Ұстазым менің, ұстазым...

 

2023 жылға дейін Ұстаздар күні қазан айының бірінші жексенбісінде атап өтіліп жүрді. Тек сол кезден бастап бұл мереке елімізде әлемнің 100-ден астам елінде атап өтілетін Дүниежүзілік мұғалімдер күнімен бір күнде тойланатын болды. Ал Дүниежүзілік мұғалімдер күні алғаш рет 1994 жылы 5 қазанда атап өтілген екен. Енді міне, сол мерекелі күн де таяды. 

Ұстаз... Жалпы, ұстаз мәртебесінің артуы ең алдымен ұстаз деген атқа қаншалықты лайық болуына байланысты. Бүгінгі жаңа дәуірдің, жаңарған білімнің мұғалімге қояр талабының жүгі ауыр.  Олар үлгі боларлық бар жақсылық атаулының ең биігінен көрінуге тиіс. «Жақсы адам – Алланың нұры» дейді. Жақсылық атаулыны ішкі жан дүниесімен қабылдап, өз бойындағы сезімді, берік қалыптасқан көзқарасты оқушы бойына дарыта білетін, жасампаздық пен шығармашылық, өз-өзіне сенімділік пен сабырлылық, табандылық пен төзімділік сияқты мінез-құлық ерекшеленетін, сондай-ақ өзгелерге қолдау көрсете білетін, мейірім шуағын төгіп тұратын  ұстаз – нағыз ұстаз.  

Білім нәрімен сусындатып, үлкен өмірге қанаттандыруға сүбелі үлес қосатын ұлағатты ұстаздардың бейнесі еш ұмытылмайды, еңбегі ескерусіз қалмайды. Себебі ұстаздың есімі ғана емес, қызметі де ұлы. «Мұғалім мамандығы – барлық мамандықтың анасы» дегендей, жер жүзінде барлық адам ұстаздан тәлім-тәрбие алып барып, болашаққа қанат қағады. Ең мықты мамандық иегерінің де үйретушісі, әріп танытушысы – мұғалім. Сондықтан ­ Ыбырай Алтынсарин айтпақшы «Мұғалім – бәрінен қымбат».

Осындайда «Мұғалім – мамандық иесі, ұстаз – қасиет иесі» деп келетін сөз де ойға оралады. Қай кезде болсын ұстазға деген құрмет ерекше болған. Әйгілі Мағжан Жұмабаев ұстазға деген құрметті «Алты Алаштың баласы бас қосса, төр мұғалімдікі» деп бағалаған екен. Мұның бір-ақ себебі бар, ұстазды құрметтеу – білімді құрметтеу. Ұстазын қадірлемеген, білімді сыйламаған адам болашақта белестерді бағындырып, асуларды ала алмасы анық, ғылымда да үздік нәтижеге қол жеткізуі екіталай болмақ. Біздің үлкен-кішіміздің, басшы-қосшымыздың ұстазды ұмытпай, оған лайым алғыс арнай жүруімізге де басты себепші сол жағдай.

Тіпті, халқымыздың бетке ұстар тұлғалары да өле-өлгенінше өз ұстаздарына алғысын айтып, оларды сыйлаған екен. Мәселен, Абылай хан – Төле биді, Шәкәрім – Абайды, Жамбыл  Сүйінбайды өзіне ақылшы санап, олардың ұстаздық жолда төккен терін бірі өлеңіне қосып, бірі әңгімесінде айтып, лайықты құрметін көрсете жүрген. Жалпы, ұстаз адамзатты тәрбиелеуші десек те артығы жоқ. Бұған ұстаз атауы әлемнің түкпір-түкпірінде құрметті болуы да дәйекті дәлел дейміз. Осы ретте тек қазақтың ақын-жазушылары, жалпы зиялылары ғана емес, дүниедегі өзге де елдердің танылған тұлғалары өмірге үлкен жол көрсетіп, бағыт сілтеген мұғалімдеріне алғыс айта білген. Мысалы, Ескендір Зұлқарнайын өз ұстазын «Мен ұстазыма әкемнен кем қарыз емеспін. Әкемнен өмірді алсам, Аристотельден сол өмірге керектінің бәрін алдым» деп бір-ақ ауыз сөзбен ұстазының өз өмірінде қандай рөл атқарғанын айтып өткенін айтсақ та жеткілікті деп есептеймін.

 

Жоламан ДӘУЛЕТИЯР, 

«Нарын таңы» газеті бас редактордың  орынбасары, жауапты-хатшы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT