«СУ ТАСҚЫНЫНА БЕЙЖАЙ ҚАРАМАУ КЕРЕК» дейді аққыстаулық қос зейнеткер

Өткен аптада аудан әкімдігінің ұйымдастыруымен жаппай сенбілік өтіп, үш күнге созылған еді. Сенбілікте «еңбектеген баладан, еңкейген қартқа» дейін ұйымшылдықпен жұмыла кірісіп жүрді.

 Соның ішінде қаптарды топырақпен толтырып, бөгет соғу жұмыстарына көмектескен ата мен әже  жастарға үлгі бола отыра, көпшілікті сүйсінтті. Олар – Аққыстау ауылының 82 жастағы Есенгелді Отаров пен 79 жастағы Мақпал Отарова есімді  мерейлі отбасылардың бірі. Қазіргі таңда екеуі де зейнеткер екен.

Шаңырақ иелері тасқын су қаупі төнгенін ести сала, кішкене болса да ауылымыз үшін септігіміз тисін деген мақсатта  көмектесуге шешім қабылдағанын айтты.

-«Қазірдің өзінде біраз жасқа келіп қалдық. Біздің қолымыздан келетіні құм толтыруға қапшықтарды жедел дайындау, қап аузын буып,байлап отыру ғана. Табиғаттың тосын мінезін болжап білу мүмкін емес, осы жасыма дейін мұндайдың талайын көрдік ғой. Сондықтан су тасқынына алдын  ала дайындалып, оған бейжай қарамау керек»,-деді 82 жастағы қария.

Осылайша, көпті көрген қарияларымыз белін шарт түйіп, жағалаудағы бөгетті нығайтып жатқан ауылдастарына көмекке ұмтылды. Жасы ұлғайса да, ауылдастарынан қалмай, тасқынға қарсы күреске кіріскені көпке үлгі.

 

Сағыныш  Қайыр

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521