Ұлы Жеңістің 80 жылдығы қарсаңында Жанбай ауылында жүрекке жылу, санаға сәуле сыйлаған тағылымды шара өтті. Жанбай спорт кешенінде дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын турнир бұл жолы өмірін дене тәрбиесіне арнап, артында өнегелі із қалдырған ұстаздарды еске алуға арналды. «Спортпен шыңдалған өмір – жастарға арнаған ғұмыр» атауын иеленген бұл жарыс – ардагер ұстаздарға деген құрмет пен ұрпаққа үлгі боларлық үлкен тәрбиелік іс-шараға айналды.
Турнирді ұйымдастыруға Атырау облысы білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағының Исатай аудандық комитеті, аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімі, Исатай аудандық білім бөліміне қарасты «БАРЫС» балалар-жасөспірімдер дене шынықтыру даярлық клубы атсалысты. Әр сала бірлесе атқарған, жас ұрпақ бойына үлкен құрмет пен қадір ұялатқан шара болды.
Жарыстың салтанатты ашылуында Исатай ауданының әкімі Нұрым Мусин мен «AMANAT» партиясы аудандық филиалының төрағасы Едіге Амангелдіұлы сөз сөйлеп, жарысқа қатысушы жас спортшыларға сәттілік тіледі.
– Өмірін спортқа арнаған жандар – өздері жоқ болса да, артында өшпес із қалдырған азаматтар. Бүгінгі турнир – сол еңбектің, сол есімдердің құрметке лайық екенін дәлелдейтін күн,-деді аудан әкімі өз сөзінде.
Ал Әйтеке би мешітінің бас имамы Жорабек Рамазанұлы Құран бағыштап, марқұм болған ұстаздарға арнап дұға жасады.
Жарысқа Аққыстау, Ж.Мырзағалиев, Ғ.Мәсәлімов, Өркен, Абай, Х.Наубетов орта мектептері мен Жанбай және Исатай балалар-жасөспірімдер спорт мектептері қатысты. Әр команда өз мектебінің намысын қорғап қана қоймай, ұстаздарының абыройын арқалап шықты.
Ойын алаңында тек шеберлік емес, бірлік пен биік рух та көрініс тапты. Жанбай БЖСМ командасы өз алаңында сенімді ойнап, барлық қарсыласынан басым түсіп, І орын иеленді. Олар – осы турнирдің рухын көтерген, нағыз спорт рухымен шыңдалған команда болды.
Қарсыластарымен иық тіресе өнер көрсеткен Исатай БЖСМ жігіттері де осал емес еді. Үзіліс пен шешуші сәттерде ерік-жігер танытып, ІІ орын тұғырынан көрінді.
Ал жеңіске деген құлшынысы жоғары Аққыстау орта мектебінің ұжымы үздік үштік қатарын түйіндеп, ІІІ орын иеленді.
Командалық жарыспен қатар жекелеген ойыншылар да назардан тыс қалмады.
Аққыстау командасының шабуылшысы Кукумов Ерлан қарсыластар қорғанысын жиі бұзып, «Үздік шабуылшы» атанды.
Абай мектебінен Түсіпқалиев Тауфих ойын барысындағы тапқыр шешімдерімен «Үздік жалғаушы» ретінде танылды.
Ал қорғаныс шебінде ерекше ойынымен көзге түскен Қабдоллаева Гүлдана (Жанбай БЖСМ) «Үздік қорғаушы» атағын иеленді.
Жарыстың ең белсенді әрі нәтижелі ойыншысы болып Ғадылжан Жандәулет (Исатай БЖСМ) танылып, «Үздік ойыншы» мәртебесіне ие болды.
Барлық үздіктер мен жеңімпаз командалар ұйымдастырушылар тарапынан қаржылай сыйлықтармен марапатталды.
Аталмыш турнир тек жарыс емес. Ұмытылмас тағзым, ұрпақтар арасындағы алтын көпір. Жас спортшылар алаңда тер төгіп жүргенде, олардың әр қимылынан кешегі ұстаздардың еңбегі көрініп тұрды. Олар – шаң басқан алаңда шәкірт тәрбиелеген, мектеп залында өмірлік бағыт берген, бүгінгі күні аңызға айналған жандар.
Ал сол ұстаздардың ізімен еріп келе жатқан жастардың жарыстағы мінезі – өміршең тәрбиенің белгісі.
Турнир арқылы тағы бір рет көз жеткіздік: спортпен шыңдалған өмір – шынымен де жастарға арнаған ғұмыр.
Ұстаз есімі ұмытылмайды, олар қалдырған із жүректерде мәңгі сақталады.