ҰСТАЗДЫҚТЫ ҰЛЫҚТАҒАН ҰЯ

 

Аудан әкімі Нұрым Мусин Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетімен, оның ішінде университет жанындағы ұл балаларға арналған «ҰСТАЗ» мектеп-интернаты басшылығымен жыл басында ынтымақтастық меморандумға қол қойды. Мақсат не, міндет қандай? Осы сауалдарымыз төңірегінде және аталған білім ұясының бүгінгі тыныс-тіршілігі, мақсатты жұмыстарын жүзеге асыру жолындағы қам-қарекеттері хақында мектеп-интернат директорының орынбасары Қайрат Тынымжанұлы Сисеновті әңгімеге тарттық.

–Қайрат Тынымжанұлы, осындай мектеп университет жанында бұған дейін де жұмыс жасаған деген деректерді кездестіріп қалып жүрміз. Жалпы, әңгімеміз оқырмандарға түсініктірек болуы үшін осы мектептің қайталап өмірге келуі,  мақсат-мұраты турасында қысқаша тоқтала кетсеңіз.

-Иә, айтуыңыз орынды. Егемендік алған алғашқы жылдары, қазіргі университеттің педагогикалық институт кезінде осындай іс бастау алған болатын. Бірақ экономикалық дамудағы тұрақсыздық пен Қазақстанның егемендік алған жылдарындағы қиындықтардың әсері болар, материалдық қиындықтарға байланысты ол мектептің қызметі ұзаққа бармады. Дегенмен, сол арнаулы мектеп жұмыс жасаған кезде онда оқыған оқушылардың көбі бүгінде мемлекеттік қызметті абыроймен атқарып жүрген, қоғамда өзіндік орны бар тұлғалар болып шыққанын баса айта кеткен жөн.

Мектептің қайта өмірге келуі 2021-2022 оқу жылынан бастау алады. Ол Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университеті КеАҚ басқарма төрағасы, ректоры Идрисов Саламат Нұрмұханұлының бастамасымен облыстағы шалғай елді мекендер мен  ауылдардың дарынды ұл балаларына арналған «Ұстаз» мектеп-интернаты болып ашылды. Мектеп директоры болып жаңашыл ұстаз Қалуова Сәнім Уапқызы тағайындалды. Мектептің миссиясы - шынайы сауаттылық, бұл - өмірді білу, таңдаған мамандықты терең меңгеру, өмірлік сұраныстарға жауап беретін қабілетті тұлғаларды қалыптастыру.

Мектептің мақсаты іскерлік және ғылыми сауаттылық негізінде әр оқушыға кешенді оқу әрекеттерін меңгеруге, оқушылардың қабілетін, міндеттері мен әлеуетін ескере отырып, оқушының жеке тұлғасын қалыптастыру, тәрбиелеу, ойлау қабілеті жоғары студент дайындау болды. Бүгінде мектеп республиканың білім кеңістігінде өзіндік қолтаңбасын қалдырып үлгерді десек қателеспейміз. Аталған білім ұясы қазіргі уақытта облыстағы дарынды балаларға арналған он бір мектептің ішінде үшінші орында тұр. Бұйырса келесі, 2026 жылы мектептің алғашқы түлектері (35 студент) білім ордаларындағы ұстаздық қызметтерін бастайды.

Мектептің бір ерекшелігі - мұнда тек ер балалар ғана 10,11-сыныпқа келіп оқиды. Өйткені, бүгінде республика бойынша ер мұғалімдердің саны өте аз. Жалпы, ер адамның мұғалім болуы ұлттық құндылықтарды сақтап қалуға себепші, ал қазақ зиялыларынан бастау алғанын білесіз. Ыбырай Алтынсарин, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатовтардың арманы сол болатын.

Біздің қазақ халқында мынау өмірден алынған нақыл сөздер көп. Соның бірінде «Баланың бас сабағы - әкенің қас-қабағы» делінгеніндей, мектепте ұлдар тәрбиесіне «Әкелер кеңесінің» ықпалы зор екенін айта кеткенін де жөн. Өзім мектепте «Әкелер кеңесінің» төрағасы болсам, жеті ауданда да осы кеңестің өкілдері бар. Мысалы, Исатай ауданы бойынша «Әкелер кеңесінің» мүшесі, аудандағы өкілі - Зинеден ауылының белсенді азаматы Нығметов Махсот Абатұлы, сондай-ақ басқа аудандарда да өкілдеріміз жұмыс жасайды. Ұрпақ тәрбиесіндегі, соның ішінде ұстаз болам деген баласының тұлғалық қасиеттерін қалыптастыруда әкелердің орны бөлек. Бұл тәжірибе басқа мектептерге үлгі боларлық деп есептейміз.

 

–Биыл аудан әкімдіктерімен арада меморандумдар жасасқандарыңыздан хабарлы болып қалдық. Ондағы басты мақсат не еді?

-Иә, 15 мамыр күні Исатай аудандық әкімдігінің мәжіліс залында аудан әкімі Мусин Нұрым Бекежанұлы және аудандық мәслихат төрағасы Рахметов Аманжол Идеятоллаұлының қатысуымен алғашқы болып университет пен Исатай аудандық әкімдігі арасында меморандумға қол қойылды.

Онда аудан бойынша ер мұғалімдер санатын көтеру және «Дипломмен – ауылға» жобасын облыс-аудан болып шешу мақсатында аудан оқушыларын «Ұстаз» мектебі базасында 10-11 сыныпты жалғастырып, жоғары оқу орны - Атырау университеті арқылы дайындап, жергілікті жердегі мұғалім-маман тапшылығын жоюды екіжақты іс-қимыл арқылы іске асыруды ұсындық. Бұл пилоттық жоба облыс бойынша үш ауданда (Исатай, Индер, Қызылқоға) іске аспақ және оның ауданның білім саласына тигізер пайдасы мен мүмкіндігі өте мол. Еліміздің басқа өңірінен жергілікті емес мұғалім шақыртып, оны тұрақтандырғаннан (оған пәтер, т.б. материалдық шығын шығарғаннан) өз ауылының баласын тәрбиелеп, оқытып, елге мұғалім-тұлға болып оралуы  аудан үшін де, ата-аналары үшін де игілікті іс болары сөзсіз.

Аудандық мәслихат, білім бөлімі, ауылдық округтер арқылы дарынды, өнерлі, талапты ұл балалар анықталып, кейбір әлеуметтік қамқорлықты қажет ететін отбасыларындағы оқушыларды да ескеріп, олар «Ұстаз» мектеп-интернатында 10-11 сыныпты жалғастырса дейміз. Мұнда оқу тегін, бес мезгіл тамақтану, заманауи жатақхана, ҰБТ дайындығы да тегін, Атырау қаласында өтіп жататын мәдени-спорттық шараларға қатысуға да толық мүмкіндік бар. Бұл бала өмірін оң бағытқа  өзгертуге ықпал етері сөзсіз.

 

– Мектеп-интернатта біздің ауданнан да оқып жатқан балалар барын білеміз. Олардың оқу нәтижелері не болып жатыр, қандай жетістіктерге ие болды дегендей сауалдар да мазалайды.

-Иә, Исатай ауданы бойынша 2021-2025 жылдар аралығында әр жылдары 18 оқушы оқыды, оқып жатқандары да бар. Ерекше айта кетер болсақ, мектептің алғашқы түлегі, «Алтын белгі» иегері Елеусинов Бекзат Қанатұлын мақтанышпен айта аламыз. Ол Қожа Ахмет Яссауи атындағы халықаралық университеттің грантын, Атырау университетінің грантын ұтып алса да, Алматыдағы Абай атындағы қазақ ұлттық педагогикалық университетіне (ҚазҰПУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығына грантқа түскен еді, бұйырса келесі жылы бітіріп келеді. Бекзаттың болмысы, ұстаздық тұлғасы мектеп оқушыларының ұстаздық мамандыққа бетбұрыстарын қалыптастырғанын ерекше айта кеткен жөн.

«Ұстаз деген - ұрпаққа барын беру, 

Білімдіден ізгілік жанын көру.

Біздегі болашаққа басты міндет –          

Ұстаз болып ұрпаққа тәлім беру!»

Осы өлең мектеп айнасы секілді кіреберістегі баннерде жазулы тұр.

Х.Ерғалиев ауылынан Қайырлы Балғынбек орыс тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша Атырау университетінде оқып жатыр. Осы тізімде грантқа түскен Жаңбырбай Ерсін, Жұмажан Асылжан, Мұрат Мирас, Сәлімгерей Сәттібек бар.

Исатай ауданынан келген оқушылар бүгінде оқып жатқан мектептің мақтаныштары, ақын Серік Айбат, суретші Миржан Махсот математика пәнін таңдағанына қарамастан, республикалық Фариза оқуларында 35 өлеңді жатқа айтып,  екінші орынды иеленген оқушы.

Мектептің бір ерекшелігі, кейбір мамандықтарға гранттың болмауына қарамастан Атырау университетінің ақылы тобына елу пайыз жеңілдікпен түсуге мүмкіндік бар екендігі. Мысалы, оқу ақысы 500 мың болса, «Ұстазды» бітірген оқушыға университет 50 пайызға жеңілдік береді.

 

-Биыл да негізгі мектепті жүздеген шәкірт тәмамдап жатыр. Оларға не айтар едіңіз?

-Ең алдымен айтарым, Исатай ауданы бойынша кәсіптік бағдар беру жұмысына жауапты болып өзімнің бекітілгенім. Ұстаздық мамандықты ер балдардың көбірек таңдауы дұрыс дер едім. Жастарды қазақстандық зиялылар жүріп өткен жол - үздік дәстүрге сай тәрбиелеу зор мақсат.

Әңгімеміздің соңында айтарым, аудан әкімі Нұрым Бекежанұлының облыс-та осы мектептің бастамасын бірінші болып қолдауы, ұрпақ тәрбиесіне ерекше назар аударғаны – қуантарлық жағдай. Киелі Нарынның наркескені Нұралы ақынның «Артымда ата қоныс таныс дала, Алдымда аты дардай Қамысқала. Қалтамда мыжғыланған қос сарқұлақ, Кеудемде арман менен намыс қана» деген өлең жолдары оқығанға үлкен ой салады. Білімге құштарлық елге сый деп ойлаймын.

Оқушылармен жүргізілген жұмыстар, зиялы қауым өкілдерімен, университет ректоры және ғалымдарымен ұстаздық жолға бағыттау мақсатындағы кездесулер, мамандықтың шыңына жеткен тұлғалар туралы танымдық, тағылымдық шаралар шәкірттердің ұстаздық жолды таңдауына оң бағыт беріп келеді деп толық айта аламын. Жалпы, «Ұстаз» мектеп-интернаты – ұстаздықты ұлықтаған ұя десе болады, сол мақсаттағы жұмысымыз жемісті бола түседі деген сенімдеміз.

 

-Әңгімеңізге рахмет. Еңбектеріңіз жана берсін!

 

Сұхбаттасқан:

Жоламан  ДӘУЛЕТИЯР

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT