Жуырда аудандық білім бөлімінің ұйымдастыруымен Жанбай ауылдық мәдениет үйінде Ұлы Отан соғысы Жеңісінің 80 жылдығына орай жалпы білім беретін мектептердің музыка пәні мұғалімдері арасында «Батырларға тағзым» патриоттық әндер байқауы өткізілді.
Оның мақсаты – педагогтарды белсенді шығармашылық қызметке тарту. Педагогтардың бойындағы ұлттық мәдениетке, халық дәстүріне, патриотизмге құрметпен қарау, білім беру ұйымдары педагогтарының өнерімен алмасу мақсатында өтті
Байқау жеке орындау және хор, ансамбль мүшелерінің орындауында Ұлы Отан соғысы тақырыбында бір ән орындау аталымы бойынша өткізілді. Шара барысында орындалатын әннің тақырыппен сәйкестігі, өзіндік ерекшелігі және үйлесімділігі, вокал және орындау деңгейі, әннің сапалы орындалуы, көркемдік және патриоттық мәні, тақырыпқа сай киім үлгісі сараланып әрі бағаланды.
Жиналған жұртшылық мұғалімдердің орындау шеберлігіне тәнті болды. Көпшіліктің мұндай шеберлікті күтпегені анық, күміс көмей өнерпаздар бірінен бірі асыра ән шырқап жатты. Дегенмен, байқау ережесіне сәйкес қазылар үздігін таңдады.
Осылайша мектеп-гимназияның музыка пәні мұғалімі Эльназ Мухиденова және де ансамбль-хор жанры бойынша Аққыстау орта мектебінің ұжымы жүлделі 1-орынға лайық деп танылды. Сонымен қатар қатысушылардың бәрі арнайы дипломдармен марапатталды.
Айта кетейік, аудандық кезеңнің жеңімпаздары жақында ғана өткен облыстық байқауда өнер көрсетіп, екі жанр бойынша да жүлделі 3-орын иеленіп, аудан намысын қорғап қайтты.
Шынар Махсутова,
аудандық білім бөлімінің әдіскері