ҰСТАЗДЫ ҰЛЫҚТАҒАН ҰЖЫМ

Саналы ғұмырын бала тәрбиесіне арнаған ұстаз, бауырымыз, марқұм  Асқар Мұхамбетқалиевті еске алу мақсатында тоғызқұмалақ ойынынан аудан спортшылары және баскетбол ойынынан  аудан мектептері ер  мұғалімдері арасында  турнир өтті.

 Абай атындағы орта  мектеп ұжымы турнирді Асқар бауырымыздың  өмірге келген күні - 3 ақпанға белгілепті. Жүрегіміз атқақтап, көзімізге жас үйіріліп мектепке жеткенше сан түрлі күйге түстік. Мектеп табалдырығын аттаған сәтте, біздің мұң ұялаған жүзімізге сәуле сеуіп, жарқын жүзбен қарсы алған мектеп оқушыларын көріп, көңіліміз жаздай жадырап сала берді.

Ұлттық отан қорғау сақшыларының кимін киген мектеп оқушылары «Денсаулығыңызды тілейміз!» деген жалынды сәлеммен қарсылап, жол бастады. Шара барысында мектеп директоры Ұзақбай Әбілхасов бастаған Гүлфариза Калидуллина, Анаргүл Бөлекова, Алмагүл Еспағамбетова, Ақтолқын Бахитова секілді ұстаздардың ұйымдастырудағы ықтият-тылығы мен тиянақтылығын байқадық.

Еске алу турниріне, ардагер ұстаздар Ерболат Насимуллин, Қамбар Жалекеев, Гүлжан Қайдарова, Жаңылсын Аянова, тоғызқұмалақ ойынының шебері Кенжебай Сағынғалиев ағамыз, Аққыстау ауылдық округінің әкімі Ғаділ Боранбаев, аудандық білім бөлімінің басшысы Гүлайна Құрманғалиева және Асқардың достары, әріптестері қатысты.

Асқар бауырымыздың жұмыс жасаған кабинетінің қасына орнатылған «Өшпейтұғын артына із қалдырған» атты жартақта салтанатты жағдайда ашылды. Мектеп директоры Ұзақбай  Құрметұлы  әріптестеріне арналған құрмет ретінде қолға алынған бұл істің көптен ойда жүргенін айтып өтті.

Мектеп директорының ғылыми-әдістемелік орынбасары Гүлфариза Қуанғалиқызы: - Ұжымда Асқар өзі бір төбе болды, бар ынтасымен шәкірттер үшін жұмыс жасайтын. Мектептің барлық ұйымдастырған шараларына қатысатын. Тәрбие мен білімді қатар алып жүрді. Жоғары сынып ұлдар кеңесінің төрағасы болды. Еске алу шарасын ұйымдастыру кезінде қасымда жүргендей сезіндім,- деп есіне алды әріптесін. Ал,Таупиһ Қожасұлы Асқармен әріптес-дос болғанын айтса, Ерлан Құрманғалиұлы «Абай атындағы орта мектепте Асқар ағайдың шәкірті болдым, кейін оқу бітіріп келіп, әріптес ретінде бірге қызмет атқардық»,-деп өткен күндерді ой елегінен өткізді.

Жартақтаның ортасына Асқардың өзінің, екі жақ бетіне шәкірттерімен оқу-жаттығу кезіндегі түскен суреті және жетістіктері орын алған екен.

«Мұхамбетқалиев Асқар Темірханұлы - Біздің мектебіміздегі ең қадірлі ұстаз болатын. Педагог-сарапшы, психолог, үздік сынып жетекшісі,Халық қаһарманы Б.Момышұлының 100 жылдық мерейтойына арналған төсбелгісінің, «Армия генералы С.Нұрмағамбетов» медалінің иегері, үздік спортшы» деп шәкірті 10 сынып оқушысы Серік Шәмшиденұлы таныстыра бастады. - Асқар Темірханұлы өз ісінің қас шебері ретінде бірнеше дипломдармен марапатталған еді. Талантты ұстаздың шәкірті де талапты. Асқар ағай тәрбиелеген шәкірттердің жетістіктері де аз емес. Оны осы суреттерден көре аласыздар және жар тақтада QR код орналасқан, бұл QR кодта Асқар ағайдың өмірбаяны мен ұстаздық өміріндегі фотодеректер сақталған және осы шараның фото деректері мен бейне баяндары осы сайтта көрініс таппақ, -деп таныстырды ол.

Әрі қарай «Асқар ағайымыздың өзінің жасақтаған, небір шығармашылық ойлар туындаған кабинеті» деп, толықтай жасақталған кабинетіне бағыттады.

Өмір жолы өнегеге толы, рухани жан дүниесі бай, өн бойындағы ерге тән өр мінезі мен адами қасиеті өзгелерден өзгешелеп тұратын Асқар бауырымыз 30 жылға жуық ұстаздық қызметте табысты еңбек еткен еді.  Осы жылдар ішінде көптеген белестерді бағындырған ол әулетінің ақылшысы, шаңырағының тірегі бола білді.

- Асқар осы мектеп жаңадан салынып, пайдалануға берілгеннен кейін сол білім ордасында әскери жетекші ретінде жұмыс істей жүріп, өз ісінің білгір маманы ретінде аудандық, облыстық сайыстарда шәкірттерінің белсенділігі арқылы танылды.Тәуелсіздік жылдарында қазақы дәстүр-салтымызды насихаттауға өз үлесін қосқан азамат. Себебі,ауданда тоғызқұмалақ ойынын дамытып, облыстық жарыстардың жүлдегерлерін шығарған  жаттықтырушы ретінде өз еңбегін көрсете білді,- деді турнирдің ашылу сатанатын сөз сөйлеп ашқан ардагер ұстаз Ерболат Насимуллин.

- Асқар уақытпен санаспайтын. Жарыстарға дайындық кезінде  жұмыс уақытынан тыс деп қарамай, сабақтан соң да жұмыс істейтін. Соның жемісін де көрді, - дейді ардагер ұстаз.

Бұдан соң сөз алған Аққыстау ауылдық округінің әкімі Ғаділ Боранбаев шараны ұйымдастырушы мектеп басшылығына зор ризашылығын білдірді.

- Өмірден өтсе де, есімін ел жадында сақтау мақсатында аудан мектептерінің мұғалімдері мен спортшыларының басын қосып, тағылымды шара өткізіп жатқан мектеп ұжымының бұл бастамасы - құптарлық іс.

Басында Асқар інімізге ұстаздық етсем, кейін бір ұжымда әріптес болып қызмет атқардық. Сол кезден-ақ оның беделді, қай ортада да өзіндік орны бар азамат екенін танып, білдім. Ол өте талапшыл, өз ісіне өте тиянақты, білімді, үнемі ізденіс үстінде жүретін әріптестеріміздің бірі еді. Оның ерекше қыры – ұмытыла жаздаған тоғызқұмалақ ұлттық ойынын қайта жандандырып, шәкірттеріне үйретуден жалықпады. Асқардың сол кезде дайындаған шәкірттері аудан, облыс, қала берді республика көлемінде танылды, - деді әріптесін тебірене еске алған ауыл әкімі.

- Әскери-патриоттық тәрбие беруде де оның еңбегі ерен. Тәуелсіздікке қолымыз енді жеткен өліара тұста Асқар оқуға қажетті құралдардың жоқтығын сылтау қылып, қол қусырып қарап отырмай, қолда барды үйлестіріп, жоғын құрап-сұрап, алғашқы әскери даярлық пәнін өз деңгейінде өткізетін. Осындай азаматтың еңбегін бағалап, осындай үлкен шара өткізіп жатқан ұстаздар қауымына айтар алғысымыз шексіз, - деді Ғаділ Боранбаев.

Аудандық білім бөлімінің басшысы Гүлайна Құрманғалиева әріптесінің бойындағы адами қасиеттерге айрықша тоқталды. – Оның бойындағы ерекше қасиеті қарапайымдылығы болатын. Үлкен-кішіні бірдей құрметтейтін адамгершілігі мол азаматтан өнегелі шәкірт тәрбиеленуі - заңдылық. Ол аз уақытта өзінің ұстаздық миссиясын атқара алған мұғалім ретінде біздің жадымызда мәңгі сақталады, -  деді ол. «Асқар Темірханұлы өзінің адамгершілік қасиетімен,үлкен ұстаздық даналығымен, шәкіртке деген мейірімділігімен есімізде қалды. Осы ұйымдастырылып отырған шара - артына із қалдырған ұстазға деген шынайы ілтипат» деп түйіндеді сөзі аудандық білім бөлімінің басшысы.

Одан әрі мектеп ұжымы мен шараға қатысушы ұстаздарға ризашылығын білдірген аудандық білім бөлімінің басшысы марқұмның отбасына да жылы лебізін арнады. Спорттық сайысты ұйымдастырудың басы-қасында жүрген шәкірттердің еңбегін де ұстазға деген зор құрмет деп бағалады.

 Бауырымыздан айырылып, төбемізден қайғы бұлты төнген кезде бізге дереу хабарласып, көмек қолын созып, бас сүйеген Абай атындағы орта мектебі ұжымы болып турнирін өткізетіндері туралы Таупиһ Қожасұлы мен Ерлан Құрманғалиұлы телефон шалған кезде өкініштен өзегіміз өртеніп жүрген біз, көзімізге жас алдық. Кеше ғана жүрген бауырымыз - Асқардың іздеусіз қалмағанына қуандық.  Одан айрылмастай көруші едік. 50 жасында өмірден өтті. Алланың берген өмірі өлшеулі екенін түсіндік.

Еске алу шарасында жақсы көретін шәкірттері, бағалайтын нағыз достары мен ұжымдастарын көрген біздің де құлазыған көңіл бір сәтке марқайып қалғандай болды.

Бауырымыз еңбек еткен мектеп басшылығы мұрындық болған спорттық-мәдени шара біз үшін ерекше еске алу кешіндей өтті.  Айтылған тілектердің шынайылығы ерекше әсер етті. Бұл сәт бауырларының, жарының, балаларының  жүрегінде мәңгі сақталары анық.

Асқардың өзі ойнаған спорт түрлері баскетбол мен тоғызқұмалақтан өткен жарысқа достары, әріптестері мен шәкірттері қатысты. Тоғызқұмалақ сайысында сынға түскен Асқардың өзі дайындаған шәкірті Бекболат Аругүл мен Самат Мирас жүлделі бірінші орындарды иеленді. 2-ші орынды Асылай Кенжебаева мен Ержан Бөкенов,3-ші орынды Гүлмира Уралбекова мен Кенжебай Сағынғалиев иеленді.

«Асқар ағай Мирас екеумізді 3 сыныптан бастап тоғызқұмалақ ойынына баулыды. Ағай екеуміз жарысқа барғанда бір тақтада ойнаушы едік» деп ұстазын еске алды Аругүл.

Баскетбол ойынына аудандық білім бөліміне қарасты жалпы білім беретін барлық мектептерден 10 құрама командасы ойыншылары қатысты. Командалық тартысты ойында Аққыстау орта мектебі  бірінші, Абай атындағы орта мектеп екінші, Өркен орта мектебі үшінші орындарды иеленді. Жеңімпаздар арнайы дипломдармен, ақшалай сыйлықтармен марапатталды.

Бауырымыз Асқарды еске алу турниріне қатысқан ардагер ұстаздарға, достарына, әріптестеріне және барлық ойыншыларға  алғысымызды айтамыз.

Құрметті Абай атындағы орта мектебі ұжымы! Сіздер «Асқардың артына қалдырған ізі бар» деп ұйымдастырылған шара артында қалған балалары Серікболсын, Аружан, Еркеназға  әкесі Асқардан мәңгілік ескерткіш болды. Сол ескерткішті, Абай орта мектебі ұжымы, сіздер, Асқардың бауыр-туыстарына, жарына, балаларына сыйладыңыздар. Абай орта мектебі ұжымы, сіздердің ынтымақ-бірліктеріңіз, ақылдарыңыз, тәжірибелеріңіз, мейірім-діліктеріңіз жалпы шәкірт тәрбиелеудегі игілік үшін өте маңызды рөл атқарады. Сіздердің ортақ күш-жігерілеріңіздің, ұжым-дық рухтарыңыздың арқасында Абай орта мектебі ауданымыздағы жоғары көрсеткішті мектептердің бірі болды. Қол жеткізген жетістік - командалық жұмыстың және ұстаздармен күнделікті өзара әрекеттің нәтижесі екенін жақсы білеміз. Сіздерге алға қарай өркендеу мен сәттілік тілейміз!

 

Ризашылық білдіруші - Асқар Темірханұлының

апа-жезделері, қарындас-күйеу балалары, жары, балалары.

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521