Еліміздің Оқу-ағарту министрінің бұйрығына сәйкес Республика бойынша барлық мектептерде оқу мерзімі 25-мамырда аяқталды. Соның бірі Аққыстау орта мектеп түлектерінің қатысуымен "Мектебім, саған мың алғыс" атты соңғы қоңырау салтанатты жиыны өтті деп хабарлайды "Naryn tany" газеті.
Оған ардагер ұстаздар, педагогтар, бастауыш сынып оқушылары, ата-аналар, 20 жыл бұрын мектеп бітірген түлектер жиналды. Салтанатты шараның шымылдығы еліміздің Әнұранымен ашылды.
Одан кейін Исатай аудан әкімі Нұрым Мусин оқушылар мен ұстаздарды мерекелерімен құттықтап, мектеп бітіруші түлектерге ақ тілегін жеткізді.
-Құрметті мектеп бітіруші түлектер, ұстаздар, ата-аналар! Биыл еліміз бойынша Оқу-ағарту министрінің бұйрығымен 24-мамыр 1-10 сынып оқушыларына "Білімім -отаныма" тақырыбында сынып сағаты өткен болатын. Ал бүгін түлектердің қатысуымен "Мектебім, саған мың алғыс" салтанатты іс-шарасы өткізіліп отыр.Бұл 11 жыл бойы тәлім-тәрбие берген ұстаздардың еңбегінің жемісі болып саналатын жас түлектердің мектеп қабырғасынан шығып, үлкен өмірге қадам басардағы қуанышты күні. Бұл-алтын мектебін бітіріп, қияға қанат қағатын, жастар үшін ең қымбат, ең қимас, ең ұмытылмас жүрек тебірентерлік күн. Яғни бүгін 11 жыл оқыған алтын ұя мектептеріңізбен, білім нәрімен сусындатқан ұстаздарыңызбен, қоштасқалы тұрсыздар. Биыл оқу жылын ауданымыз бойынша 267 оқушы аяқтағалы отыр.Оның 244-і ұлттық бірыңғай тестіге қатысып, өз бақтарын сынамақшы. Соған қоса, мектеп бітіруші түлектеріміз ішінен 10 оқушымыз «Алтын белгі», 9 оқушымыз «Үздік аттестатқа» үміткер болып отыр.
Түлектер, үкілеген ата-ана үмітін ақтап, алдағы ұлттық бірыңғай тест мен емтиханда жақсы көрсеткіштерге жетулеріңізге шын жүректен тілектеспін!-деді ол.
Келесі сөз кезегін алған Аққыстау орта мектебінің директоры Тамара Халенова түлектер мен ұстаздарды оқу жылының аяқталуымен құттықтап, білім шаңырағының мәртебесін көтеріп жүрген шәкірттер – республикалық, облыстық, аудандық түрлі байқаулар мен пән олимпиадаларының жеңімпаздары мен жүлдегерлерін марапаттаумен бастады.
Осы тұста марапат легін жалғастырған аудандық білім бөлімінің басшысы Гүлайна Құрманғалиева да құттықтау сөз сөйлеп, биылғы оқу жылын жақсы жетістіктерімен аяқтаған түлектерді дипломмен, алғыс хаттармен ұлығылады.
Сондай-ақ салтанатты жиында сөз сөйлеген бұдан 20жыл мектеп бітірген түлектерде өздерінің шынайы ізгі тілектерімен бөлісті.
Салтанатты шарада түлектер дайындаған вальс ұсынылып, ортада дөңгеленген құшақ биі биленді. Қияға қанат қаққалы отырған түлектер күміс қоңырауды сыңғырлата, соңғы рет соқты.
Айта кетейік, Аққыстау орта мектебі бойынша 47 түлек мектеп тәмамдады.Оның ішінде 4 оқушы "Алтын белгіге" және 4 оқушы "Үздік аттестатқа" үміткер.
Сағыныш Қайыр