Хамит Ерғалиев ауылында су тазарту-тарату нысаны күрделі жөндеуден өтіп, толықтай пайдалануға берілді. Қайта жаңғыртылған су нысаны – Қамысқала ауылдық округіндегі 680 тұрғын үйді таза ауыз сумен қамтамасыз ететін маңызды нысан.
Жаңартылған су жүйесінің жұмысымен танысу үшін аудан әкімі Нұрым Мусин, аудан әкімінің орынбасары Нұрберген Утегенов, Х.Ерғалиев ауылының әкімі Рафиғат Тажиденова және аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Ерболат Махашов арнайы нысанға барып, атқарылған жұмыстарды көзбен көрді.
Жөндеу барысында ауылдағы су мұнарасы толық жаңартылып, су құбыры жүйесінің ғимараттары қайта жөндеуден өткен. Ауыл ішіндегі құдықтарда орналасқан өрт гидранттары мен су реттегіш құбыр бұрандалары алмастырылып, бетон қоршаудың кей бөлігі ауыстырылған. Сонымен қатар Аққыстау ауылынан Х.Ерғалиев ауылына тартылған магистральды су көзіне электр желісі жүргізіліп, арнайы трансформатор мен контейнер орнатылды. Су құбырлары заманауи пластик құбырларға ауыстырылып, беткі қабатқа шығарылған. Сондай-ақ су есептеу жүйесі жаңартылып, Германиядан әкелінген электронды задвижка мен электронды магниттік шығын өлшегіш орнатылған.
Жаңғырту жұмыстары аясында су нысанына қашықтан басқарылатын «SCADA» бағдарламасы енгізілді. Бұл жүйе нысанның жұмысын автоматтандыруға, ақауларды алдын ала анықтауға және судың тиімді пайдаланылуын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Айта кетерлігі, жөндеу жұмыстары жүргізілген уақытта ауылға су беру толық тоқтатылған жоқ. Су жүйесі тек кей кезеңдерде ғана шектелгенімен, тұрғындар ауыз сусыз қалмады.
Аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімінің басшысы Ерболат Махашов барлық жұмыстар жобалық-сметалық құжаттамаға сай жүргізілгенін атап өтті. Оның айтуынша, бүгінде жаңартылған су құбыры толық іске қосылып, ауыл тұрғындары сапалы ауыз суға тұрақты түрде қол жеткізіп отыр. Қазіргі таңда қыста тәулігіне 200 текше метр су берілсе, жаз мезгілінде бұл көрсеткіш 500 текше метрге дейін артады.
Жөндеу жұмыстарына 188 651,4 мың теңге бөлініп, құрылыс жұмыстарын «ГеоЛайн» ЖШС мердігер мекемесі жүзеге асырған. Кәсіпорын өкілі Бақытжан Кужбанов «SCADA» бағдарламасының тиімділігін таныстырып, оның ерекшеліктері туралы ақпарат берді. Жаңартылған су құбыры нысанын «Атырау облысы Су арнасы» КМК өтеусіз пайдалануға алды. Бұл ауылдағы ауыз су жүйесінің тұрақтылығын қамтамасыз етіп, тұрғындарға сапалы әрі үздіксіз су жеткізуге мүмкіндік береді.
Нысанның жұмысымен танысқан аудан әкімі Нұрым Мусин жүргізілген жөндеу жұмыстарына қанағаттанатынын білдіріп, бұл жобаның ауыл тұрғындары үшін маңыздылығын атап өтті. Ол су жүйесінің жаңғыртылуы елді мекендердің инфрақұрылымын жақсартуға бағытталған игі бастамалардың бірі екенін айтып, атқарылған жұмыстардың сапасына оң бағасын берді.
Жайна МӘЛІМҚОЖА,
Суреттер автордікі