Өңірлерді дамыту – елдің әлеуметтік, мәдени және рухани әлеуетін арттырудың басты басымдығы. Соңғы жылдары ауданда бұл бағытта игі істер жүзеге асуда. Жаңа нысандар бой көтеріп, ауыл келбеті көркейіп келеді. Соның бір жарқын дәлелі – Аққыстау ауылында ұстаздарға арналған алғашқы «Ұстаздар саябағының» Республика күні қарсаңында салтанатты түрде ашылуы болды.
Ашылу салтанатында саябақтың лентасын аудандық қоғамдық кеңес мүшесі, ардагер мұнайшы Құрманғали Мұхтаров пен ардагер ұстаз Мафтуха Қашапқызы салтанатты түрде қиып, шара шынайы мерекелік көңіл-күйге бөленді. Сол сәтте шашу шашылып, қошемет көрсетіліп, барша қатысушылардың жүздеріне қуаныш үйірілді.
Іс-шара барысында алғы сөз алған аудан әкімінің орынбасары Нұрберген Утегенов жұртшылыққа жылы лебізін жеткізіп, игілікке жараған бастама болсын деген тілектестігін білдірді.
Келесі кезекте сөз легін жалғастырған Аққыстау ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қожантай Сыдихов та ізгі тілегін ақтарды.
– Соңғы жылдары ауданымыз көркейіп келеді. Соның бір дәлелі – жаңа Өнер мектебі мен бүгін ашылып отырған «Ұстаздар саябағы». Бұл – ұстаздарға деген құрметтің айғағы. Ұстаз – адам өміріндегі ең қымбат тұлға.Сондықтан бұл саябақ – білім мен ізгілік иелеріне арналған құрметтің белгісі. Мұнда балалар тәрбиесі мен мәдени өмірдің жаңа тынысы басталсын,-деді ол өз сөзіңде.
Саябақтың жалпы аумағы – 2400 шаршы метр. Құрылыс жұмыстары тамыз айында басталып, қазан айында толық аяқталған. Осы ретте біз сөзге тартқан Аққыстау ауылдық округі әкімі Ерболат Махашов құрылыс барысы мен болашақ жоспар жөнінде тарқатты.
– «Ұстаздар саябағы» бұрынғы Абай мектебінің орнында бой көтерді. Көктемде мұнда тал егу жұмыстары жүргізіледі. Бұл жер тек демалыс орны емес, түрлі мәдени іс-шаралар мен мектеп, аудан деңгейіндегі жиындардың өтетін орталығына айналады. Нысанның тапсырыс берушісі – Аққыстау ауылдық округ әкімі аппараты, ал мердігері – «CK» жеке кәсіпкерлігі,-деді ауыл әкімі.
Мерекелік шара барысында Шәмшиден Шәріпов атындағы балалар саз мектебінің ұстаздары «Балбырауын» күйін орындап, көрермен көңілін бір серпілтті. Абай атындағы орта мектептің ұстаздары да ән шырқап, оқушылар «Жасампаз елдің жас ұрпағы» ұранымен патриоттық флешмоб биледі.
Шара соңында ұстаздар мен ауыл тұрғындары жаңа саябақтың ішін аралап, естелік суретке түсіп жатты. Алдағы көктемде мұнда жас көшеттер отырғызылып, саябақтың жасыл желегі ұстаздардың мейіріміндей жайқалмақ.
Сағыныш ҚАЙЫР