Елдің еңсесін биіктетіп, рухын асқақ ететін – адам капиталы. Ал ел дамуының өзегі – білімді, мәдениетті, саналы, патриоттық сезімді ұрпақ тәрбиелеу. Мұндай мақсатқа жету жолында қоғамдағы әйел-аналардың орны ерекше. Сол себепті ауданымызда ұлт болашағына бағытталған іс-шаралар жүйелі түрде өткізіліп, көрініс тауып келеді. Соның бірі – сейсенбі күні өткен аудандық ішкі саясат және тілдерді дамыту бөлімінің әлеуметтік тапсырысы негізінде ұйымдастырылған «Мықты отбасы – мықты мемлекеттің кепілі» атты семинар-тренинг болатын.

Бұл басқосу қыз-келіншектер мен аналардың қоғамдағы белсенділігін арттырып, жеке дамуына серпін беруді мақсат етті. Шара аясында ауданның кәсіпкер қыз-келіншектердің өз қолдарымен жасаған тәттілері мен бұйымдары көрмеге қойылып, көпшілігі тамашалап, тіпті қызығушылық танытқан жандар саудасын қыздырды. Семинардың алғашқы бөлімінде қатысушылар үш түрлі бағыттағы спикерлерді тыңдады.

Олардың бірі аудандық отбасын қолдау орталығының психологі Ботакөз Ибрайым, қолөнер шебері, «Gulia_collection» брендін қалаушы Гүларай Атоллаева және «Нұр-Айым» балаларды дамыту орталығы мен «Несібелі ана» ана мен бала орталығының логопед-дефектологі Назерке Шамиева өз бағыттарындағы тәжірибесімен бөлісті.

Кейін семинар «Қаржылық сауаттылық» тақырыбымен жалғасты. Бұл бағытта қаржылық сарапшы Ақан Қайырғали жеке қаржыны тиімді басқарудың маңыздылығын түсіндірді. Сондай-ақ «Ai-ana» қоғамдық бірлестігінің мүшесі Айгүл Сансызбайқызы отбасы мен қоғам арасындағы байланыс-ты сақтау жөнінде ой қозғап, әйелдің рухани, мәдени және азаматтық белсенділігін арттыру жолдарын сипаттады. Ал Қазақстан іскер әйелдер қауымдастығының мүшесі, Атыраудағы «Қарақат» мектеп-студиясының директоры Эльвира Батырқызы ата-ананың бала өміріндегі тәрбиелік рөліне тоқталып, жастардың рухани тәрбиесі мен мәдени дамуына мән берді.
– Осындай семинарлар – қазіргі қоғамда әйелдің әлеуетін арттыруға бағытталған нақты қадам. Ішкі саясат бөліміне және ұйымдастырушыларға алғыс білдіремін. Мұндай игі шараларға қолдау көрсету – бәріміздің ортақ парызымыз,- деді ол.
Келесі кезекте көпшіліктің қошеметіне бөленген аталмыш шараның спикері атанған жерлесіміз, көп балалы ана, блогер әрі кәсіпкер Руфина Жұмабаева өмір салтын жаңғырту мен тұлғалық даму бағытындағы өзгерісті сөз етті.

– Таңғы тұрақты әдеттерім арқылы өзімді жан-жақты дамытудамын. Рухани, физикалық және интеллектуалды тұрғыда дамуға тырысамын. Әйел адам үшін үздіксіз даму мен білім алу – өзіне жасаған ең үлкен сый. Ал бүгінгі күнмен 273 күн бойы өмір салтын тұрақты түрде дамытып келемін, – деді ол қуанған кейіппен.
Осылайша семинарға қатысқан топ адамның ішінен өзіндік пікірін білдірген қатысушы, дефектолог маман Қарлығаш Салауатқызы шараның жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын тілге тиек етті.
– Жалпы, керемет, рухани, заманауи әрі жан-жақты семинар болды. Алар нәрсеміз көп, түйер ойымыз молынан болды. Біраз тәжірибе де, кеңес те алдық. Әсіресе, дефектология секциясы бойынша өткізіп отырған әріптесім, білікті маман Назерке ханымның жұмысын жоғары бағалаймын. Қазіргі қоғамның басты мәселесіне айналған балалардың түрлі бұзылыстары мен олардың алдын алу жолдарын керемет жеткізіп, түсінікті тілмен баяндап, пайдалы мағлұматтармен бөлісті, – деген еді ол бізбен болған әңгімесінде.

Қарлығаш Салауатқызының айтуынша, мұндай мазмұнды шаралар мамандардың тәжірибе алмасуына, білімін жетілдіруге үлкен мүмкіндік береді.
– Осындай жоғары деңгейде ұйымдастырылған семинарлар мен тренингтер көбірек болып тұрса, оған халықтың да көбірек қатысуы қамтамасыз етілсе жақсы болар еді. Өзім де маман ретінде, мұндай шаралар көп болса, балалардың денсаулығы жақсарып, олардың сау болып өмірге келуіне бірден-бір себеп болады деп сенемін, – дейді ол.
Семинар-тренингті аудан әкімі Нұрым Мусин қорытындылап, шараның маңыздылығына тоқталды. Әкім өз кезегінде спикерлер мен белсенді қатысушыларға алғыс айтып, арнайы сыйлықтар табыстады. Сонымен қатар ауданның үлгілі отбасылары мен жаңадан шаңырақ көтерген жас жұбайларға аудан әкімдігі мен жастар орталығы атынан естелік сыйлықтар ұсынылды.
Мұндай мазмұнды кездесулер елдің дамуына үлес қосып жүрген әйел азаматтардың әлеуетін арттырып, қоғамның рухани жаңғыруына жол ашары сөзсіз.
Сағыныш ҚАЙЫР

