Су мәселесін шешу – кез келген мемлекет үшін стратегиялық маңызы бар міндет. Су – тіршілік көзі ғана емес, экономиканың, ауыл шаруашылығының, өнеркәсіптің және қоғамдық өмірдің іргетасы. Сондықтан су тапшылығын болдырмау, оны тиімді пайдалану және қорғай білу – әлеуметтік тұрақтылықты сақтаудың шешуші факторы. Егер су жүйелі түрде әрі әділ бөлінсе, халықтың күнделікті тұрмыс-тіршілігі жеңілдеп, ел ішінде тұрақтылық пен сенім артады.
Су ресурстарын басқарудағы тиімді шаралар халықтың өмір сапасының артуына тікелей ықпал етеді. Таза ауызсуға қолжетімділік денсаулықты нығайтып, тұрмыстық жағдайды жақсартады, ал ауыл шаруашылығындағы су тапшылығының азаюы өнімділікті айтарлықтай арттырады. Өнеркәсіп пен өңдеу секторлары үшін тұрақты су жүйесі – өндірістің үздіксіз жүруінің кепілі. Бұл өз кезегінде экономикалық өсімді қамтамасыз етіп, жаңа жұмыс орындарының ашылуына ықпал етеді.
Сонымен қатар, су ресурстарын тиімді басқару ұлттық қауіпсіздіктің аса маңызды құрамдас бөлігі болып саналады. Өйткені трансшекаралық өзендер, климаттың өзгеруі және су тапшылығы мәселелері кейде мемлекетаралық қатынастарға да әсер етеді. Сондықтан су саласын кешенді түрде дамыту, заманауи технологияларды енгізу, су үнемдеу мәдениетін қалыптастыру және инфрақұрылымды жаңғырту — уақыт талабы.
Осы бағыттағы жүйелі жұмыс еліміздің ұзақ мерзімді тұрақты дамуының негізін қалайды. Су ресурстарын дұрыс игеріп, оны ұқыпты басқару – болашақ ұрпақтың игілігі үшін жасалатын маңызды қадам.
Ерлан МАХСОТОВ,
Жанбай ауылдық округінің әкімі


