан бөлек, Ғ.Мәсәлімов атындағы орта мектебінің ардагер ұстазы Тоқтарбай Қалимов, Абай атындағы орта мектептің ардагер ұстазы Мафтуха Исағалиева «Мінсіз қызметі үшін» төсбелгісімен наградталды. Сондай-ақ форум барысында аудан әкімінің алғыс хаттары, облыстық білім басқармасы, аудандық білім бөлімінің басшысы мен облыстық кәсіподақ ұйымы төрағасының атынан бірнеше ардагер ұстаздар мен жас мамандар да марапат иеленді. Салтанатты шарада аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ерболат Насимуллин мен Ф.Оңғарсынова атындағы орта мектеп директоры Гүлбағила Ғабдісәлімқызы сөз сөйлеп, ұрпақ тәрбиесіне өлшеусіз үлес қосқан ұстаздарға алғыстарын жеткізіп, өздері үлгі алған мұғалімін тілге тиек етті. Мерекелік шара соңы ұстаздарға арналған концерттік бағдарлама мен естелік суретке түсу сәтімен қорытындыланды.

 

Сағыныш ҚАЙЫР

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT