СЫБАЙЛАСТЫҚТАН САҚ БОЛАЙЫҚ!

сурет ғаламтордан

 

Бүгінгі таңда қоғамды жайлаған ең өзекті мәселелердің бірі – жемқорлық. Бұл індет тек бір елдің емес, бүкіл әлемнің қауіп-қатері ретінде танылып отыр. Өкінішке қарай, әділетсіздік пен парақорлық – адамзаттың дамуына тұсау болатын аса қауіпті кесел.

Мұндай жағдай елдің болашағына, халықтың сеніміне сызат түсіреді. Осыған байланысты Қазақстан Республикасында «Жемқорлыққа қарсы күрес туралы» жаңа заң қабылданып, еліміздің құқықтық жүйесіне бірқатар маңызды өзгерістер енгізілді. Заң аясында жемқорлыққа қарсы жауапкершілік күшейтіліп, ауыр құқық бұзушылық жасағандарға қатысты қатаң шаралар қарастырылды. Енді пара алған немесе пара берген азаматтар тек қылмыстық жазаға тартылып қана қоймай, мүлкі тәркіленіп, өмір бойына мемлекеттік қызметтен шеттетіледі. Бұл – мемлекет тарапынан жасалып отырған батыл қадам. 

Аталған заңнамалық жаңашылдықтарды жүзеге асыру үшін арнайы мемлекеттік орган – Жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы құрылды. Оның басты мақсаты – қоғамдағы жемқорлықтың тамырына балта шабу. Бұл мекеме тек қылмыскерді анықтап, жаза тағайындаумен шектелмейді. Ол сонымен қатар, алдын алу, түсіндіру, қоғамда заңға деген сенімді арттыру бағытында жүйелі жұмыс жүргізеді. Бұқаралық ақпарат құралдары, журналистер мен медиа саласы өкілдері де бұл күресте шет қалмауы тиіс. Жемқорлықпен күресті тек заңмен шектеуге болмайды – ол әр азаматтың сана-сезімінен басталуы керек. Осы бағытта нақты мысалдар арқылы халыққа түсінікті, әсерлі түрде жеткізу – бүгінгі ақпарат кеңістігінің үлкен міндеті. 

Көрнекі жағдайлар мен шынайы оқиғалар негізінде жасалған жарияланымдар адамдардың көзқарасын өзгертіп, бейжай қарамауға тәрбиелейді. Сонымен қатар заңнамада бірқатар шектеулер нақты көрсетілген. Мәселен, жемқорлық дерегімен жұмыстан шығарылған азаматтар енді өмір бойына мемлекеттік қызметте кез келген лауазымды иелене алмайды. Бұл – мемлекет сенімін ақтай алмаған азаматтарға екінші мүмкіндік бермеу деген сөз. Ал лауазым иелері мен оларға теңестірілген тұлғалар заңнан тыс әрекет еткен жағдайда, барлық артықшылықтарынан айырылады. Жемқорлық – тек бір адамның немесе бір саланың күресі емес. Бұл – бүкіл халық болып жұмылатын, әрбірімізден әділдік пен адалдықты талап ететін күрделі процесс. Егер әр азамат өз ісіне заң талабы тұрғысынан қарап, «былай істей салайын» деген ымырашылдықтан бас тартса – біз жеңеміз. Еліміздің ертеңі жарқын болсын десек, осы індетпен бірлесе күресіп, адалдықты ту етуіміз керек.

 

Ерлан МАХСОТОВ,
Жанбай ауылдық округінің әкімі 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT