Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында көтерілген басты мәселелердің бірі – су ресурстарын тиімді пайдалану. Президентіміздің бұл бағыттағы нақты тапсырмалары біздің сала үшін бағдаршам іспетті. Себебі су – тек тұрмыстық қажеттілік қана емес, ол ауыл шаруашылығының да, өндірістің де, жалпы халықтың тұрмыс-тіршілігінің де басты өзегі.
Жолдауда айтылғандай, су ресурстарын басқаруды цифрландыру – уақыт талабы. Бірыңғай цифрлық платформаның құрылуы су айналымын қадағалауды жеңілдетіп қана қоймай, шығынды азайтып, әрбір тамшы судың дұрыс әрі әділ бөлінуіне мүмкіндік береді. Бұл әсіресе біздің өңір үшін аса маңызды. Себебі Атырау облысы, соның ішінде Исатай ауданы да – суы тапшы, табиғаты қуаң аймақ.
«Атырау облысы Су Арнасы» КМК-ның Исатай аудандық филиалы соңғы жылдары су құбырларын кезең-кезеңімен жөндеу, жаңа желілер тарту, апаттық жағдайлардың алдын алу бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіп келеді. Дегенмен, халық санының өсуі мен тұрмыстық сұраныстың артуына байланысты жаңа жобаларды жүзеге асыру қажеттігі айқын сезілуде. Осы ретте мемлекет тарапынан жасалып жатқан қолдау біз үшін зор мүмкіндік.
Президентіміз кәсіби мамандар даярлау мәселесін де ерекше атап өтті. Бұл – өте орынды. Себебі су шаруашылығында жаңа технологияны меңгерген, цифрлық жүйелермен жұмыс істей алатын инженерлер мен операторларға деген сұраныс күн сайын артып келеді. Сондықтан біз жас мамандарды тартуға, оларды тәжірибеден өткізіп, үйретуге баса мән береміз.
Су мәселесін шешу – тек инженерлер мен мекемелердің ғана жұмысы емес, ол барша қоғамға ортақ міндет. Әрбір азамат суды үнемдеп пайдалануға, оны қадірлеуге дағдыланса, біздің еңбегіміз де нәтижелі болмақ.
Президенттің «Су мәселесін шешу – ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ететін басты фактордың бірі» деген сөзі бәрімізге үлкен жауапкершілік жүктейді. Біз де өз кезегімізде аудан халқын сапалы ауыз сумен үздіксіз қамтамасыз ету үшін барлық күш-жігерімізді жұмсаймыз. Бұл – біздің басты міндетіміз әрі азаматтық парызымыз.
Артур КИБАШЕВ,
Исатай ауданы бойынша
«Атырау облысы Су Арнасы» КМК
қызмет бастығы